Kyzylorda-news.kz Жуырда, «Академик С.А.Джиенкулов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жас өнертапқыш – 2024» халықаралық байқауында Қазалы көлік-техникалық колледжінің СОБ 22/9 тобының студенті Даяна Жолбарыс жүлделі үшінші орын иеленді. Даянаның жетекшісі СОБ 22/9 тобының өндірістік оқу шебері Қуандық Ерімбетов.

Аталған байқаудың мақсаты – техникалық мамандықтардың әлеуетін арттыру, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының талантты студенттерінің ғылыми тәжірибелерімен бөлісе отырып, ынтымақтастықты нығайту. 

Өндірістік оқу шебері Қуандық Ерімбетов пен шәкірті Даяна Жолбарыс дайындаған «Теміржол өмірінің сұлбасы» атты жоба көзге ерекше түсіп, жүлделі жобалар қатарына ілікті. Шәкірттеріне бар білгенін үйретіп, шығармашылық жұмыстарға баулып жүрген Қуандық Ерімбетовті мүсіндеу өнерінің де шебері десе болады. 

Қуандық Қайрбайұлы Арал ауданына қарасты Қамыстыбас станциясында дүниеге келген. Әкесі теміржол саласында аға механик болып еңбек еткен. Әке жолын қуған Қуандық мектеп бітірген соң Ақтөбе теміржол көлігі колледжінде «Темір жол көлігіндегі қозғалысты басқару, автоматика және телемеханика» мамандығын меңгереді. Бұдан кейін Қазақ қатынас жолдары университетін, автоматтандыру және басқару бакалавры мамандығы бойынша бітіріп шықты. 

– Әкем сияқты Теміржол саласында жұмыс жасағым келді. 2006 жылдан бастап Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде «Сигналды орталықтан басқару» мамандығы бойынша оқыту шеберімін. Оған қоса техникалық шығармашылық жұмыс үйірмесімен айналысамын. Халық тұтынатын тауарларды мүсін, ғимарат макеттерін жасаймын. Студенттердің бос уақытын тиімді өткізу үшін әр кезде түрлі макеттер дайындатамын. Шығармашылыққа жақын шәкірттер аз емес. Оларды бағыттап, бағдар беріп отырамыз. Нәтижеміз де жаман емес. Жарыстарға қатыстық. Жүлдесіз де емеспіз, – дейді Қуандық Ерімбетов.

Тағы да оқыңыз: