Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ұлттық Құрылтайдың мүшесі, белгілі ақын Светқали Нұржанмен шығармашылық кездесу өтті.
Кездесуге зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы, басқа өңірлерден келген қонақтар, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева сөз сөйлеп, ақынның қазақ руханиятына қосқан зор еңбегін атап өтіп, университеттің ең жоғары марапаты «Қорқыт Ата атындағы Алтын медальді» табыстады.
Светқали Нұржан – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ел руханиятына ерекше серпін берген қаламгер. Оның «Аруана», «Ай таранған түн», «Таңның лағыл жұлдызы», «Жұлдыздардың жұпары», «Сарыайшықтың көзесі» атты жыр жинақтары – қазақ поэзиясының інжу-маржандары саналады. Сондай-ақ, ақын Генрих Гейне, Еуропа поэзиясы мен «Қырық хикмет» секілді әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударған талантты тәржімашы ретінде де кеңінен танымал.
Қаламгердің әдеби еңбегі жоғары бағаланып, ол 1996 жылы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, 2017 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды. Сонымен қатар, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының және Президенттік стипендияның лауреаты.
Кездесу барысында студенттер өздері шығарған өлеңдерін оқып, Светқали Нұржанның авторлық әнін орындады. Шығармашылық кеш жыр мен рухтың, сөз бен сырдың тоғысқан ерекше сәтіне айналды.
Светқали Нұржан қатысушылармен еркін сұқбат құрып, олардың сұрақтарына жауап берді. Бұл жүздесу – ұлт рухының биігін дәріптеген, жастарға шабыт пен рухани қуат сыйлаған мәнді кездесу болды.

