Kyzylorda-news.kz Білім ордасының қабырғасында нәзікжанды студент қыздарға ақыл-кеңес айтып, дұрыс бағыт-бағдар мақсатында «Ақжүніс» қыздар ұйымы жұмыс жасайды. Қыздар ұйымының төрайымы, жас та болса, көпбалалы ана атанған, «Күміс алқа» иегері Салтанат Тәжібекованың  бастамасымен  әрбір атаулы мерекелерде «Ақжүніс» қыздар ұйымы қазақи, рухани тағылымды  тәрбие  жұмыстарымен ерекшеленеді.  Сондай әсерлі шараның бірі – Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде болып өтті.

Қос мереке қарсаңында «Ақжүніс» қыздар ұйымының жетекшісі, арнайы пән оқытушысы Салтанат Ғабиденқызының ұйымдастыруымен «Ана – мәңгі асыл бейне ардақты» атты «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған көпбалалы аналармен кездесу кеші өткізілді. Көпбалалы аналар «Алтын алқа» иегері Рима Піржанова, «Алтын алқа» иегері Бақытгүл Кеулімжаева, «Күміс алқа» иегері Ольга Тайгараева сынды аяулы аналарымыз салтанатты шарамыздың құрметті меймандары болды.

Кездесу кешін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлазат Жаңылова ашып, көпбалалы аналарға өзінің ыстық лебізін, алғысын жеткізді.

«Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген» деп, өзінің сөзін жалғаған «Ақжүніс» қыздар ұйымының жетекшісі Салтанат Тәжібекова көпбалалы аналарымызға отбасындағы тәрбие, қыз бен ұл тәрбиесі туралы өзінің сұрақтарын қойды. Аналарымыз қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті. Отбасы құндылығы туралы келелі ойларын ортаға салды.

Рухани басқосуда белсенді білім алушылар да, ардақты аналарға  балаң көңілмен көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Колледждің бір топ өнерлі студенттері аналарға арналған әсерлі әндерін шырқаса, мың бұралған биші қыздарымыз әсем биімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кеш соңында аналарымызға құрмет ретінде сыйлықтар табысталды.

Тағы да оқыңыз: