Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының Қазалы қаласында орналасқан болашақ ауылшаруашылық мамандарын даярлайтын іргелі оқу орны – Қазалы аграрлы-техникалық колледжі. Жетпіс жылдық тарихы бар білім беру ошағынан талай жас маман түлеп ұшып, елдің түкпір-түкпірінде еңбек етті. Әлі де, талай жас буын ел дамуына үлес қосу жолында тер төкпек. Мамандық даярлауда өзіндік орыны мен қалыптасқан қағидасы бар оқу орнында болып, тарихына қанықтық.
Осыдан жетпіс жыл бұрын ақпан айында КПСС Орталық Комитетінің Ақпан Пленумында еліміздегі тың және тыңайған жерлерді игеру туралы Қаулысы шықты. Осыған байланысты, дархан қазақ даласынан 25 миллион гектар жер игеріліп, мыңдаған совхоздар ашылуы керек болды. Осы совхоздарға мыңдаған механизаторлар мен басқа да, мамандарға қажеттілік туды. Сол себепті, Қазақстанның жер-жерінде ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын кіші оқу орындары – ауылшаруашылық училищелері ашыла бастады. Солардың қатарында – №34 Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі де бар.
Училищеге патша өкіметі кезінде салынған, кезінде жетім балалар үйі, кейін атты әскер полкі орналасқан үлкен ғимарат пайдалануға берілді. Училищеге облыстан директор болып тәжірибелі ауыл шаруашылығы маманы – Қалдыбай Маханов, директордың орынбасарлығына – Танабай Есмағамбетов, аға шебер Жақып Әбдіхалықов және оқытушылар Жиентай Есенов, Николай Артемович Подольских тағы басқалар келді. Бас есепші Орынбай Жәрекеев, кассир Жамал Бекназарова, хатшы Устыня Архиповна Максиналар училищенің алғашқы қызметкерлері болды.
Алғашында УМСХ-34 атанған бұл оқу орны №34 ауыл шаруашылығын механизациялау училищесі, №34 ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесі, №8 селолық орта кәсіптік-техникалық училище, №8 кәсіптік-техникалық училище, №8 кәсіптік мектеп, №8 кәсіптік лицей болды.
Қазір он бір жылдан аса «Қазалы аграрлы – техникалық колледжі» мемлекеттік мекемесі аталды. 2014 жылдан бастап «Қазалы аграрлы – техникалық колледжі» КМҚК.
Осы уақыттардан бері іргелі оқу орны ауыл шаруашылығына өте қажетті мамандықтар – тракторшы, комбайншы, К-700 жүргізуші-механизаторлары, құрылысшылар, мал мамандары, фермерлер, газэлектрдәнекерлеушілер, тағы басқа да мамандықтар дайындады. Кейін, тәуелсіздік алған жылдары заманауи мамандықтар ашылып, колледждің әлеуеті артты.
– Биыл, колледжіміздің құрылғанына жетпіс жыл. Осы жылдары колледжді он басшы басқарды. Әрбір басшының өзіндік қолтаңбасы бар. Биыл жетпіс жылдығын тойлайтын колледждің ашылуына мұрындық болған Қалдыбай Маханов оқу орнын екі мәрте 10 жыл бойына және қайта тағы да, қосымша алты жыл басқарса, оның арасында Танабай Есмағамбетов, одан соң Байқазақ Шаданов басшылық жасады. Аманқос Әбілханов та, Қалдыбай Махановтай екі мәрте алты жыл және бес жыл басқарды. Одан кейін, Жақып Ахметов, Мұратбай Сәлімов, Рүстем Жанаев, Елеусіз Құрмарзаев, Темірбек Исмайлов басқарды. Аталған басшылар кәсіптік оқу орнының ашылған күнінен бастап, кезең-кезеңімен колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш жұмсады, – дейді колледж директоры Арман Мусаев.
Арман Мусаев техникалық және кәсіптік білім беру саласында жиырма жылға жуық келе жатқан сала маманы. Ол он үш жыл қатарынан Қазалы аграрлы-техникалық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Білікті басшы Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің, Қызылорда облысы әкімінің, Қазалы қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталған.
Колледж жаңа жіктеуіш бойынша – 21 мамандық 44 біліктілікке лицензия алды. Енді, болашақ мамандар мамандықтар бойынша жаңа оқу бағдарламаларымен білім алады. Студенттер «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Электр жабдықтары», «Сандық техника», «Дәнекерлеу ісі», «Слесарлық іс», «Жүк көтергіш машиналар мен транспортерлер», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің инженерлік жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Жеміс-көкөніс шаруашылығы», «Зоотехния Ветеринария», «Тамақтану саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», тағы басқа мамандықтарды игеруде.
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде 2023-2024 оқу жылында 69 педагог қызмет атқаруда. «Магистр» дәрежесі бар – төрт педагог. Бұл көрсеткіш барлық педагогтардың 5,8 пайыз құрайды. «ІІ санатты басшының орынбасары» біліктілігі – бір педагог, «Педагог-зерттеуші» біліктілігі – төрт педагог, «Педагог – сарапшы» біліктілігі – 11 педагог, «Педагог-модератор» біліктілігі – 41 педагог, Жоғары санатты – бір педагог, Санаты жоқ – 11 педагог. «Педагог-зерттеуші» мен «Педагог – сарапшы» біліктілігі барлық педагогтардың 25 пайыз құраса, бірінші санатты біліктілігі бар педагог барлық педагогтардың 1,44 пайыз құрайды. Барлық 69 педагогтың ішінде жоғары білімді – 66 педагог, арнайы орта білімді – 3 педагог.
Колледжде 2020 жылы «Жас маман» жобасы шеңберінде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша оқу лабораториялары мен құзіреттілік орталығы жабдықталған. Колледждің МТБ компьютерлік техникалармен қамтылған. Колледжде – 112 дана дербес компьютер (ноутбук – 5 дана, интерактивтік тақта – 6 дана, моноблок – 28 дана, 73 дана оқушы компьютер), 2 дана жылжымалы проектор бар. Екі информатика кабинеті, 9 жалпы пән кабинеті, 9 арнайы пән кабинеті бар. Оқу кабинеттері оқытушы компьютері, парта-орындық, оқытушы партасы мен орындығы, кітап салатын шкаф, пәнге байланысты стендтермен, арнайы пән бойынша макеттермен, сызба-плакаттармен жабдықталған. Жалпы, кітап қоры – 10794 (жалпы білімдік пән оқулықтары – 1150 дана, жалпы техникалық пән оқулықтары – 2972 дана, оқу-әдістемелік оқулықтар – 140 дана, көрнекі әдебиеттер – 6452 дана, электрондық оқулық – 80 дана). 2023 жылы колледж кітапханасына 419 784,99 теңгеге 170 дана арнайы пән оқулықтары мен 214 926,00 теңгеге 60 дана көркем әдеби кітап сатып алынды.
Кәсіптік оқу орнының жетістіктеріне қысқаша тоқталатын болсақ, колледж ұстаздары мен студенттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында, өнер додаларында, мәдени-көпшілік іс-шараларда оқ бойы оза шауып, жүлделі орындармен жетістіктер қоржынын үнемі толтырып отырады.
Жамбыл облысында өткен Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсына «Ветеринария» саласы бойынша арнайы пән оқытушысы Шымберген Рысбаев, Маңғыстау облысының білім басқармасының ұйымдастырумен Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша кәсіби шеберліктің республикалық конкурсына «Аспаз ісі» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы Бақытгүл Ибайдаева, Астана қаласында өткен IT саласындағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіптік шеберлік байқауына информатика пәнінің оқытушысы Аяжан Ильясова «WEB әзірлеу», өндірістік оқыту шебері Айшолпан Нұрмаш «Графикалық дизайн» құзіреттілігі бойынша қатысып қайтты.
Колледж студенттері арасында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы, «Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисті» біліктілігі бойынша өткізілген «AgroSkills» республикалық кәсіби шеберлік байқауына аттанған Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің 07161600 – «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығының ІІ курс студенті Ердос Тәжібаев (жетекшісі – Серікбол Есенов) қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленді.
Қазақстанда «Қазақстан Республикасының колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы аяқталды. Астана қаласында өткен талантты жастарды қолдау және жұмысшы мамандықтарын танымал ету мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын «Еліміздегі колледждердің ТОП-100 студенті» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен екіжүзден астам студент қатысқан байқауда Қызылорда облысынан жеті студент жеңімпаз атанды. Солардың бірі – Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің студенті Ақжолов Рамазан Русланұлы да жеңімпаз қатарынан көрінді. «Үздік жалпы пән оқытушысы – 2023» облыстық байқауына қатысқан информатика пәнінің оқытушысы Медетова Арайлым қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленді. Қызылорда облысының білім басқармасы мен Қызылорда облысының білім саласы қызметкерлері кәсіподағының жылдық қорытындысы бойынша «Педагог-сарапшы» санатты өндірістік оқыту шебері Сатаров Қуандық «Жыл үздігі – 2022» номинациясын иеленді.
Ал, аймағымыздың балалар жылын қорытындылау жиынына қатысқан «Worldskills Kazakhstan» VII республикалық кәсіби шеберлік чемпионатының қола жүлдегері, «Қазақстан Республикасының колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсының жеңімпазы атанған колледж студенті Ақжолов Рамазанға облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек алғыс хат пен планшет табыстады.
WorldSkills – 2022 республикалық чемпионатына колледж үш құзіреттілік бойынша қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізді. «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша – Рамазан Ақжолов (оның жетекшісі – Қуандық Сатаров) жүлделі үшінші орынды иеленіп, қола медаль тақса, «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша – Аида Үйрекбай (оның жетекшісі – Айжан Әнәпия) мен «Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Дамир Мырзағұл (оның жетекшісі – Әділжан Пржанов) «Үздік маман» медальонын еншіледі.
Өткен жылдың 26-29 сәуір аралығында «Worldskills Kyzylorda – 2023» кәсіби шеберлік чемпионатының облыстық кезеңі өткізілді. Қазалы аграрлы – техникалық колледжі чемпионатқа 8 құзіреттілік бойынша қатысып, 4 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. «Графикалық дизайн» құзіреттілігінен Әбілбай Олжабек, «Кірпіш қалау» құзіреттілігінен Абзал Ерсұлтан, «Кондитер ісі» құзіреттілігінен Қалқора Айгерім, «Шанақты жөндеу» құзіреттілігінен Өзбек Әділет алтын медаль иегері атанса, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігінен Бауыржан Әли «Веб дизайн және әзірлеу» құзіреттілігінен Шанжар Ерқанат «Графикалық дизайн» құзіреттілігінен Үйрекбай Аида, «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігінен Мырзағали Ерасыл күміс медаль иегері, «Аспаз ісі» құзіреттілігінен Қалқора Әйгерім, «Сантехника және жылыту» құзіреттілігінен Есенғали Аманай қола медаль иегері атанды. Облыстық чемпионатта колледж педагогтары өндірістік оқыту шебері Пржанов Әділжан «Дәнекерлеу технологиясы», аға шебер Орынбасар Қуат «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», арнайы пән оқытушысы Әнәпия Айжан «Графикалық дизайн», өндірістік оқыту шеберлері Айтпаев Қайрат «Кірпіш қалау», Қарабалаева Эльвира «Аспаз ісі», Ильясова Аяжан «Веб дизайн және әзірлеу», Мамбетов Нұрбек «Сантехника және жылыту» құзіреттілігі бойынша сарапшылық жасады.
Былтыр 20-27 қараша күндері «WorldSkills Kazakhstan – 2023» кәсіби шеберліктің VIII республикалық чемпионаты өтті. Чемпионатқа Қазалы аграрлы – техникалық колледжі 4 құзіреттілік бойынша қатысты. «Графикалық дизайн» құзіреттілігінен Әбілбай Олжабек, «Кірпіш қалау» құзіреттілігінен Абзал Ерсұлтан, «Кондитер ісі» құзіреттілігінен Қалқора Айгерім, «Шанақты жөндеу» құзіреттілігінен Өзбек Әділет қатысып, «Графикалық дизайн» құзіреттілігі бойынша Әбілбай Олжабек «Үздік маман» медальон иегері атанды.
Республикалық чемпионатта өндірістік оқыту шебері – Пржанов Әділжан «Дәнекерлеу технологиясы» құзіреттілігі бойынша бас сарапшының орынбасары, аға шебер – Орынбасар Қуат «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», арнайы пән оқытушысы Әнәпия Айжан «Графикалық дизайн», өндірістік оқыту шеберлері Айтпаев Қайрат «Кірпіш қалау», Қарабалаева Эльвира «Кондитер ісі», Қорғанбаев Алтынбек «Шанақты жөндеу» құзіреттілігі бойынша сарапшылық жасады.
Дүбірлі додаға қатысқан Әбілбай Олжабек Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Үздік маман» медальоны мен алғыс хатына, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «WorldSkills Kazakhstan – 2023» кәсіби шеберліктің VIII республикалық чемпионатына «Графикалық дизайн» құзіреттілігі бойынша қатысқан сертификатына, Қызылорда облысының білім басқармасы мен Қазалы аграрлы – техникалық колледжі әкімшілігінің Алғыс хатына ие болды. Ал, Олжабекті чемпионатқа дайындаған арнайы пән оқытушысы, жас маман Әнәпия Айжан Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Talap» КЕАҚ «WorldSkills Kazakhstan 2023» кәсіби шеберліктің VIII республикалық чемпионатында «Графикалық дизайн» құзіреттілігі бойынша сарапшы сертификатына, Қызылорда облысының білім басқармасының алғыс хаты және Қызылорда облысының білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы қаласындағы «Әл-Фараби» шипажайына жолдамаға, Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің «Жылдың үздік арнайы пән оқытушысы» номинациясы мен колледж кәсіподағы ұйымы жиналысының хаттамасымен базалық жалақы мөлшерінің екі еселенген сыйақысына ие болды.
Еліміздің экономикасына білікті кадрлар даярлап жатқан іргелі оқу орнының басты миссиясы – Қазақстанда ауылшаруашылық саласының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін, бәсекелестікке қабілетті, қоғамда табысты әлеуметтену арқылы еңбек нарығына жылдам бейімделетін мамандар даярлау.