Kyzylorda-news.kz   Мектеп – парасат пен кемелдікке бастайтын қақпа. Мектеп – ертең мен бүгінді жалғайтын білім ошағы, сәулелі болашаққа апарар кеме. Қазалы қаласындағы №16 мектептің негізі 1860 жылы қаланған. Мектепті алғашқы рет – патшалық Ресейдің офицері А.Н.Алексеев және діндар (священник) Н.Ф. Евграфов 2 кластық орыс мектебі негізінде ашқан. «Төменгі» топ оқушыларын А.Н.Алексеев, «жоғарғы» топ оқушыларын діндар Н.Ф. Евграфов оқытқан. Мектепте 4 пән (чтение, грамматика, арифметика және дінге табыну (богославие) оқытылған. (Бұл дерек уезд бастығы Глобовтың Түркістан генерал-губернаторына жазған хатынан алынған). 19 ғасырдың аяғына таман бұл мектеп қалалық училищеге, кейін 2 кластық ремесло училищесіне айналған.

Қазалы қаласындағы №16 А.М. Горький атындағы орта мектеп ғимараты 1912 жылы салынған. Мектепті Түркістан аймақтық оқу инспекциясының шешіміменен Ташкент қаласынан Қасымқожаев Сұлтанқожа басқарған құрылысшылар бригадасы келіп салған. Мектепті салуға қаржы түгелдей Қазалы қаласының тұрғындарының салығы есебінен жүзеге асқан. Мектеп 4 кластық орыс-түзем мектебі деп аталған. Мектептің алғашқы директоры болып, сол кездегі Қазалы уезіне белгілі педагог Иван Васильевич Иванов бекітілген. Мектеп көп кезеңге дейін “Иванов мектебі” деп  аталып келген. Мектеп оқушылары негізінен 1921 жылға дейін 5 класс оқып, 6, 7 кластарды Қазалы станциясында бітіретін болған. 1938 жылы мектепке атақты орыс жазушысы Алексей Максимович Горький аты және орта мектеп дәрежесі берілген.
Мектеп қабырғасында Шығыс жастарының ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаев 1914-1918 жылдары оқыған. Мектептің алғашқы түлектердің бірі

– Ұлы Отан соғысының батыры, батальон командирі майор Геннадий Фадеевич Шляпин, “Қазалының Алтынсарині” атанған Ленин орденінің иегері Мергенбаев Бердікен, Қазақ ССР ғылым Академиясының ғалымы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Ерлепесов Мұхамеджан Ноғайұлы сынды есімі елге танымал тұлғалар шыққан.

Мектептің 1972 жылғы түлегі, ауған соғысының ардагері генерал – майор Әлімжан Ерниязов, сонымен қатар, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова, Азия чемпионы Абылайхан Жұбаназар осы мектептің мақтаныш түлектері.  
2012 жылы желтоқсан айында типтік жобада салынған 300 орындық. Жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа мектептің оқу блоктарында заманауи физика, робототехника, химия, технология кабинеттерімен, асхана, спорт зал, кітапхана, акт залы, дәрігер бөлімесі мен тіс кабинеті бар. 

2016 жылы қаңтар айынан бастап «Жалпы орта білім беру ұйымының» «Мектеп-лицей» статусына өзгерді.
М. Горький атындағы №16 мектеп-лицейі оқу-ағарту ісін өркендету бағытында өзінің алдында тұрған жауапты міндеттерін айдағыдай орындап келеді. Атап айтсақ, 2018 жылы облыстық «Үздік ұжым» бағамымен марапатталды. 

2020-2021 оқу жылының қорытындысы мен білім алушыларға сапалы білім беру арқылы ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы нәтижелі еңбегі үшін мектеп ұжымы Алғыс пен марапатталды. 2021-2024 оқу жылдары аралығында – 8 "Алтын белгі", 8 "Үздік аттестат" иегерлері атанды. 2023-2024 оқу жылында – 93 педагогтің – 90-ны жоғары білімді, педагог-шебер – 1, педагог-зерттеуші – 24, педагог-сарапшы – 19, педагог-модератор

– 28 білім береді. 2021-2024 оқу жылдары аралығында – 80-дей республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жүлдегерлері шықты. Атап айтқанда, 7 оқушы республикалық пән олимпиадасының жүлдегері, 12 оқушы республикалық ғылыми жоба жүлдегері, 60 оқушы аудандық  пән олимпиадасының жүлдегері, 36 оқушы аудандық ғылыми жоба жүлдегері, 500-ден астам түрлі білім сайыстарының жүлдегерлері атанды.

Қазіргі таңда оқу-тәрбие ісі табысты ұйымдастырылып келеді. Сапалы білім беру мен әрбір оқушының қабілетін дамытуға жеке тұлға тәрбиелеуге бағатталған.
 

Тағы да оқыңыз: