Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева білім алушылармен кездесті. 

Жаңа оқу жылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында 818 білім беру грантын тағайындады. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 60-тан астам 1-4 курс студенті «Қазақстан халқына» қорының гранты негізінде тегін білім алуда. 

Жиында Ләззат Алтынбекқызы «Қазақстан халқына» қоры арқылы ауқымды жұмыстар атқарылғанын, сапалы білім алып, мықты маман атану әрбір студент үшін маңызды екеніне тоқталды. Сонымен қатар, қордың еліміз бойынша алдағы уақытта жүзеге асыратын жаңа жобаларымен таныстырды.

Кездесуде университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қордың гранты халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлер үшін үлкен қолдау екенін атап өтті. Студенттер мен ата-аналар тегін білім алу мүмкіндігі үшін қор басшылығана алғысын білдірді.

«Әлеуметтік жағдайыма байланысты «Қазақстан халқына» қорының білім грантына ие болдым. «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, жас кезде білім алып, ғылымға ден қою қажет. Сондықтан тегін білім алуымызға қолдау көрсеткен қорға үлкен алғыс білдіреміз, – деді «Құқықтану» мамандығының 1-курс студенті Айшабибі Тоқтарбаева.
 

Тағы да оқыңыз: