Kyzylorda-news.kz Жанкент ауылындағы «Аққоян» бөбекжай-балабақшасы 2009 жылдың желтоқсан айында ашылды. Сол жылы 50 бала қабылданды. 2013 жылы балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан екі топ қосылды. Бұл кезде бала саны 90-ға, қызметкер саны 32-ге жетті.

Балабақша әр жаңа оқу жылынан бастап жазғы сауықтыру шараларына дейін түрлі мерекелік іс-шаралар өткізеді. Мұнда «Ақжүрек», «Балбөбек», «Балдырған», «Балдәурен» топтары бар. Ересек топтағы тәбиеленушілер «Сиқырлы қалам» сурет, «Мен әнші боламын» ән, «Шебер қолдар» қолөнер үйірмелеріне қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды.

Балабақша меңгерушісі Шаттық Сапарбайқызы бұл салада 15 жылдан бері басшылық қызметте. Жүзі жылы, жайдарлы мінезді жан алдымен балабақша жұмысының жоғары өрлеуіне аянбай үлес қосып отырған жұмысшы-қызметкерлердің еңбегін айрықша айтып өтті.

Бірлік пен ынтымақты, тәртіп пен тазалықты сүйетін ұжымдағы әрбір жанның орны ерекше. Есепші Бақытгүл Құтжанова еңбек ақының дер кезінде қызметкерлердің қолына тиюін, шаруашылық меңгерушісі Айнагүл Баймағанбетова күнделікті балалардың тамағы уақытылы әрі сапалы берілуін, жылу жүйесінің сапалылығын қатаң қадағалайды. Ал, техникалық қызметкерлер Гауһар Қалманова, Бейбігүл Игілік, Гүлзира Бөлегенова, Қайрат Көбегенов, Еркебай Медетовтер ғимарат ауласына егілген тал, жеміс-жидектер мен гүлдердің жайқалып, өсіп, жанға сая сыйлауына үлес қосады. Психолог Жеңіскүл Меңдібаева өткізген түрлі тренингтер бүлдіршіндерге сергіту сәтін сыйлайды. Мейіркеш Мадира Сағындықова таңертең балаларды қабылдап, тазалықтары мен дене қызуын тексереді. Тамақтың сапасы мен оның қалай дайындалып жатқандығын қадағалау да мейіркештің міндетіне кіреді.

Светлана Сырманова, Жанна Аязбаевалардың еңбегін балабақша ішіндегі мұнтаздай тазалыққа қарап-ақ аңғарасыз. Тәрбиешілердің көмекшілері Әсия Қалжанова, Ғалия Аралбаева, Гүлзат Есмаханова, Ұлболсын Мырзалиевалар бала жанының нағыз бағбаны. Дәмі тіл үйіретін тәтті тағамдармен тәрбиеленушілерді үнемі таңғалдырып отыратын аспазшы Задаш Абзалова, Гүлжайна Қалқамановлар балдырғандардың ең сүйікті апайлары.

Баланы бастан өнер-білімге баулитын тәрбиешілер аудандық облыстық, республикалық жарыстарға балдырғандарды үнемі қатыстырып отырады. Әрі жүлдемен оралады. «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты республикалық байқауда үздік шығармашылық жұмысымен тәрбиеленуші Айзере Мырзамұрат және Ақкербез Әбілқайыр бірінші дәрежелі дипломды жеңіп алды. Оларды өнерге баулыған жетекшілері Гүлназ Әбдікемалова мен Шаттық Көбеген. Осы сайысты Аяулым Бимырзақызы екінші дәрежелі дипломға қол жеткізді. Жетекшісі Нұргүл Айзақова. Республикалық «Жас дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырған «Самға Самұрық VIII» байқауында «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша Айзере Дінислам бірінші орын, «Қолөнер» номинациясында Айдәулет Қозыбағар бас жүлдені иеленді. «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» атты республикалық байқауда «Қолөнер» аталымы бойынша Әдеміай Серіктің туындысы бірінші орынға лайық болды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты бағдарламалық мақаласын педагогтер мен білім алушылар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Білім беру саласының көшбасшысы» атты республикалық байқауда тәрбиеші Ақмарал Кадирова бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Білім беру саласына қосқан елеулі еңбегі үшін Зияш Өмірзақова облыстық кәсіподақ комитеті төрайымының «Құрмет» грамотасын иеленді. Республикалық «Үркер» зияткерлік орталығының директоры Данагүл Құрақбаеваға жас өреннің бойына білімге құштарлық нәрін себе білгені үшін «Алғыс» хат берді. «Бақытты бала әлемі» екінші республикалық байқауында шәкірті ерекше дарынымен көзге түскен Мөлдір Сарман «Үздік тәрбиеші» атанды. Халықаралық «ПОНИ» сайысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған Дәметкен Жиенбаева, Бақыт Аязбаева арнайы диплом иеленді. А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық педагогикалық шығар­машылық олимпиадасында Нұргүл Айзақова екінші орын алды. Тәрбиеші Аманкүл Өтепбергенова білім басқармасының Алғыс хатын алды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында республикалық балалар арасында мәнерлеп оқу сайысында Ақнұр Әлиева дайындаған тәрбиеленуші Нұрсәуле Нұрлан бірінші орын иеленді.

Өткен жылы балабақшада ашық есік күні өткізіліп, «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе» тақырыбында іс-тәжірибемен бөліскен Мөлдір Сарман, Ақнұр Әлиева, Ақмарал Кадирова, Бақыт Аязбаева, психолог Жеңісгүл Меңдібаева аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақтық «Ертегілер әлемі» сайысында екінші, «Қазақстан үміті» республикалық байқауында балабақша бүлдіршіндері бас жүлдені жеңіп алды. Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы кезінде балабақша ұжымы аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын иеленді.

Ал, биыл аққояндық балдырғандар «Балапан» телеарнасының ұйымдастыруымен өткен «iBars-kids» зияткерлік ойынына қатысып, бірінші орынмен оралды. Тәрбиеші Бақыт Аязбаева «Құрмет» грамотасы берілді. 8 наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай балабақша меңгерушісі Шаттық Көбеген, музыка жетекшісі Аманкүл Өтепбергенова, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

– Жанкент ауылында өтетін түрлі іс-шаралардан біздің ұжым қалыс қалмайды. Атап айтар болсақ, «Ауылым – ақбоз мекенім», «Өнердің қайнар көзі – ауылымда» атты сайыстарда әріптестерім белсенділік танытты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына үн қосу мақсатында балабақша ауласына гүлдер, жеміс ағаштарын отырғызып, күтімге алдық. Ұлттық жоба «Туған өлкем – тұнған шежіре» тақырыбында отбасындағы әже тәрбиесі және ертегімен сусындаған тәрбие мектебін қалыптастырудағы «Ертегі айтып беремін» және «Шешендік өнер – ұрпаққа мұра» сайыстарын өткізді. Біздің мақсатымыз балаларды ерте жастан ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген тәрбиелі, тәлімді ұрпақ етіп тәрбиелеу, – дейді балабақша меңгерушісі Ш.Сапарбайқызы.

Жіпке тізсек, жетістіктер жетерлік. Тәрбиешілер де тәрбиеленушілер де талаптың тұлпарын мініп, талай белесті бағындырарына бек сенімді. Бар білімнің баспалдағына баланған балабақшада басты талап – тәрбие мен тәртіп екенін аққояндықтар ерекше атады.

Тағы да оқыңыз: