Kyzylorda-news.kz.  "Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" деген тәмсілді ұстанған №266 мектеп-лицей ұстаздары ауыл балаларына арналған республикалық олимпиадаға 10-сынып оқушысы Нұржан Орымбетке үкілі үмітін артып, шығарып салған. Жақында тарих пәні бойынша сынға түскен алғыр оқушы аудан абыройын арттырып, елге жүлдемен оралды. Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов Нұржан Құдайбергенұлы мен жетекшісі Мөлдір Қырғызбайқызын жарқын жетістігімен құттықтады.

– Білім мен спортты қатар алып, мектептегі шараларға белсене араласып жүргеніңізді жиі байқаймыз. Бұл үшін сізді дүниеге әкеліп, лайықты тәлім-тәрбие берген ата-анаңызға айтар алғысым шексіз. Ауыл балаларының республикалық додасында білімін дәлелдеп, жүлдеге ие болуы кез келген шәкірттің қолынан келе бермейтіні даусыз. Оның үстіне дода биыл алғаш рет өткізіліп отыр.
Мұндай жетістік жетекші-ұстаздың да, еңбегінің ақталғанын білдіреді. Оқу жылы аяқталар сәтте табысты қызметіңізге ризашылығымды білдіре отырып, ұстаз ретінде жеткен жетістігіңізбен құттықтаймын. Әлі де болса, аудандағы білім деңгейін республикалық, әлемдік аренада дәлелдей алатын дарынды шәкірт, білікті бала тәрбиелеп шығарасыз деп сенемін, – деді Әділхан Оңдасынұлы.
Бұдан соң, мамандық таңдау жайында әңгіме өрбіді. Сөз соңында мектеп-лицей басшысы Ерлан Әмірханұлы жеңімпаздарға игі тілегін арнап, көрсетілген ықылас үшін бөлім басшысына ризашылығын білдірді.

*
Ертең мектеп бітіруші түлектер үшін балғын шақтың алғашқы сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. 16 мамырдан 5 шілдеге дейін Қазалы ауданы бойынша 1600-ден астам талапкер екі кезең бойынша, яғни, қос мүмкіндігін пайдаланып, мектеп қабырғасында алған білімін дәлелдейді.
Осыған орай, Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы, мемлекеттік комиссия төрағасы Әділхан Жөлекешов пен комиссия мүшелері «U-study» аймақтық тестілеу орталығының материалдық-техникалық дайындығын бақылап қайтты. Сонымен бірге, орталық қызметкерлерімен Ұлттық тестілеу барысында балалар кездесуі мүмкін тәуекелдерді барынша азайту, тұла бойы толқынысқа толы талапкерлермен жылы сөйлесу жайында әңгіме өрбітті.
Еске сала кетейік, биыл Арал, Қармақшы ауданындағы жүздеген шәкірт Қазалы ауданынан тест тапсыруға ниеттеніп отыр.

c26967a3-4bb7-46af-8b41-1176ad67d169.jpg

Тағы да оқыңыз: