Kyzylorda-news.kz. Бүгін Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Қазалы ауданындағы білім бөліміне қарасты мектеп оқушылары мен ұстаздары қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй шертті. 

Бүгін сағат 11.00-де аудандағы 37 мектептің оқушылары әлеуметтік желі арқылы бір уақытта тікелей эфирге шығып, мерекелік челленджге үн қосты. 

«Қазақтың жаңа жылы қарсаңында ұлтымыздың қасиетті аспабы домбыраны төрге шығарып, күй ойнаудың маңызы орасан. Елімізде Домбыра күні белгіленгенін білеміз. Десек те, қадірлі аспапты бүгінгідей айтулы күні күмбірлетпеу қазақылығымызға сын болар еді. Оның үстіне керемет әуен мен тарихи жырды үйреніп, санасына сіңірген жас буынның бұдан ұтары көп», – деді білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов. 

Айта кетейік, мектеп оқушылары елге белгілі «Кісен ашқан», «Құрманғазы», «Ақсақал» секілді жырларды орындады. 
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл челлендж алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны сөзсіз. 

Жалпы ауданда Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Аудандағы барлық мектептерде мұғалімдер мен оқушылар қазақы нақыштағы киімдерді киіп, ұлттық тағамдардан дастархан жайып, асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындардан сайысқа түсіп, бір-біріне ақ тілектерін жаудыруда. 

Безымянный.jpg

Тағы да оқыңыз: