Kyzylorda-news.kz. Қазалы қалалық балалар кітапханасында өскелең ұрпақтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз көзқарастарын білдіріп, дүниетанымын кеңейтіп, өз елін құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркениетті ел» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Шара барысында кітапханашы Н.Сарсенбаева М.Горький атындағы №16 мектептің 9 сынып оқушыларына бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе екендігін және қай мемлекетте болса да ең қауіпті құбылыс – жемқорлықтың жайылып, парақорлықтың дендеп тұрғандығын айта келе, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы «Біз жемқорлыққа қарсы күресте барынша қатаң және батыл болуымыз керек. Халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсарту үшін нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Сондықтан, жемқорлыққа қарсы қызметтің барлық бағытын түбегейлі қайта қарау қажет. Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек» деген сөзі мен ойын қорытындылады.

Қазақтың кең байтақ даласындағы мәдени және тарихи ескерткіштер туралы мағлұмат беру және ел тарихымен біте қайнасып жатқан құнды ескеткіштерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, оларды мәдени мұра ретінде сақтау баршамыздың борышымыз екендігін түсіндіру мақсатында 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Ескерткіштер – ел тарихы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Н.Сарсенбаева М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің10 сынып оқушыларына таныстырды. Көрмеге Зиба Құламанованың «Тастағы Тараз тарихы», Бақытжан Ахметбектің «Сыр ескерткіштері», Бибатпа Көшімованың «Үстірттегі көненің іздері», Ералы Шоқай, Сәбит Пәрменқұлдың «Отырар алқабындағы қасиетті орындар», Бақыт Тасполатовтың «Басында Қазығұрттың кеме қалған, Тәңірберген Мәмидің «Кейінгі орта ғасырдағы Арал өңірінің қалалары», «Ертедегі Асанас қаласы», «Сыр елінің тарихи-мәдени мұралары» 3 том, «Тамыры – терең, тарихы – кененҚазалы» атты кітаптары оқырман назарына ұсынылды.

Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі, тіршіліктің құт-берекесі, тіршілік иесінің ежелден өмір сүріп келе жатқан ортасы, табиғатты қорғау баршамыздың міндетіміз екенін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында «Табиғат – тал бесігің, аялай біл»атты әңгіме өткізілді. Шара барысында кітапхана оқырмандарына кітапханашы Э.Шамет: «Қазіргі кезде экология мәселесі күрделеніп барады. Айналаға қоқыс тастап ластамай, адамдардың арасында қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау, сақтау қазіргі жастардың қолында. Жер бетінде табиғатқа үлкен қауіп төніп тұр. Оған себеп адамдардың өз қоршаған ортасына сүйіспеншілікпен қарамауы, ең басты себеп. Сондықтан әр келешек ұрпақ өзінің туған жерінің табиғатын аялап, қорғап, жанашырылық танытса еліміздегі су тасқыны сияқты табиғат апаттарының алдын алған болар еді» – деп әңгімеледі.

Халқы үшін қажымай-талмай еңбек еткен тамаша азамат, талантты геолог, аса ірі мемлекет қайраткері Қазақстан ғылымы, оның дамуы, гүлденуі сонымен қатар Қазақстан байлығын игеруді, алдыңғы қатарлы озық елге айналдыруда ұлан-ғайыр еңбек сіңірген көрнекті ғалым-геолог, қоғам қайраткері, профессор Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Рухы биік ұлы перзент» атты таным сағаты өткізілді. Шара барысында кітапханашы Н.Сәрсенбаева өскелең ұрпаққа ғалымның ғибратқа толы ғұмыры мен қызметін, еліне еткен еңбегін, ізденімпаздығы мен жетістігін насихаттап, артында қалдырған мол ғылыми мұраларымен таныстырып өтті.

Кітапхана оқырмандары М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушылары Аружан Әзберген, Аяжан Жұмағали ғалым туралы және оның ізденістері туралы пікірлерін білдірді.

Жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруде еңбегі зор, отаншылдық рухта тәрбиелеуге айрықша мән берген, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткеріӘлмәмбет Әлішевтің туғанына 85 жыл толуына орай жазушының шығармаларын насихаттау мақсатында«Қазалының бәйтерегі, ақсұңқары»атты библиографиялық шолу өткізілді. Шара барысында кітапханашы Н.Сәрсенбаева кітапхана оқырмандарына жазушының өміржолы мен шығармашылығымен таныстырып өтті. Сонымен қатар жазушының «Батыр болып тумайды», «Бәйтеректің бұтағы», «Ат тұяғын тай басар» атты кітаптарына библиографиялық шолу жасады.

12 сәуір – Ғарышкерлер күніне орай жас ұрпақтың патриоттык, отаншылдық сезімін ояту мақсатында кітапханашы Э.Шамет М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 6 сынып оқушыларына «Байқоңыр –ғарыштың шетіндегі қала» аттыпрезентациясын таныстырды. Шара барысында кітапхана меңгерушісі Т.Мырзалиева оқырмандарға 1961 жылы 12 сәуірде Қазақстанның Байқоңыр аймағынан тұңғыш космос кораблі ғарышқа аттанғанын, ең алғаш Юрий Гагарин – әлемнің тұңғыш ғарышкері, ал Байқоңыр – ғарыш аймағына айналды. Алғашқы ғарыш сапарынан кейінгі жылдары 500-ден аса ғарышкер аспан әлеміне сапар шегіп, ғылыми зерттеулер жүргізді.Солардың ішінде Қазақстанның үш өкілі, өз елінің ұлттық батырлары, ұшқыш-ғарышкерлер – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтер де бар.Олардың есімдері Қазақстан тарихы бетіне алтын әріптермен жазылды, – деп әңгімеледі.

«Коворкинг» орталығында қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Қазалы топырағынан шыққан батыр, би, қоғам қайраткері, еңбек ардагері, Кеңес Одағының батыры, ақын, жазушы және өнер адамдарының өміржолдарын насихаттау мақсатында «Қазыналы өңірдің қара шаңырағы» атты әдеби саяхат барысында кітапханашы Н.Сарсенбаева ДОДЕКАЭДР әдісімен оқырмандарға ойын өткізіп, тұлғалар туралы кең мағлұмат берілді.

Қазақтың әйгілі суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР халық суретшісі, Қазақ КСР-ің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай шығармаларын насихаттау мақсатында «Көз арбар көркем әлем» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға таныстырылды. Кітап көрмесінде суретшінің портреті мен өмірбаяны, әр жылдары салынған туындылары мен суретші туралы жазылған әдебиеттер оқырмандарға ұсынылды.

Дүние жүзі көлемінде аталып өтетін маңызы өте жоғары мерекелердің бірі 2 сәуір –Халықаралық балалар кітабы күні. Осындай атаулы мерекеде жас оқырмандарға кітаптың адам өмірінде аса маңызды рол атқаратынын, Отанды сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулитынын, жаман әдеттерден аулақ болуға үндейтін бірден бір рухани байлық «кітап» екенін насихаттау мақсатында «Кітап еліне саяхат»атты викториналық сайыс өткізілді. Шара барысында кітапханашы Н.Сәрсенбаева кітаптың адам өмірінде алар орны мен шығу тарихына тоқталып өтті. Сонымен қатар М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің 4 сынып оқушыларының қатысуымен «Кітапқұмарлар»және «Кітапсүйерлер» атты екі топтың арасында 3 кезеңнен тұратын сайыста мақал-мәтелдер, ертегі кейіпкерін табу, кітап туралы сұрақтарға жауап беру сынды білімдерін ортаға салды. Кеш соңында оқырмандар АйаруСейілхан, ІнжуМырзахмет, НұрланБерік, Асылхан Асейнақындардың өлең жырларын оқыса, кітапхана меңгерушісі Т.Мырзалиева кешті қортындылап, мерекелік лебізін білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.

Жыл сайын 2 сәуірде дат ертегішісі Ганс Христиан Андерсеннің туған күнінде атап өтілетін Халықаралық Балалар кітабы күні Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептің 4 сынып оқуышларымен кітапханада «Балалар үшін бақыт, балаларға бейбіт» атты ертеңгілік өткізілді. Шара барысында кітапханашы Э.Шамет баланың кітап оқуға деген қызығушылығын қалыптастыруға көмегін тигізетін пайдалы ақпараттар мен балалар кітабы күні мерекесінің шығу тарихы туралы ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар кеш қонағы Г.Абсеметова мерекелік лебізін білдірсе, кішкентай оқырмандар, балалар жазушысы Ы.Алтынсариннің «Әке мен бала», «Екі дос» және «Деңгене» атты қазақ салт-дәстүрімізді дәріптейтін көріністер қойды. Жас оқырмандар ақындар өлеңін оқыса, «Отбасы хрестоматиясы» сириясымен шыққан “Экософия немесе киелі табиғат” атты кітабынан қоршаған ортаны мән мен мазмұнға толтыруды, адам қоршаған ортасына кие дарытып, аң-құсқа рахымшылықпен қарау хикметін таныстыру мақсатында «Жаралы құс» атты сахналық қойылым көрсетілді. Кітапхана меңгерушісі Т.Мырзалиева кешті қортындылап, мерекелік лебізін білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.

Қазақ халқында «бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел жеміс ағашын егеді, ал мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының жүрегіне ізгіліктің дәнін егеді» -деген сөз, өскелең ұрпақ үшін  аянбай еңбек етіп, ізденіс жолында қазақтың құндылығын, даналығын, ұлттық құндылықтарымызды сақтау, оны болашақ ұрпаққа кірлетпей, кемшіліксіз жеткізу үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың бірі, жерлесіміз,отбасы хрестоматиясы сириясымен шыққан «Яссауи феномені», «Бейсен болмыс» «Мың сұрақ»т/б кітаптардың авторларының бірі Айбек Нәбимен «Өткеннің өнегесі – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы»атты кездесу кеші өткізілді. Шара барысында кешті жүргізуші кітапханашы Э.Шамет «Отбасы хрестоматиясы құндылығы-даналық пен даралық насихаты» атты кітап көрмесін таныстырып, авторға өмір жолы мен шығармашылығы туралы сұрақтар қойды.Сонымен қатар кеш қонақтары М.Елдесбай, Ж.Нұртаза, П.Маратқызы, Ұ.Бейсенбай, Г.Жауғашарова лебіздерін білдірсе, кешке қатысушы оқырмандар көкейде жүрген көп сұраққа жауап алды. Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Т.Мырзалиева жазушыға алғысын білдіре отырып, ұжым атынан «Қазалы» кітабын сыйға тарту етті.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Тағы да оқыңыз: