Kyzylorda-news.kz 2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап көптеген қазақстандық мектептер Kundelik.kz платформасынан бас тартуға шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері оның орнына BilimClass жүйесі енгізілетінін жеткізді.
"Бұл толығымен қазақстандық әзірлеме, тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан территориясында орналасқан. Жүйе қолданушылардың деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді және ел заңнамасын қатаң сақтайды", – деп түсіндірді басқарма.
Хабарланғандай, жүйені қаланың барлық мектептерінде енгізбес бұрын оны Алматыдағы 15 оқу орнында сынақтан өткізген. Жаңа жүйеге көшу қыстың демалыс кезеңінде ұйымдастырылған. Басқарма дерегінше, мұғалімдер де оқытудан өтіп үлгерген.
"Көшу қыстың демалысына жоспарланды. Сондықтан ол оқу процесіне кедергі келтірмейді. Осы уақыт ішінде мұғалімдер платформамен жұмыс істеуге дайындалды", – деп атап өтті білім басқармасы.
Басқарма мәліметінше, ата-аналар мен оқушылар үшін негізгі ақпаратқа қолжетімді мобильді қосымша қарастырылған:
- сабақ кестесі мен үй тапсырмалары;
- сабаққа қатысу туралы ақпарат;
- бағалар туралы мәлімет.
"Мұғалімдер үшін платформада күнтізбелік-тематикалық жоспарлау, қашықтықтан сабақ беру функциясы, өз сабақтарын қосу мүмкіндігі, интерактив сабақтар, СОР/СОЧ каталогы, чат және оқушылармен кері байланыс қарастырылған", – деп хабарлады ведомство.
Алматы Білім басқармасының мәліметінше, жаңа платформаға Қазақстанның 11 өңірінен шамамен 2,5 миллион оқушы және 350 мыңдай мұғалім көшкен. Олардың қатарында Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Ұлытау, Абай, Қызылорда, Жетісу, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Алматы – ескі платформадан бас тартқан 12-ші өңір болды.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
