Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен серіктес ұйым өкілдері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастыруымен «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» атты кеңейтілген алқа отырысына қатысты.
Ауқымды іс-шара Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті базасында өткізілді.
Алқа отырысына еліміздің жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысып, жоғары білім мен ғылым саласын цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізу мәселелері талқыланды.
Іс-шара аясында республикалық деңгейдегі ғылыми жобалар көрмесі ұйымдастырылып, еліміздің үздік ғылыми әзірлемелері таныстырылды. Қызылорда облысынан барған ғалымдар BR21882415 бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру жобасы бойынша жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынды.

Жобаның тақырыбы – «Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында мал азықтық дақылдары мен ағаш екпелерін суару үшін ағынды суларды қауіпсіз утилизациялау технологиясын әзірлеу». Зерттеу жұмысы өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған және ауыл шаруашылығы саласында суды тиімді әрі экологиялық қауіпсіз пайдаланудың ғылыми негізделген тетіктерін ұсынады.
Жоба нәтижелері қатысушылар тарапынан жоғары бағаланып, су ресурстары шектеулі аймақтар үшін тиімді, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі экономикалық жағынан негізделген шешім ретінде танылды. Бұл бастама өңірдегі аграрлық сектордың тұрақты дамуына және су ресурстарын ұтымды басқаруға өз үлесін қосады.
Бүгінде университет ғалымдары су ресурстарын тиімді пайдалану, цифрлық технологияларды енгізу және ғылыми жаңалықтарды өндіріске трансферттеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Алқа отырысында көтерілген бастамалар ғылым мен білімнің интеграциясын күшейтіп, отандық ғылыми әлеуеттің жаңа деңгейге көтерілуіне серпін берері сөзсіз.
