Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде БҰҰ-Әйелдер ұйымының Орталық Азия бойынша байланыс кеңсесінің басшысы, Қазақстандағы Өкілдігінің жетекшісі Джерен Гювеннің қатысуымен «Әйелдер мен қыздардың әділдікке тең қол жеткізуі: онлайн және офлайн кеңістікте» тақырыбында панельдік дискуссия өтті.

Кездесуді Басқарма төрағасы–Ректор Наурызбай Байқадамов ашып, университеттің жетістіктері мен әйелдердің білім мен ғылымдағы рөлін атап өтті. Қазіргі таңда оқу орнында 1047 қызметкер еңбек етсе, оның 726-сы, яғни 70%-ы – әйелдер. Ал 11 мыңнан астам студенттің 7533-ін (65%) қыздар құрайды.

«Бұл көрсеткіштер әйелдердің кәсіби және академиялық кеңістіктегі белсенділігін, олардың ғылым мен білімдегі әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Біздің қыздарымыз тек білімде ғана емес, спортта да табысқа жетіп келеді. Университетімізде 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 13 ҚР спорт шебері және 21 спорт шеберлігіне кандидат білім алуда», – деді ректор.

Өз кезегінде Джерен Гювен университетпен алдағы уақытта бірлесіп, академиялық бағытта серіктестік орнатуға ниетті екенін атап өтті. Ол Қызылордадағы алғашқы серіктес ретінде Қорқыт ата университетімен жұмыс жасауға қызығушылық білдірді.

Дискуссия барысында Джерен Гювен «Серіктестік пен ықпал арқылы гендерлік теңдікті ілгерлету» тақырыбында баяндама жасап, БҰҰ Әйелдер құрылымының Еуропа және Орта Азия бойынша 18 ел мен аумақты қолдайтынын, сондай-ақ гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Қорқыт ата университетінде «Әйелдер мен қыздардың әділдікке тең қол жеткізуі» тақырыбында панельдік дискуссия өтті 1.jpg

Іс-шара аясында Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнура Бурибаева университеттегі ғылыммен айналысып жүрген әйелдердің жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылы ректор грантын иеленген 20 адамның 15-і нәзік жанды, ал орындалып жатқан 23 ғылыми жобаның 60%-ында қыз-келіншектер жұмыс істейді.

Панельдік пікірталаста Құқықтану білім беру бағдарламасы бойынша аға оқытушы, заң ғылымдарының кандидаты Ляззат Қаржаубаева «Гендерлік теңсіздік мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, «Қызжібек» студенттік ұйымының өкілдері мен студенттер «Сталкингтің көрінбейтін шекарасы» тақырыбында өз ойларын ортаға салды.

Жиын интерактивті форматта өтіп, қатысушылар әйелдердің құқықтары мен әділеттілікті қолдауға арналған өз ойларын тақтаға жазды. Іс-шара студенттердің нәзік жанды аруларға арналған әнімен қорытындыланды.

Тағы да оқыңыз: