Kyzylorda-news.kz. Жақында университет делегациясы Оңтүстік Корея мемлекетіне жұмыс сапарымен барған болатын. Онда бірқатар университеттермен жоғары білім саласына қатысты ауқымды жобалар мақұлданып, екі жақты келісім жүргізілді.

Соның бірі – Қорқыт ата атындағы ҚУ мен Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті бірлесіп алдағы 7 жылда «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы аясында жасанды интеллект мектебін ашуды жүзеге асырмақ. Жасанды интеллект мектебі 3 бағыт бойынша білім алушыларға оқу процесін жүргізеді. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова мәлімдеді.

«Корея мемлекетіндегі іс сапардың басты мақсаты – екі ел арасындағы байланысты нығайту және ондағы университет өкілдерімен бірлесіп тың жобаларды іске асыруға бағытталды. Өздеріңізге мәлім, Корея мемлекетінде  IT бағыты қарышты дамыған. Сондай-ақ, озық технологияларды шығаруда әлемде алдыңғы қатарда. Осы мақсатта біздің университет делегациясы Қорқыт ата университетінде  IT орталығын ашу туралы ұсыныс білдірген болатын. Бұл ұсынысымыз қолдау тауып, біздің оқу орнында жасанды интеллект мектебін ашу туралы келісім жүргіздік. Осы жоба негізінде алдағы 7 жылда Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университеті мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржылай қолдау көрсететін болады. Жоба аясында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ бизнес-инкубатор орталығын іске қосуда жоспарлануда. Жыл сайын Сеул университетінен 2 профессор дәріс беру үшін және 2 студент бағдарламаларды қамтамасыз ету мақсатында оқуға жіберіледі. Аталған мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Корея Республикасында шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарламалармен қамтылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалын құру жоспарлануда. Бұл жұмыстар тікелей өңір басшысының қолдауымен жүргізіледі», - деді ректор Бейбіткүл Кәрімова.

Жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысты. Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек вице-министрлермен бірге онлайн қосылып, бастамаларға қолдау көрсетілетінін айтты. 

«Мектеп ашу «Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жетекші университет» жобасы (LUPIC) аясында жүзеге асырылады. Жоба ресми түрде 2023 жылдың 1 сәуірінде басталды. Үш кезеңнен тұрады және жеті жылға созылады. Жоба жетекшісі және үйлестірушісі болып Сеултех университетінің профессоры Джэсу Ким бекітілді», – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Жоба аясында киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, компьютерлік ғылымдар бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ бизнес-инкубатор орталығын ашу жоспарлануда. Жыл сайын Сеултех университетінен 2 профессор дәріс беру үшін және 2 студент бағдарламалық қамтамасыз ету мақсатында жіберіледі. Аталған мамандықтарға арналған заманауи зертханалар жасақталып, олар Корея Республикасында шыққан серверлер, озық жабдықтар және бағдарламалармен қамтамасыз етіледі. 

Алдағы уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеултехтің филиалын ашу да жоспарлануда. Филиал ашу бойынша жұмыстарға, атап айтсақ білім грантын бөлу, жаңа ғимарат салу бойынша өңір басшысы тікелей қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Оңтүстік Кореяға сапар барысында университет делегациясы Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. 

Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Сондай-ақ, Шинхан университеті мен Қорқыт ата университетінің арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. 

Сонымен қатар университет делегациясы бірқатар университеттермен ынтымақтастық туралы келіссөздер жүргізді.  

Алдағы уақытта Оңтүстік кореялық университтермен әртүрлі деңгейдегі студенттерді даярлау, профессорлар мен оқытушылар алмасу, бірлескен зерттеулер ұйымдастыру, ғылыми іс-шаралар өткізу, делегацияларды іссапарға жіберу және ғылыми институттармен ынтымақтастықты дамыту жұмыстары іске асырылатын болады. 

Атап айтсақ, әлемге әйгілі Каннам университетімен 20 жылдан астам уақыт бұрын серіктестік орнатылған болатын. Содан бері жыл сайын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасымен Каннам университетінде оқуға мүмкіндік алды. Бұл қызылордалық студенттердің сапалы білім алуына, тәжірибе жинақтауына жол ашуда. Ендігі кезекте академиялық ұтқырлықпен баратын студенттер саны артатын болды.

Сапар барысында Сеул Кибер университеті, Sookmyung әйелдер университетімен әріптестік қарым-қатынасты нығайта отырып, бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісім жасалды. Аталған шетелдік ЖОО-ларда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің магистранттары мен оқытушылары алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқу мүмкіндігіне ие болады.

Тағы да оқыңыз: