Kyzylorda-news.kz Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында 3–16 шілде аралығында «Seminar on Digital Capacity Building for Developing Countries» атты халықаралық семинар өтті.
Білім беру бағдарламасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер, сондай-ақ Латын Америкасы мен Кариб аралдары (Антиль аралдары) дамушы елдердің жоғары оқу орындары, мемлекеттік ұйымдары және кәсіпорындары қызметкерлерінің цифрлық құзыреттерін дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейтуге және мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Халықаралық семинарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жас ғалымдары – «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, PhD Ақсәуле Олжабаева, Инфрақұрылымдық шешімдер басқармасының маманы, магистр Ұлжан Юлдашева және «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының бас ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Нұрғали Ақылбеков қатысып, тәжірибе алмасты.

«Семинар аясында ұйымдастырылған ғылыми-танымдық сапарлар бізге Қытайдың инновациялық даму тәжірибесін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік берді. Хуаншань, Уху және Хэфэй қалаларындағы жоғары технологиялық өндіріс орындарын аралап, электроника, робототехника, жеңіл көлік жасау және байланыс технологиялары салаларындағы озық шешімдермен таныстық. Бұл тәжірибе ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығының маңызын айқындап қана қоймай, цифрлық технологияларды білім беру мен ғылыми зерттеулерге тиімді енгізудің жаңа бағыттарын көрсетті. Алдағы уақытта семинар барысында жинақтаған тәжірибемізді университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білім беру үдерісінде пайдаланып, халықаралық әріптестік аясындағы бірлескен жобаларды дамытуға үлес қосамыз деп сенемін»,- деді Нұрғали Ақылбеков.
Айта кетейік, семинарға Қазақстан, Әзербайжан, Барбадос, Эфиопия, Гренада, Гайана, Кения, Руанда және Оңтүстік Африка Республикасынан келген ғалымдар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысып, өзара тәжірибе алмасып, ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.


