Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облыс орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мектеп оқушыларын тасымалдауды сапалы ұйымдастыру мақсатында 9 мектепке су жаңа автобустың кілтін табыстады.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған сыйымдылығы 40 орындық автобуста оқушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Көлік қауіпсіздік талаптарына сай. Есіктері ашық тұрған сәтте қозғалысты бұғаттау механизмі, маяктар және ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған пандустар бар. Автобуста сағатына 60 шақырымға дейінгі жылдамдықты шектеу жүйесі қарастырылған, орындықтар қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Сонымен қатар мектеп рюкзактарына арналған арнайы сөрелер бар.
Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ата-аналар ұжымы мен шәкірттері жаңа автобусты күтіп алды. Балалар игілігіне берілген көліктің мүмкіндіктерімен танысып, игі тілектерін жаудырды.
«Автобус балаларымызға өте ыңғайлы екен. Заманауи құрылғылармен жабдықталған көлікті тек игіліктеріне мінсін. Әр оқушы оқуда озат болып, ата-ана, ұстаздарының үкілеген үмітін ақтасын. Осындай сый жасап, балаларға қуаныш сыйлаған облыс басшылығына алғыс білдеріміз», – дейді бір топ ата-ана.