Kyzylorda-news.kz. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз. Білімге алты есе, ғылымға жеті есе қаржы бөлінеді» деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысы білім саласының сапасын жақсарту үшін оқу орындарына қойылатын талаптың күшейтілетініне және жалпы ғылымға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейте отырып, 2025 жылға қарай оны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткізілетіндігіне тоқталды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 168 млрд АҚШ долларын құрады.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ 2025 жылға дейінгі білім және ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында инновациялық талаптарды қанағаттандыру бағытында білікті кадрлар даярлаушы еліміздің беделді оқу орындарының бірі.

Университет ғалымдары да бүгінгі таңда технологияларды коммерцияландыру бойынша жобаларды жүзеге асырып отыр. «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханада химия ғылымдарының кандидаты, профессор Н.Аппазов басқарған ғалымдар қаржыландыру сомасы 780,0 млн теңге көлеміндегі «Инновациялық технология бойынша мұнай құрамды қалдықтарды өңдеу» атты жобаны «Ғылым қорының» гранты негізінде орындауда.

Сонымен бірге Президент Қ.Тоқаев: «Экономиканың барлық салалары жаңа білімге, технологияларға және инновацияларға негізделуі тиіс, бұл жаңа экономикаға көшудің тұтас сценарийін талап етеді», деген болатын.

Қорқыт ата университетінің ғалымдары бұл бағытта да белсенді. Оған дәлел ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы шеңберінде жарияланған Қазақстан Республикасының университеттерінде технологияларды коммерцияландыру офистерін іріктеу конкурсы бойынша 2019 жылы ең жоғары ұпаймен жеңімпаз атанып, университеттің коммерцияландыру офисі 105,5 млн теңге ұтып алды.

ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов халық алдында есеп беру кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Ғылымды дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған басым бағыттары бекітіліп, шағын гранттар, жедел гранттар, коллаборацияға гранттар енгізілді. Гранттық қаржыландыру аясында 2021-2023 жылдарға жас ғалымдарға арналған конкурс және 2021-2022 жылдарға арналған конкурс жарияланады» дед атап өтті.

Осы орайда ғылым саласындағы оң ілгерілеуге университеттің профессор-оқытушылар құрамы өз үлестерін қосып келеді. Білім алушылар мен жас ғалымдарды қатыстыра отырып, университеттің ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтарының жетекші ғылыми қызметкерлері, сондай-ақ профессор-оқытушылар түрлі дейгейдегі конкурстар мен шығармашылық байқауларға қатысуда.

Білім ордасының ғылыми әлеуетін арттыру үшін Scopus және Web of Science деректер базасына енетін жоғарғы рейтингті журналдарда, алдағы жыл ішінде әр ғалымға кемінде 3 жарияланым болуы талаптары қойылып отыр. Осыған орай карантин уақытында университет ғалымдары халықаралық Elsevier, Springer баспаларының ұйымдастырған вебинарларына белсенді қатысты. Университет әріптестігінің географиялық шеңберін кеңейту мақсатында жоғары рейтингті журналдарда жарияланған мақалалары үшін авторларға сыйақы беру жүйесі бұрынғыдан да жетілдірілді. Ғылыми мақалалар әзірлеу және ғылыми жобаларды қаржыландыру конкурстарына өтінімдер дайындауға шетелдік коллабораторларды іздеп табу үшін SciVal электронды ресурсын пайдалануды кеңейту жұмыстары қолға алынды.

Жалпы мақсат – Елбасы алдыға қойған QS WUR рейтингісіндегі ең үздік 500 университет қатарына Қазақстанның 10 университетін қосу. Алдағы үш жыл ішінде Қорқыт ата ҚМУ сол ондықтан ойып тұрып орын алуға қадамдар жасамақ.

Саябек ЗИЯДИН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің

ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры

Тағы да оқыңыз: