Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттері халықаралық білім беру кеңістігінде тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Университеттің «Шетел тілі: екі шетел тілі (ағылшын, корей тілдері)» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Korea Foundation ұйымының «Global e-School» халықаралық жобасы аясындағы оқу курсын сәтті аяқтады.

Аталған бағдарлама шеңберінде студенттер «Корея қоғамы және халықаралық қатынастар / Korean Society and International Relations» пәнін меңгерді. Дәрістерді онлайн Кеймен университетінің профессоры Чагри Эрдем жүргізді. Үш кредиттік толық курс барысында білім алушылар Корея қоғамының даму ерекшеліктері, саяси жүйесі және халықаралық қатынастардағы рөлі туралы терең мағлұмат алды.

Курс соңында студенттер қорытынды тест тапсырып, өз білім деңгейлерін дәлелдеді. Нәтижесінде Кореядан арнайы жіберілген халықаралық сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Бұл сертификаттар – студенттердің жаһандық білім беру талаптарына сай дайындықтан өткенін айқындайтын маңызды құжат.

Жобаның табысты жүзеге асуына университеттің Халықаралық жобалар мен стипендиялар тобының жетекшісі Темірболат Кеншінбай мен Шетел тілдері және аударма білім бағдарламасы тобының аға оқытушысы Ұлжан Бекназарова зор үлес қосты.

Аталған бастама – университеттің халықаралық серіктестікті нығайту, білім сапасын арттыру және студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының нақты көрінісі. Осындай жобалар арқылы болашақ мамандар шетелдік тәжірибе жинақтап, көпмәдениетті ортада кәсіби бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

Тағы да оқыңыз: