Kyzylorda-news.kz   Жақында Сәтбаевтың ұлылығына арналған жиын өтті. Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік) және Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ халқының мақтанышы, тұңғыш академик, тау-кен ғылымының негізін қалаған ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына - 125 жыл толуына орай «Сәтбаевтың ұлылығы» тақырыбында облыстық вебинар ұйымдастырылды.

Вебинарға облыстың география пәні мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты. Ұстаздар қазақ халқының біртуар азаматы, академик, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мұрасын насихаттау, жаңа буынның көшбасшылық, интеллектуалдық әлеуетін дамыту турасында тәжірибе алмасты.

Атап айтқанда, «Ұлтының ұлы перзенті» тақырыбында өмір жолын Бекжанова Жақсыгүл №17 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі; «Қаныш Сәтбаев» қызметі жайлы Сәдуақасова Назира №95 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі;  «Қасиет қонған Қ.Сәтбаев салған жол ұрпаққа ұлағат» атты баяндаманы мектеп тарихшысы - Бектов Бектас №216 орта мектептің мектеп директорының міндетін атқарушы ұсынды. Сонымен бірге, «Жезқазған мыс кенді аймағы және оның минералды ресурстары» картамен жұмысын – Өтепбергенов Рахымжан №16 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі; «Қазақтың Қанышы» қызықты деректерді Мусаева Гаухар №91 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі; «Қаныш Сәтбаев – ғалым, азамат, патриот» сынды сахналық қойылымды Жакей Фарида №170 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі ұйымдастырды. Бұған қоса, «Қара алтынның қаламгері-Қанекем» деген шығарманы Аймішова Гүлшахар №276 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі мәнерлеп оқып берсе, «Найзағай ғұмыр» Сәтбаевқа арнауды Шертай Ерхан №78 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі орындады.

Жиын соңында тың ақпаратпен бөліскен пән мұғалімдері Алғыс арқалап, тәлімі мол вебинар ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірді.

Шеберлік сағаты біліктілікті шыңдайды

Психологиялық қызметті ұйымдастыруда әдістемелік кабинеттің іс-шаралар жоспары аясында №234 орта мектепте педагог-психологтардың кәсіби жұмыс әдістерін жетілдіру, іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында «Баланың саулығы-отбасының-болашақтың саулығы» тақырыбында әдістемелік шебер-сынып өтті.

Семинар «Бақытты отбасы –жарқын болашақ» тақырыбында көлеңке театрымен ашылды. Жетекшісі №170 орта мектептің мұғалімі Рысмамбетова Ақнұр.

Бұдан әрі педагог-психологтардың іс-тәжірибелері көрсетілді. «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» кіріктірілген сабақты №170 орта мектеп педагог-психологы Жарылқапова Гүлзира мен №170 орта мектептің мұғалімі Наурызалиева Гүлжанат, «Смартфон және бала саулығы» жайында №170 орта мектеп педагог-психологы Мырзалиева Қазына, «Ұлттық құндылық: Отбасы және психология» туралы №226 мектеп-гимназия педагог-психологтары Өтемісова Әйгерім, «Ұрпақ тәрбиесінде не маңызды:кеше,бүгін,ертең...» атты талқылауды №234 орта мектептің педагог-психологтары Ермаханова Баян мен Бекмұратова Гаухар бірлесе түсіндірді.

Әр көрсетілген жұмыстан кейін талдау жасалып, қатысушылар ұсыныстарымен бөлісті.

Қазалылық өнертапқыштар олжалы оралды

Техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) республикалық жарысының облыстық кезеңінде оқушыларымыз оза шапты.

Атап айтқанда, Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия оқушылары автокөлік модельдеу бойынша 8-Б сынып оқушысы Алпыс Ахат екінші, кеме құрастыру бойынша 11-А сынып оқушысы Жәдігер Мағжан бірінші, сондай-ақ, автокөлік модельдеу 1:24 жартылай көшірме бойынша 7-А сынып оқушысы Әлиханов Бекхан бірінші орынмен марапатталды. Жетекшісі — информатика пәні мұғалімі Жәлімбетова Нұргүл Махмудбекқызы.

Сонымен бірге, №102 орта мектептің 9-сынып оқушысы кеме модельдеу бойынша Есенкелді Әбдуләзиз Мейрамбекұлы екінші орынмен марапатталса, аудандық Оқушылар Үйі «Робототехника» үйірмесінің мүшелері Әуе модельдері бойынша 5 сынып шәкірті Қайратұлы Асанәлі ІІІ орын, зымыран модельдері бойынша Оңдабай Рамазан Алғыс хатпен марапатталды.

Ал облыстық кезеңнен бірінші орын алған №226 мектеп-гимназия оқушылары Жәдігер Мағжан мен Әлиханов Бекхан Республикалық кезеңге жолдама алды.

Әдістемелік семинар ұстаз әлеуетін арттырады

Жақында психологиялық қызметті ұйымдастыруда әдістемелік кабинеттің іс-шаралар жоспары аясында №276 мектепте педагог-психологтардың кәсіби жұмыс әдістерін жетілдіру, іс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында «Цифрлық трансформация арқылы балалардың даму қабілеттерін арттыру» тақырыбында аймақтық семинар-практикум өтті.

Семинарға жас мамандар, тәжірибелі педагог-психологтар қатысты. Онда оқушыларға, ата-аналарға, мұғалімдерге арналған «Ақпараттық технология қолдану арқылы оқушылармен жүргізілетін әдістемелер және дамыту жаттығулары» тақырыбында №276 мектептің педагог-психологы Жүніс Балгүл мен №165 мектептің педагог-психологы Өтелбаева Жадыра іс-тәжірибесімен бөлісті. Сонымен бірге, «Таңғажайыптар әлемі» әдіс-тәсілдер топтамасын №204 орта мектептің педагог-психологтары Абдикалиева Роза мен Жұмахметова Айна және «ТЕД х форматта психологиялық кеңес беру» аясында №204 орта мектептің маманы Бисенова Жания тәжірибесімен бөлісті.

Семинар соңында педагог-психологтардан «3-2-1 стратегиясы» бойынша кері байланыс жасап, ұсыныстарын ортаға салды.

«Ұлт ұлыларын ұлықтайтын баласы бар ел тозбайды»

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық». Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбай айтқан осындай озбақ ұлтты тәрбиелеу миссиясы бүгінгі күні мұғалімнің мойнында десек қателеспейміз. Киелі міндетті кемеліне жеткізуге ынтыққан ұстаз да көпке үлгіге айналатыны сөзсіз. Осы мақсатта жуырда №276 орта мектепте «Ұлттық педагогика – мұғалімнің кәсіби дамуының темірқазығы» мектеп жобасы аясында Абай. Толық адам және мен» атты аудандық семинар өтті.

Балаларға білім мен тәрбиені қазақы құндылықпен дарытуды көздеген мектептің ауқымды шарасына Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов пен мектеп директорлары қатысып, ұлттық педагогиканы енгізу әдістерімен танысты.

Семинар Абайдың дүниеге келуін суреттейтін қойылымнан бастау алды. Мұнан соң «Асыл әжелер» мектебі «Желсіз түнде жарық ай» әуенін шырқады. Меймандар сонымен бірге, мектеп ауласында ұйымдастырылған көрме, жас ғалымдардың зерттеу жұмыстары, табиғат аясындағы кітапхана ерекшеліктерін ойға екшеледі.

Ал, мектептің кіре берісіне жайғасқан «Балбөбек» оркестрі «Көзімнің қарасы» әуенін түрлі аспаптың үнін үйлестіре отырып орындап берді. Шара барысында Абай шығармалары жинақталған арнайы кабинеттің лентасы қиылып, ұстаздар өздері ойлап тапқан әдістемелік құралдарын көрсетті.

Аудандық семинар барысында Мейрамбек Жұмашев басшылық ететін мектеп мұғалімдері шебер сыныптар, дебат, театрланған қойылым ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға келген ұстаздардың ризашылығына бөленді. Ұлттық педагогиканы жетілдіруге бағытталған шараның жоғары деңгейде ойластырылғанын Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов те тілге тиек етті.

– Ең алдымен, ұжымның ортақ іске, әсіресе, Абайды дәріптеуге, ұлттық құндылықты ұлықтауда ауызбірлік танытып, жабыла жұмылғаны көз тойдырады. Мұғалімдердің жаңашылдыққа ұмтылысы осындағы оқушылардың ізденімпаздылығын оятары сөзсіз.

Абайдың қара сөздерін жатқа айтып тұрған ондаған шәкіртті көріп, тәнті болдым. Олар ұлы ақынның үзік түйіндерін шын ұғынып, жан дүниесімен сезінгендей көрінді. Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенттерін ұмытпайтын, олардың ұрпағына алаң болып жазған хатын ұлықтайтын балалары бар ел ешқашан тозбайды. Сондықтан ұлттық құндылықты төрге шығарған шараны ұйымдастыруға атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін, — деді Әділхан Оңдасынұлы.

Батыстық балақайлар ауылдарына қайтты

Бұған дейін Батыс Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты су тасқыны орын алған аймақта тұратын жүзден аса оқушыны қазалылықтар күтіп алып, «Қамбаш» қосымша білім беру орталығына жеткізгенін айттық.

Демалыс лагерінде он күн үйірмелерге қатысып, тынығып, жаңа дос тапқан балақайлар елге қайтты. Кішкентай меймандарды шығарып салған Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов орын алған оқиға көп ұзамай оңалатынын айтып, шәкірттерге сәт сапар тіледі.

Балалар уақытын қызықты, әрі пайдалы өткізуге мұрындық болған ел ағалары мен ұстаздарына алғыс білдірді.

Спортшы-ұстаздар сайысты

Елімізде Отан қорғаушылар күні ерекше ықыласпен аталып өтетіні белгілі. Осыған орай Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі басшысының кубогы үшін білім қызметкерлер арасында футболдан жарыс өтті. N249, N204, N266, N170 мектептің спорт залында өткен ұстаздардың достық сайысына жиырмаға жуық команда қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына Қазалы аудандық білім бөлімінің бас ұстазы Әділхан Жөлекешов, білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Әбілқасым Роман спорт пен ұстаздықты қатар алып жүрген азаматтардың мерекесімен құттықтап, сайысқа сәттілік тіледі.

Тартысқа толы сайыстың қорытындысына сәйкес, С.Сейфуллин атындағы N165 мектеп командасының асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанды. Қорқыт-Ата атындағы Өнер мектебі командасы екінші орынды еншілесе, N266 мектеп-лицей командасы үздік үштікті қорытындылады. Сонымен бірге, "Үздік ойыншы" бағамымен N165 мектептің мұғалімі Н.Дәрмен, "Үздік қорғаушы" бағамымен N104 мектептің мұғалімі Е.Нағымет, "Үздік қақпашы" номинациясымен өнер мектебінің мұғалімі Ж.Өмірбек, "Үздік сұр мерген" бағамымен N165 мектептің мұғалімі Е.Толыбай, "Үздік команда жетекшісі" бағамымен өнер мектебінің мұғалімі С.Отаралиев және "Үздік төреші" бағамымен N249 мектеп- лицейдің мұғалімі М.Сансызбаев марапатталды.

Ал, N266 мектеп-лицейдің басшысы Е.Өтепбергенов "Үздік шабуылшы" атанып, жеңімпаздар Қазалы аудандық білім бөлімінің және білім қызметкерлері кәсіподағының арнайы дипломы, кубок пен медалдарымен марапатталды.

Өнермен емдеу – жанға демеу

Жақында психологиялық қызметті ұйымдастыруда әдістемелік кабинеттің іс-шаралар жоспары аясында №16 мектеп-лицейде педагог-психологтардың кәсіби жұмыс әдістерін жетілдіру, іс-тәжірибелерімен бөлісу, арт-атмосферада сырласу, стресспен күресу, шығармашылығын шыңдау, қарым-қатынас еркіндігін дамыту мақсатында «Жасөспірімдердің психикалық саулығын арт-терапия арқылы дамыту» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Семинарға жас мамандар, тәжірибелі педагог-психологтар қатысты.

Арт-терапия – өнер арқылы адам жанын емдеу әдісі. Яғни, сезімдерді сурет арқылы жеткізу.

Семинар барысында №16 мектеп-лицей педагог-психологы Оразымбетова Алпен психологиялық дайындық жаттығуларын жүргізіп, қатысушы мамандарды үш топқа бөліп, «Арт лофт» техникасы арқылы әдіс-тәсілдермен, №17 орта мектептің педагог-психологтары Сахиева Перизат пен Есенова Ботагөз және №95 орта мектептің педагог-психологы Аққоянова Дамира, №16 мектеп-лицей педагог-психологы Тлеуқабылова Әлия бөлісті.

Әр топқа арт-тарапияның түрлерінен тапсырма берілді. Сонымен қатар, «Ойланайық ойнайық!» атты топтық ойын жаттығулармен жалғасын тапты. Көрсетілген жұмыстан кейін талдау жасалып, кері байланыс орнатылды.

Табысты оқыту жолдары талқыланды

Жуырда Е.Бозғұлов атындағы № 249 мектеп-лицейде қоғамдық- гуманитарлық пәндер бірлестігінің "Құзырлы мұғалім және табысты оқыту жолдары" атты аудан мұғалімдерімен тәжірибе бөлісу семинары жоғары деңгейде өтті.

Маңызды шара тарих, құқық, география пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда инновациялық технологияларды қолдану және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды.

Жиында ортағасырлық шаһар өзінің кейіпкерлерімен таңғалдырды. Көрме, олимпиадалық резерв мектебінің жұмыстары таныстырылды (Д.К.Изтлеуов, Б.А.Шохан). Одан кейін «Тарих сабағында заманауи әдіс-тәсілдер мен тиімді педагогикалық технологияларды қолдану» (Қорғанбаева Молдір Өскенқызы, Әлішева Құралай Еділғалиқызы), «Елтану». География мен дүние жүзі тарихы пәнінің кіріктірілуі» (Үмбетов Рүстем Абдрахманұлы), «Оқудың тиімді құралы- тренинг» (Тикеева Мафруза Бакиевна) атты әдістемелік шебер сыныптар, ««Тергеу іс-шаралары» (Изжанов Жанболат Каскырбекович), «Кеңестік білім беру жүйесінің жетістіктері мен қайшылықтары» (Сараман Аслан Жанболатұлы), «Терроризм - дінге жат ұғым: діни экстремизм мен терроризмнің ұлттық қауіпсіздікке қатері» (Алмас Дана Алмасқызы) сабақтар шеруімен жалғасын тапты.

Көрсетілген әр жұмыс креативтілігімен ерекшеленді. Және оқытудың біріктірілген әдісі – STEAM технологиясы да көрініс тапты. Келесі жұмыс мектеп театры аясында өтті. Мектеп оқушылары «Сағыныш» драмасын көрсетті (жетекшілері М.Тикеева, А.Сараман). Оқушылар өзінің актерлік шеберлігімен ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

Семинар соңында Қазалы аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Ж.Дүзелбай аудан және мектеп көлемінде өткен шаралардың жүлдегерлерін марапаттады.

Тағы да оқыңыз: