Kyzylorda-news.kz Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов облыстық Білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың бастамасымен өткен «Бір мектеп – бір жоба» сайысының қатысушыларын қабылдап, ілтипат білдірді.
– Сіздердің байрақты бәсекеден тартынбай, биіктен көрінулеріңіз осындағы директорлар корпусының бәсекеге қабілетті, білікті менеджерлерден кенде емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікке толы жұмыс арасынан уақыт тауып, түрлі жоба ұсынғандарыңызға алғыс білдіремін. Келешекте осы жеңімпаз директорлар шыққан биікті сіздер де бағындырасыздар деп сенемін, – деді ауданның бас ұстазы Әділхан Жөлекешов. Бұдан кейін Қ.Нұрмаханов атындағы №95 мектеп директоры Оңталап Маханбетов құттықтау сөз сөйледі.
Айта кетейік, аталған сайыстың облыстық кезеңіне Қазалыдан екі директор қатысып, Ғ. Мұратбаев атындағы №17 мектеп басшысы Эльмира Сматуллаева бірінші орын иеленді. Ал М. Матаев атындағы №170 мектеп директоры Нұрлан Имашев Алғыс арқалады.
Математика мұғалімдері басқосты
Жуырда Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен математика пәні мұғалімдері арасында «Математика пәні бойынша білім алушылардың ББЖМ-не дайындау шеңберіндегі мәселелерді шешу» тақырыбындағы аудандық семинар өтті.
Семинарда пән мұғалімдері жылдам әрі функционалды түрде сыни ойлауды дамытатын сұрақтарға жауап берді, ББЖМ тапсырмаларының маңызы зор екеніне тоқталды.
Тәжірибе алаңында оқушыға тақырыпты таныстырар кезде Комикс әдісі ұтымды екені тілге тиек етіліп, ұлттық деңгейде фукционалдық сауаттылыққа бет бұрудың негізгі идеясын ұсынды.
Жиында тәжірибесімен бөліскен педагогтер Аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марпатталды.
Физика ұстаздары тәжірибе алмасты
Өткен аптада Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен физика пәні мұғалімдері арасында «Физика пәні бойынша ББЖМ-не дайындау шеңберіндегі мәселелерді шешу» тақырыбында аудандық семинар өтті. Жиында ұстаздар ББЖМ–не білім алушыларды дайындау мақсатында озық жеке іс-тәжірибелерімен бөлісіп, пән мұғалімдері физиканың ең негізгі элементі, есеп арқылы оқушы білім сапасын көтеруге болатынын дәлелдеді.
Мұғалім де оқушы да күнделікті өмірдің физикасын зерттеп, өз бетінше тапсырмалар құрастырып үйренсе, тапсырма орындау оңайға соғатыны айтылды. Сонымен бірге физика тарауларының негізгі оқу мақсаттарын ажыратып, ББЖМ тапсырмаларының ерекшеліктерін қарастыруды талқылады және жоғары қиындықтағы тапсырмаларды оқушымен жүйелі түрде талдаулар жүргізу және сын тұрғысынан ойлау арқылы тапсырмаларды іріктеуді ұсынды.
Жиын соңында озық шығармашылық белсенділік көрсеткен мұғалімдер Аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттармен марапатталды.
Оқушылар тал екті
Адам – табиғаттың төл перзенті. Халқымыз көктем келісімен ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, арық-каналдардың көзін ашқан.
Осы орайда №266 мектеп-лицейде «Таза өлке» акциясы аясында бастауышты бітіргелі отырған 4 сыныптың балалары ата- әжелерімен бірге тал отырғызды. “Менің немеремнің жеміс ағашы” деген атпен іске асқан игі бастамаға 11 сынып түлектері де атсалысты.
– Немеремнің мектептегі шағының бір кезеңінің куәсі болған бүгінгі тал-шыбықтар ертеңгі тәтті шағының естелігі болары анық. Оның үстіне баламды табиғатқа жанашыр етіп тәрбиелеуге, өзі өмір сүретінің ортаның гүлденуіне аталған акцияның берері мол. Ұйымдастарушыларға мың алғыс, – деді 4 сыныпта оқитын Нұрбақыттың әжесі Күлзира Тұрымбетова.
Ал мектеп-лицей басшысы Ерлан Өтепбергенов таза ел болу, таза болашақ құруға ұмтылуды көздейтін осындай бір үлкен игі іс-шараның басында болуды ұжым болып мәртебе санайтындарын айтты.