Kyzylorda-news.kz Корея Республикасының жетекші телекоммуникациялық компаниясының өкілдері Қорқыт ата университетінде болды.
Шетелдік делегацияны Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов қарсы алып, университеттің бай тарихы мен толымды табыстары және инфрақұрылымдық жобаларымен таныстырып өтті.
Шығыс Азиялық меймандар 5-оқу ғимаратын аралау барысында сирек кездесетін кітаптар қорына таңданыс білдірді. Әсіресе 18-ғасырда көне корей тілінде жазылған көптомдық жинақтың тарихи мән-маңызына айырықша тоқталды.
Корей түбегінен келген қонақтар одан әрі Мәделхан Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейін аралап көрді. Сонымен қатар Инженерлік бейіндегі зертхана жұмысы, Жасанды интеллект институтының қызметі, студенттердің ғылыми жобалары және «Kyzylorda Hub» инновациялық бастамалары таныстырылды.

Ресми кездесуде Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов университеттің құрылу тарихы 1937 жылы Қызылорда қаласына Қиыр-Шығыс корей педагогикалық институтының көшіп келуімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Сондай-ақ Ректор Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңыздылығына тоқталып, екі елдің 30 жылдан астам уақыт бойы сенімді дипломатиялық қарым-қатынаста екенін атап өтті.
Корея делегациясы атынан Хан Донг-Гун мырза Корея Республикасы тарихына шолу жасап, негізгі даму бағыттарына тоқталды. Сонымен қатар кореялық тарап университетпен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытатынын жеткізді.

Жиын барысында Кореяның жетекші телекоммуникациялық компаниясы мен Хон Бом До қоғамының басшылары екіжақты жазғы мектеп ұйымдастыру, тіл үйрену бағдарламаларын іске қосу, студенттерге арналған стипендиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысында тараптар білім, ғылым және мәдениет салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісіп, алдағы уақытта серіктестікті нығайтуға ниетті екендерін жеткізді.
