Kyzylorda-news.kz. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде қыз бала тәрбиесі, ерте жүктілік, суицид, зорлық-зомбылықтың алдын алу және басқада өзекті мәселелерге байланысты қыз баланың өсіп дамуына қолайлы психологиялық және әлеуметтік жағдай жасау, оларды келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу, өмірге құштарлықтарын арттырып, қыз бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлуге ақыл-кеңестер беру мақсатында қыз балалармен, олардың ата-аналарымен семинар-тренинг өткізілді.
Шараға аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Роза Асанова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, еңбек ардагері Гүлнар Тұяқбаева Қазалы АПб-нің ЮПт-ның аға инспекторы, полиция майоры М.Бегалиева Қазалы қалалық емхананың психологі Ж.Сағымбай, көпбалалы, «үшемдердің» анасы Б.Сағымбаева және колледж бен №16, №17, №95 мектептердің жоғары сыныптарында оқитын қыз балалар мен ата-аналар қатысты.
Шара әлеуметтік педагог Г.Таңатова «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» атты баяндамасынан басталды.
Онан кейін Роза Асанова мен Гүлнар Тұяқбаева «Қазақ қызы деген кім, оның қоғамдағы орны қандай?», «Қыз бала тәрбиесіндегі ананың рөлі» тақырыптарында ашық баяндап, өздерінің ақыл-кеңестерін, көпбалалы ана Б.Сағымбай ана ретінде бала тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесіне қатысты өз тәжірибесімен бөлісіп, қатысушылардың сауалдарына жауап берсе, Қазалы АПб-нің ЮПт-ның аға инспекторы, полиция майоры М.Бегалиева қыздардың тәртібі, түнгі мезгілдерде жүру, зиянды әдеттерден аулақ болу, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік, олардың алдын алу бағытында хабарлама жасады.
Қазалы қалалық емхана психологі Ж.Сағымбай шараға қатысушылардың қарым-қатынасын жақсартып, сергіту мақсатында «Сәлемдесу» тренингін жасатып, барлық қатысушыларға хормен, «Ана туралы жыр» әнін орындатты.
Шара барысында «Қыздарға арналған тыйымдар» атты бейнеролик көрсетіліп, студент қыздардың сауалдары мен ата-аналардың ұсыныс пікірлері тыңдалып, ардагер апаның ақ батасымен шара қорытындыланды.
