Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде АҚШ елшілігі өкілдерімен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту және тереңдетуге бағытталған кездесу өтті. Биыл өзара түсіністік туралы Меморандумға (MOU) қол қойылғанына 10 жыл толып отыр. Университеттің Басқарма төрағасы-Ректоры Наурызбай Байқадамов мәртебелі меймандарға Сыр өңірінің басты білім беру ордасының әлеуетін таныстырды. Елшілік өкілдері университет ұжымына белсенді әріптестік, мамандардың кәсібилігі және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында студенттердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға бағытталған «New Access Program» бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар, тілдік емес мамандықтарда, оның ішінде STEM бағыттарында білім алып жатқан студенттерге арналған «English Access Program» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Жоба аясында кәсіби терминологияны меңгеруге және академиялық ағылшын тілін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қорқыт ата университеті Қазақстан бойынша пилоттық жобаға таңдалған алғашқы жоғары оқу орны.
Кездесуде жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнату және студенттерді нақты компаниялардың талаптарына сай даярлау мәселесі де қозғалды. 2–3 курс студенттері бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне (Job Fair) қатысып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады.
Бағдарлама аясында жастардың азаматтық құндылықтарын қалыптастыру мақсатында волонтерлік бастамаларды дамыту көзделген. Бағдарлама түлектеріне Alumni сертификаттары табысталады.
