Шын мәнінде, мектептің жаны – мұғалім болса, күретамыры – оқушы болары бесенеден белгілі Ұстаздың тағылымын алған шәкірт үлкен өмірден өз орнын табатыны мәлім. Биыл аудан көлемінде 434 жас түлек мектепті тәмамдап, студенттік кезеңге қадам басады. Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектепті биыл 35 оқушысы аяқтаса, қазір олардың өмірге деген өзіндік көзқарасы, арман-тілегі қалыптасқан. Мәселен, білім ошағында тарих пәнінің мұғалімі Бибіажар Көшекбаева жетекшілік ететін 11 «б» сыныбының оқушылары ата-ана сенімін ақтауға үмітін ақтап,  үлкен өмірге қадам басуға дайын.

 

Kyzylorda-news.kz  Ұстаз –  оқушы – ата-ана. Қарапайым ғана үш ұғымның бір-бірімен байналысы қай кезде де берік болатыны жасырын емес. Осыдан 11 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған оқушылар санаулы уақыттан кейін алға қойған мақсат-міндетіне қол жеткізуге ұмтылуға мүдделі. Бүгінде сыныпта 19 оқушы білім алса, бастауыштан Бибіажар апайдың қамқорлығына 18 балғын келген екен. Кейіннен, бір сынып қысқартылып, білім алушы қатары толыққан. Өз кезегінде сынып жетекшісі оқушылары жөнінде кеңінен мағлұмат берді.

–  Жақсы менен жайсаңды тудырған Қоғалыкөл ауылында жыл сайын білім көрсеткіші төменге түскен емес. Алдыңғы буын қалыптастырып кеткен көрсеткішті ұстап тұру міндеті – жас түлектерге жүктелгені жауапкершілік сезінуге талпыныс болатын еді. Әріптесім Фарида Досмағанбетова екеуміз қос 11 сыныпқа жетекшілік етеміз.

Біздің ортақ арманымыз – оқушыларымыз ұстаздардан жақсы білім алып, білікті маман иесі атанса деген тілек ғана. Сыныбымызда 1 Алтын белгіге және 2 «Ерекше аттестатқа» үміткер бар екеніне қуаныштымыз. Мақтаулы оқу­шыларымыз – Сая Жамбыл, Ақерке Жағыппар, Қаракөз Меңлібек оқу озаттары ғана емес, аудандық, облыстық республикалық олимпиаданың жеңімпазы, – дейді ұлағатты ұстаз.

Өмірде мамандық таңдаудан қателеспеу керектігін жақсы білеміз. Алдағы ҰБТ-да бір сыныптан 15 бала бағын сынауға байлам жасап отыр Мәселен, мектеп бітірушілердің басым көпшілігі биология, физика, математика, география, дүниежүзі тарихы, құқық бағыты бойынша оқытылатын мамандықтарды меңгергісі келетіні айдан анық. Ал сыныптағы Әкім Әбдінәбиұлы мен Дәулет Бахыт шығармашылықпен айналысқанды жақсы көреді. Сонымен қатар 4 оқушы  білім сынағына қатыспастан колледжге оқуға түсіп, медицина және аграрлық сала маманы атануға бекінген.

– Қазір біз мектеп оқушысы ретінде алтын ұямыздағы соңғы айларымызды өткізіп жатырған жайымыз бар. Әрине толқыныс та, қимастық сезім де  жеткілікті. Біз 9 сыныпта 26 бала оқу жылын аяқтаған едік. 3 оқушы «Қызыл аттестатқа» қол жеткіздік. Мұның барлығы – ұстаздарымыздың қажырлы еңбегі деп білеміз. Бастауыш сыныпта Гүлнат Әдікенова апайымыз алғаш әріп үйретіп, еркелегімізді көтере білді десем қателспеймін. Әр жылдары басқа қалаға қоныс аударған немесе 9 сыныптан кейін оқуға түскен достарымызбен араласып тұрамыз. Алдағы уақытта сыныптас достарым өздері қалаған мамандық иесі атанады деп сенемін, – дейді сыныптың топ басшысы Ақерке Жағыпар бізбен әңгімесінде.

Иә, бір сыныпта он тоғыз оқушы болса, он тоғыз арман бар болғаны керемет. Сол армандар аласармаса, жас түлектер сенім мен ізденісті серік етсе, онда ұстаздардың да, ата-аналардың да үміті ақталады. Сондықтан арманы асқақ, мақсаты айқын оқушылар Қоғалыкөлден шыққан атақты тұлғалардың игі ісін жалғастыру үшін жауапкершілікті терең сезінуі тиіс.

Тағы да оқыңыз: