Kyzylorda-news.kz ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Ол биылғы оқу жылы 25 мамырда аяқталатынын ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министр оқу бағдарламаларын жыл бойы табысты меңгерген еліміздің 3,8 миллионнан астам оқушысы келесі сыныптарға көшірілетінін мәлімдеді.

“Мектептің 1-10 сынып оқушыларына "Білімім Отаныма" тақырыбындағы бірыңғай сынып сағаттарын өткізу 24 мамыр, жұма күніне жоспарлансын. Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген "Біртұтас тәрбие бағдарламасы" шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуға тиіс.

Әріптестеріміздің ұсынысы бойынша елімізде мамыр айында – "Ынтымақ айы" айлығын өткізу жоспарланған. Оның аясында "Таза Қазақстан", "Игі істер", "Каникулда кітап оқиық" және т.б. шаралар қарастырылған”, – деді ол.

Сонымен қатар, министрлік басшысы еліміздегі 186 мың мектеп бітірушілері үшін оқу жылының аяқталуына арналған "Соңғы қоңырау" іс-шарасын 25 мамырда өткізуді тапсырды.

“Биылғы жылдың түлектері аталған іс-шараны жоғары мәдениетпен, ысырапсыз, даңғазасыз, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетініне сенемін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз.

Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйымдастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік білім басқарамаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүктеймін", – деп нақтылады Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, бұған дейін желіде мұғалімдерді пост жазуға мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Айтуларынша, оларға соңғы қоңыраудың өтпейтіні туралы шешімді қолдап пікір қалдыру талап етілген. 

Фото: depositphotos.com

Тағы да оқыңыз: