Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде алдыңғы уақытта жүзеге асырылатын он ұлттық жоба тізбесін бекіткен болатын. Олардың қатарында - «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да әзірленіп, оны іске асыру еліміздегі экологиялық ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік беруі қарастырылып отырғаны белгілі. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бағыттан тұрады. Олар – су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру деп бөлінген.

«Жасыл Қазақстан - жасыл балабақшадан басталады» жобасы - тәрбиеленушілердің табиғатқа құндылық қатынасын қалыптастыруға, білім берудің экологиялық бағыттылық деңгейін арттыруға, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша тәрбиеленушілердің хабардар болуына, өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапты көзқарасын тәрбиелеуге, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруға бағытталған кешенді білім беру жобасы ретінде қалыптасып келеді.

Осыған орай, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын қолдау және  экологиялық білім беруді дамыту, тәрбиеленушілердің қоршаған орта сауаттылығын жоғарылату мақсатында Қазалы ауданындағы №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева бастаған ұжым өз жұмысын жасап жатыр. Оның басты мақсаты – «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асыруын қолдау және табиғатты аялауға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыруды көздейді.

        «Жасыл Қазақстан – жасыл  балабақшадан басталады» жобасының міндеттеріне практикалық дағдыларды игеру арқылы тұрақты даму мәселелерін шешуге қатысты тәрбиеленушілердің экологиялық бағдарланған мінез-құлқын қалыптастыру, балабақша жұмыс практикасына биоалуантүрлілікті сақтау, энергияны үнемдеу, суды үнемдеу, қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі іс-шараларды енгізу, тәрбиеленушілерді, педагог қызметкерлерді, ата-аналармен биоалуантүрлілікті сақтау, су ресурстары мен энергияны үнемдеу, қалдықтармен жұмыс істеу, тауарлар мен қызметтерді экологиялық сауатты тұтыну мәселелері бойынша хабардар ету жатады. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемені "Жасыл балабақша" халықаралық желісіне интеграциялау, білім беру мекемелері және табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғаудың аумақтық органдары, білім беру мекемелері мен жергілікті халық арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен баланың табиғатты құрметтеуге қызығуын арттыра отырып, туған өлке табиғатын аялауға, экологиялық мәдени жауапкершіліктерін арттыру қолға алынуда.

Ғылыми зерттеу ізденісін, коммуникативті дағдысын, шығармашылық қабілеттерін, топпен жұмыс істеу қабілетін дамытуға және ойын арқылы зияткерлік және практикалық дағдыларды қалыптастыруға күш салынады. Бұл жұмыста әдістемелік ресурстар – оқу құралдары, экологиялық ойындар, ойыншықтар енгізіледі. Ал ақпарат беру үшін – компьютер, ноутбук, интерактивті тақта, музыкалық орталық, мультстанок, қалдық заттар, зерттеу құралдар, кітапхана мен жасыл аймақ қолданылады. Бұдан нәтиже – мектеп жасына дейінгі балаларға табиғатпен қарым-қатынас жасауды, экологиялық тәрбие беру бағытындағы түрлі жұмыс пен экологиялық санасы қалыптасқан, табиғатқа және салауатты өмір салтына, дұрыс тамақтануға жауапкершілікпен қарай алатын бала тұлғасын қалыптастыруға көмектеседі. Қалдық заттарды сұрыптап, түрлі ойыншықтар жасап ойнату арқылы балаларды сүйікті әрекетімен айналысуға, табиғи мазмұнды қабылдауға эмоционалды жағдай жасауға мүмкіндік беріледі.

«Жасыл балабақша» жобасы 7 бағытты қамтиды. Атап айтқанда, 1-бағыт – биоалунтүрлілік, 2-бағыт – суды үнемдеу, 3-бағыт – энергия үнемдеу, 4-бағыт – қалдықтарға сараптама жасау, 5-бағыт - экологиялық-ақпараттық жұмыс, 6-бағыт – салауатты өмір салтын насихаттау, 7-бағыт – дұрыс тамақтану деп бөлінген.

Алғашқы бағытта: биоалуантүрлілік - өсімдіктер мен жануарлардың әртүрлілігін білу, қорғау және оны көбейту жолдарын зерттеу енгізілген. Яғни, биоалуантүрлілік (жерді мекендейтін организмдердің және олардың табиғи үйлесімдерінің әртүрлілігі) өсімдіктердің, жануарлардың, микроорганизмдердің түрлерін, сондай-ақ олардың бір бөлігі болып табылатын экожүйелер мен экологиялық процестерді қамтиды.

Биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану адамдардың ауыл шаруашылығы өнімдеріне, медициналық препараттарға, эстетикалық қызметтерге және тағы басқа қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызды. Әлемде жабайы өсімдіктерден және табиғи өнімдерден өндірілетін дәрілердің құны жоғары. Қазір де, болашақта бір түрдің де жоғалуы қандай экологиялық-экономикалық шығын болуы мүмкін деп болжау қиын.

Шаруашылық қызметтің әртүрлі нысандарының нәтижесінде табиғи кешендердің қуатты трансформациясы, адамдар үшін құндылығы немесе әлеуетті құндылығы бар, сондай-ақ, экожүйелердің теңгерімін сақтау үшін маңызды болып табылатын түрлерін қоса алғанда, биологиялық түрлердің жоғалуы салдарынан тірі табиғаттың әртүрлілігін жоғалту артады. Биологиялық алуантүрлілік, тірі организмдердің гендік қорын сақтау биотикалық айналуды, экожүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қолдауды қамтамасыз етеді. Табиғатты дұрыс пайдалану кезінде өсімдіктер мен жануарлардың түрлік әртүрлілігін сақтау ғана емес, сондай-ақ, мекендейтін ортаны, жануарлардың көбею жағдайлары мен қоныс аудару жолдарын қорғау, табиғи қоғамдастықтардың тұтастығын сақтау, ұтымды пайдалану мен молықтыру, халықтың денсаулығын қорғау және шаруашылық залалдың алдын алу мақсатында оның санын реттеу маңызды экологиялық принцип болып табылады.

Қазалыдағы №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева бастаған ұжымы келешекті өзгертетін ойлау қабілеті жоғары, білімді де, тәрбиелі балаларды оқытуда ерекше тәсілдерді қолдануда. Олардың тынымсыз еңбегі мен ізденісі нәтижесінде бірқатар ескерілер жұмыс атқарылды.

– Бір қуантарлығы, «Жасыл балабақша» жобасы аясында бірнеше жоба жүзеге асты. Солардың бірі – «Үздік табиғат бұрышы» сайысы топтар  арасында   ұйымдастырылды.

«Үздік табиғат бұрышы» сайысы балаларға экологиялық тәрбие беру және қолайлы жағдай жасай отырып, топта  бірігіп, жұмыс істеуге бағыттау, әр тәрбиеленушінің  жалпы, топ үшін жауапкершілігін арттыру, бөбекжай-балабақша  ішіндегі топтарды бөлме гүлдерімен әсемдеу мақсатында ұйымдастырылған болатын. Алдағы уақытта осы гүлдер бөбекжай-балабақша ішінің сәнін келтіріп, тәрбиеленушілеріміз бен педагогтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деген сенімдеміз, – дейді №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

Сәуле Мұқашеваның айтуынша, тірі табиғат бұрышының  тәрбиелік мәні өте зор. Яки, бөбекжай-балабақшадағы  тірі табиғат бұрышы тәрбиеленушілердің  тірі өсімдіктер мен жануарларды сақтау орны болып шектелмей, олардың  дүниетанымын, қоршаған ортаға қызығушылығын, икем-дағдыларын, еңбекке деген ынтасын арттырып, тәрбиелік мәселелерді шешуде берер пайдасы мол.

