Kyzylorda-news.kz. Оқу-ағарту министрлігі оқуды 31 мамырға дейін ұзартып, "жазғы мектеп" ұйымдастырады. Бұл көктемгі су тасқынынан зардап шеккен немесе ауа райының қолайсыздығынан қыста қашықтан оқыған оқушыларға қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
27-31 мамыр аралығында Қазақстандағы 2622 мектептің 832 мың оқушысына "Жазғы мектеп" ұйымдастырылады. Мұны үкімет отырысында оқу-ағарту министрлігінің басшысы Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
"Жазғы мектепті ұйымдастырудағы басты мақсат – оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толтыру арқылы білім сапасын арттыру", – деді Бейсембаев.
Сондай-ақ министрлік Қазақстанның су басқан үш облысындағы мектеп оқушыларын аралық және қорытынды емтихандардан босатқанын айтты. Оларға жылдық баға бойынша қорытынды баға қойылады. Қалған 9 және 11-сынып түлектері үшін емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді.