Kyzylorda-news.kz. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры «Қазақстан халқына» білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында 818 білім беру грантын тағайындады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу ұйымдарында күндізгі оқу бакалавриатының талапкерлері грант иегері атанды. Бағдарлама халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан талапкерлер үшін 2022-2023 оқу жылынан бастап іске асырылуда және жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
«Білім беру грантының иегерлеріне оқу жылына 1 миллион теңгеге дейін оқу ақысы төленеді. Сондай-ақ 40 000 теңге көлемінде стипендия көзделген», - делінген хабарламада.
Гранттардың басым бөлігі мына мамандықтар бойынша тағайындалған:
- «мұғалімдерді даярлау» мамандығы бойынша – 130 талапкер,
- «қазақ/ орыс тілі мен әдебиеті», «шет тілдері» мамандығы бойынша – 67 талапкер,
- «құқықтану», «құқық», «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша – 50 талапкер берілді.
«Қазақстан халқына» білім гранты иегерлерінің тізімі қордың сайтында жарияланған.