– Тірі табиғат бұрышында жануарлар мен өсімдіктердің орналасуы белгілі тәртіппен топталады. Аквариумдерде – балықтар, су өсімдіктері, үй гүлдері, тотықұс жеке торларда сақталған. Мұндағы жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстары, тәрбиеленушілердің табиғатқа етене жақындастырып, оны сүюге, терең танып білуге, қорғауға тәрбиелеп, табиғаттың әсемдігінен эстетикалық ләззат алады. Осындай тірі табиғат бұрышында орындалатын жұмыстар арқылы тәрбиеленушілер болашаққа бағдар алады, қоршаған ортамен танысып, өздігінен бақылау жүргізу мен эксперименттер қоюға және тұжырымдар жасауға үйренеді, – дейді №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

Осылайша, жұмыс жүргізу барысында тәрбиеленушілердің ізденіс, зерттеушілік әрекеттері де дамиды. Тірі табиғат бұрышында тәрбиеленушілер режимдік сәттердің кез келген уакытында жұмыс істей алады. Қазалыдағы №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшаның мүмкіншілігіне қарай тірі табиғат бұрышын ұйымдастырылуы мен жабдықталуы әртүрлі деңгейде болады.

Нақты айтқанда, оқу жылының барысында тірі табиғат бұрышында өсірілетін өсімдіктерге – бөлме өсімдіктері, шөлтесін жабайы өсімдіктер, мәдени өсімдіктер, ағаштар мен бұталардың сабақтары және тағы басқа да, жасыл шөптесіндер енгізілген.

Өсімдіктердің коллекцияларында тәжірибе, экспери¬мент өткізуге оңтайлы түрлері өсірілгені дұрыс. Әрбір өсімдіктердің аты, биологиялық сипаттамасы жазылған QR кодтары орналастырылған.

Тәрбиешілер көгалдандыру жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр

        Бөбекжай-балабақша ауласында әр топқа  бөлінген ойын алаңдары, беседкалар,  күн шатыры, құмсалғыштар  бар. Әр беседкалардың айналасындағы шырмауық өсімдіктер мен дала гүлдерін және ағаштарды тәрбиешілер ата-аналармен бірігіп, көктемгі мезгілде егіп, күтім жасайды. Бөбекжай-балабақша айналасында ағаштың онға жуық түрі, гүлдердің отыз түрі егілуде және толығымен біркелкі көгалмен өсірілген.

        Эколаб кабинеті – өсімдіктерді жасанды ортада өсіру және зерттеуге арналған  орта. Сондай-ақ, бөбекжай-балабақшада  бүлдіршіндерге қоршаған ортамен таныстыру бағытында түсіндірумен  қатар, практикалық жұмыстарды жүзеге асыру, оларды еңбекке баулу, эколаб кабинетінде еңбектену, эколаб кабинетінде бидай, сексеуіл, туя ағашы, аскөктер, тамшылап суару тәсілі арқылы суарылады. Сол жерден тамыр өзіне қажетті қоректі алып отырады. Эколаб кабинетінде орналасқан жылыжайда көкөністердің әртүрлі сорттарын алып, тұқымнан бастап өсіріп келеді.

Қазалы ауданындағы №11 «Балапан» бөбекжай-балабақша бүлдіршіндерімен бірге егілген қияр, қызанақ, болгар бұрышы, баялды өсіріліп, олардың өнімдері алынды.

Екінші бағыт – баламалы энергия көздері,  оларды тиімді қолдану  дағдыларын қалыптастыру

«Энергияны үнемдеу» бағыты бойынша бөбекжай - балабақша ұжымына  энергияны үнемдей отыра  жұмыс жасауды,  электр құрылғыларды көп пайдаланбау,  жарықты сөндіріп  жүру және балаларға  түсіндірме жұмыстарды  жүргізу ескеріледі.

– Баламалы энергияны шығаратын зерттеу жұмыстар жоспарлап жүргізілуде. Болашақта  жел энергиясын электр энергиясына айналдыратын механикалық қондырғы орнатуға жоспарланды.   Әрі қарай жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

Үшінші бағыт – су ресурстарын үнемдеу, сақтау маңызыдылығына заманауи көзқарас, суды үнемдеу шаралары және сақтау дағдыларына баулу

«Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында Қазақстанның және өңірлердің алдында тұрған жаһандық сын-қатерлердің қатарында судың тапшылығы және табиғи ресурстардың сарқылу проблемасы көрсетілген. Осыған байланысты, еліміздің су ресурстарына қатысты жаңа саясатты әзірлеу жөніндегі міндет қойылды, ол сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуде басқа елдердің озық тәжірибесін мұқият зерделеуді және қолдануды; жер асты суларын ұқыпты пайдалануды және агроөнеркәсіптік секторда ылғал үнемдейтін технологияларға көшуді және қоғамды суды үнемдеу мен оны ең қымбат табиғи байлықтардың бірі ретінде ұтымды пайдалануға үндеуді көздейді. Бұл бағыттарды іске асыру 2050 жылға қарай елді сумен қамтамасыз ету проблемасын толық шешуге мүмкіндік береді деп болжануда.

Қазіргі уақытта Қазақстан Су ресурстарының жетіспеушілігін бастан кешіруде және сарапшылардың болжамы бойынша, жиырма жылдан кейін су ресурстарының тапшылығына тап болуы мүмкін. Бұл, бірінші кезекте, суды ойсыз тұтынумен, судың ластануымен, жер үсті суларының сарқылуымен; су жинағыштарда су қорғау режимінің бұзылуымен және су шаруашылығы құрылыстары мен құрылғыларын пайдалану ережелерімен байланысты. Көптеген су шаруашылығы объектілерінің, оның ішінде, суару жүйелері бар су құбыры желілерінің іс жүзіндегі тозуы бүгінде 60 пайыз және одан да көп. Ауыл шаруашылығында көбінесе тиімсіз, ескірген ирригациялық жүйелерді пайдалану салдарынан су босаңсуда. Тамшылатып суару технологиялары мен жаңбырлатқыш қондырғылар аз пайдаланылады, олар суды едәуір үнемдеуге қабілетті.

Жер шарын мекендеген халық санының артуына керісінше, қолданылатын табиғи су көздерінің азаюы суды мұқият қолдануды мәжбүр қылады. Тіршіліктің көзі су қажетті үнемдеу шаралары қолданылмаса, жанды атаулы үшін жеткіліксіз болады. Су үнемдеуде ең ықпалды әдістердің бірі – үнемдеу аппараттарын пайдалану.

Қол жуу сынды көптеген іс барысында қатты ағатын су керек болады. Шүмектердің аузына тағылатын үнемдеу аппараттары аз мөлшерде суды қатты ағызуды қамдайды. Осылайша, 70 пайызға дейін су үнемдеуге болады. Айырықша, бау-бақшада шлангтардың ұшына тағылатын құралдар су үнемдеуге көмектеседі. Суды тиімді қолдануға пайдалы, осындай құралдар суды үнемдеу тұрғысынан өте маңызды. Тиімді және экономикалық су қолдану үшін, барлық жерде осындай аппараттар таңдау керек. Суды босқа ағызатын, тесігі бар құралдар қолданылмау керек.

Аэратор – су кранына арналған қондырғы. Оның – екі түрі бар. Біріншісі, тор сүзгі түрінде болады. Ол – су ағынын азайтып, жан-жаққа шашырауының алдын алады. Екіншісі – суды үнемдеп қана қоймай, оған оттегі беретін аэратор. Ол – су ағынын тежеп, екі есе аз ағуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, аэраторсыз краннан минутына 15 литр су ақса, аэратормен 6-7 литр ағады.

№11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашеваның мәлімдеуінше, суды тиімді пайдалану мақсатында қол жуатын орындарға балабақшада сенсорлы кран орнату жоспарда бар.

Бүгінде бөбекжай-балабақша ұжымы және тәрбиеленушілері суды үнемдеуге дағдыланып келуде. Сонымен қатар, тәрбиеленушілері ақпараттық парақшалар әрбір қол жуатын орындарда орналастырылды. Суды қорғау тіршілікті қорғау екенін тәрбиеленушілер мен қызметкерлер жақсы жадында сақтайды.

Төртінші бағыт: Қалдықтарды өңдеу – қалдықтардың пайда болу көздерін талдау, азайту, қайта өңдеу және қайта пайдалану жолдарын анықтау

«Қалдықтарға сараптама жасау» бағыты аясында қалдықтардың пайда болу көлемін азайтуға жұмыс жасалуда. №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева айтқандай, балабақшаның әр бұрышында қалдықтарды бөліп тастауға арналған эко-жәшіктер орналастырылған. Бөбекжай-балабақша қызметкерлері мен бүлдіршіндері  қалдықтарды бөліп тастауға дағдыланған.

Қалдықтарға сараптама жасау

Жоба аясында бүлдіршіндер бөбекжай-балабақшадағы қалдықтарды азайту тақырыбында іс – шара ұйымдастырылды. Еліміздегі экологиялық проблемаларға жанашырлық білдіру, бөбекжай-балабақшадағы  және үйдегі қалдық заттардың мөлшерін азайтудың жолдарын түсініп, қалдықтарды қайта өңдеп оны әрі қарай тұтынатын жолдарын көрсету мен қоршаған ортаға қорған болу, қалдық заттармен күресе отырып, жасыл экономиканың дамуына өз үлестерін қосу мақсаттында.

Қоғамдағы басты мәселелердің бірі - қалдық заттардың мөлшерін азайту және күнделікті шығатын қалдық заттарды бөліп жинау арқылы қоршаған ортаға бірлесе атсалысу үшін «Қалдықтарды бөлеміз, табиғатты қорғаймыз!» акциясын ұйымдастыра отырып, кішкентай жанашырларымыз бөбекжай-балабақша жанындағы дүкендер мен балабақша ата аналарына үнпарақтар тарата отырып, өздерінің ұрандарын жолдады.

Бұл тұрғыда ата-ананың маңызы зор. Өйткені, бала ата-анасына қарап, үлгі алады. Олардың іс-әрекетін қайталайды. Егер, ата-ана баласының кішкентайынан қоршаған ортаға қамқор болғанын қаласа, олар өзінен бастауы керек.

Біріншіден, қазіргі өмір салтыңызға бір көз жүгіртіп шығыңыз. Күнделікті не тұтынасыз, оған қанша ақша жұмсайсыз, неден бас тартуға болады? Осы сұрақтарды өзіңізге қойып көріңіз. Осылай өміріңіздегі артық заттардан арылуға тырысыңыз.

Екіншіден, үнемдеп үйреніңіз. Мысалы, таңертең тіс жуып жатқанда суды өшіріп қойыңыз. Керек емес кезде жарықты, теледидарды босқа қосып қоймаңыз.

Үшіншіден, эко сөмке сатып алыңыз. Пластик пакетті пайдаланбау үшін эко сөмкеңіз үнемі жаныңызда болуы керек.

– Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат пен адам қатар ұғым. Адамсыз табиғат, табиғатсыз адам өмір сүруі мүмкін емес. Қоршаған орта мен Жер-Ананың берген әсемдігін қорғау – қазіргі мақсатымыз, болашақтағы өміріміз, – дейді №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

Осы ретте жақында бүлдіршіндер  арасында «Екінші өмір сыйла» акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты –  табиғатты ластамай, тұрмыстық қалдықтарды үй жағдайында өңдеп, басқа нысандарға пайдалану.  Ересек, мектепалды топтың балалары түрлі қоқыстан өңделген өнімді әкеліп, табиғатты ластамауды насихаттады. Табиғатты ластамау, қоқысқа қайта өңдеп, балаларымыз шығармашылығын дамытуда.

Бесінші бағыт – ақпараттық – экологиялық шаралар – акциялар, көрмелер, байқаулар, экологиялық бастамалар, жергілікті тұрғындарға экологиялық білім беру. табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғаудың инновациялық технологиялары

№11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашеваның қатысуымен  ұдайы жадынамалармен жұмыс атқарылып тұрады. Бұл орайда «Жасыл Қазақстан - жасыл  балабақшадан басталады» жобасы айналасында суды үнемдеу жөнінде жадынамалармен бүлдіршіндерге және ата-аналарға ақпараттар беріп, жадынамалар таратылды. Балабақша ауласына ата-аналарға суды,  энергия көздерін үнемдеу және табиғатты аялау мақсатында ақпарат көздері орналастырылды.

«Табиғат – ортақ үйіміз» атты  балабақша ауласына тал егу акциясы өтті. Маңызды акция барысында балабақша ауласына жаңа талдар егілді. Бұл үрдіс көктем-күз айларында үнемі жалғасын тауып келеді.

Тағы бір айта кететін жайт, тарихи мұраларға толы «Тұған өлке» стенді ашылды. Онда өлкенің әлеуметтік-экономикалық; саяси, тарихи және мәдени дамуы көрсетілген. «Тұған өлке» стендінде: туған өлкенің байлықтары, тарихи ескерткіштері және мәдени нысандары туралы мәліметтер бар. Сонымен қатар, туған өлкеге үлес қосқан жандар туралы деректемелер; өлкетану жұмысын ұйымдастыру бойынша ең үздік педагогикалық тәжірибе мен инновациялық тәсілдерді жинақтау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады. Әрбір өсімдік пен жануарлардың тұсында анықтамасы берілген QR кодтар ілінген.

№11 «Балапан» бөбекжай-балабақшада биыл жыл басында «Екінші өмір сыйла» атты эко музейі ашылды. Негізгі мақсаты – қоғам тазалығы және ауданымыздың экологиясын жақсарту үшін жағдай туғызу, қалдық заттардан тұрмысқа қажетті, балабақша тәрбиеленушілеріне арналған ойыншықтар, бұйымдар жасап, қолданысқа енгізу болып табылады.

Сонымен қатар, балабақшада биыл жыл басында «Жасыл аймақ» ашылады. Басты мақсаты – тәрбиеленушілердің табиғатқа құндылық қатынасын қалыптастыру; білім берудің экологиялық бағыттылық деңгейін арттыру, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша тәрбиеленушілердің хабардар болуына, өскелең ұрпақтың табиғатқа жауапты көзқарасын тәрбиелеуге, экологиялық сауатты мінез-құлықты қалыптастыру

Алтыншы бағыт – саламатты өмір салты

        Самаматты өмір салты бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Өмір адамның өмір салты өздігінен қалыптаспайды. Ал, салауатты өмір салты өмір сүру барысында мақсатты түрде қалыптасады. Қазіргі мәліметтер бойынша денсаулық 53-55 пайызға салауатты өмір салтына тәуелді болады екен. Бұдан салауатты өмір салтын ұстанудың қаншалықты маңызды екендігі айқын. Салауатты  өмір салтын ұстануды бөбекжай-балабақшамызда үнемі насихаттауда және бүлдіршіндермен арнайы жұмыс жүргізулуде. Балабақша бүлдіршіндеріне күн сайын түскі ұйқыдан кейінгі шынықтыру шаралары ұйымдастырылады. Балабақша педагогтері және қызметкерлері арасында «Қыс қызықтары» сайысы өткізілді

Алтыншы бағыт – дұрыс тамақтану дағдылары

Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Сондықтан тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Тамақ құрамының құндылығы басты назарда болғаны дұрыс. Тиімді, дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, жұмыс қабілетінің жоғарылауына және ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді.

Тамақтану адамның өмірлік қажеттігі және денсаулық кепілі. Ас – адамның арқауы, ағза дене жүктемесінде ғана емес, тыныштық жағдайында да, шығындайтын қуат көзі. Дұрыс тамақтану – баланың өсуі мен жан-жақты дамуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Баланы кішкентай кезінде дұрыстап, тамақтандырудың пайдасы немесе зияны өсе келе білінеді. Сәби кезде қоректенген тағамдардың себебінен баланың кейінгі жастағы тағамға деген қызығушылығы қалыптасады.

– Тамақтану дағдысы да, маңызды деп саналады. Балабақшада  дұрыс тамақтану  жұмыстары жүйелі  жургізіледі. Баласы ішкен астан зиян көрмес үшін ата-аналардың мұқият болуларын қажет ететін жағдайлар болады. Соларға қатысты ата-аналарға кеңес жасаймыз, – дейді №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Сәуле Мұқашева.

0b4209b6-11a4-48bb-b21c-e8609c815aae.jpg

48b61e40-bce8-4a50-9070-7ee5222e3568.jpg

501a51f1-d242-430d-814b-1b9e688e4363.jpgff52cd8e-2d4e-47d8-92af-d2566be3db7b.jpg

Тағы да оқыңыз: