Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Музыка әлемі» атты аудандық ән байқауының ақтық кезеңі өтті. Сайыста ән әлеміне қанат қағып, өнер өлкесінде өзіндік орын қалдыруға бет алған балғындар тыңдарман жүрегіне жол табуға тырысты.
Байқаудың аймақтық іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 13 талапкер бақ сынады. Қорытындысына сәйкес, бағы мен бабы қатар шапқан №100 орта мектептің 6-сынып оқушысы Дәрменова Ырысалды бірінші орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, Жамбыл Жабаев атындағы №234 орта мектептің 6-сынып оқушысы Жеткербай Минура мен №97 орта мектептің 5-сынып оқушысы Баймұрат Кәусар екінші орынды місе тұтса, №182 орта мектептің 4-сынып оқушысы Қалдыбек Қарақат пен №225 орта мектептің 5-сынып оқушысы Алданбай Нұрмұхаммед үшінші орынды бөліске салды.
Байқауда жеңіске деген жігері үшін Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің 2- сынып оқушысы Оңталап Әмина, Сәкен Сейфуллин атындағы №165 орта мектептің 5-сынып оқушысы Қыпшақбай Мерей, Ғани Мұратбаев атындағы №17 орта мектептің 5-сынып оқушысы Қанибай Нұрдаулет алғыс хатпен марапатталды.