Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасына сәйкес «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында облыстық «Қазақша QUIZ» байқауы ұйымдастырылды.

Шараның негізгі мақсаты – түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, оның қолдану аясын арттыру арқылы қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту болды.

Байқаудың алғы сөзін облыстық қоғамдық даму басқармасының «ҚХА Хатшылығы-этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ерлан Сисенбиев алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Байқауға облыстағы этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері мен «Ассамблея жастары» ұйымының мүшелері қатысып, командалық түрде сайысқа түсті. Әр топ 18-35 жас аралығындағы екі қатысушыдан құралды.

Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды:

• «Жеті жұрттың тілін біл» – қатысушыларға берілген сөздерден мақал-мәтел құрастыру тапсырылды;

• «Жұмбақ суреттер» – суреттер арқылы тұрақты сөз тіркестерін тауып, олардың мағынасын түсіндіру міндеттелді;

• «Көңілді старт» – бір минут ішінде бірнеше логикалық сұраққа жауап беру кезеңі өткізілді.

Нәтижесінде 1 орынды – «Ассамблея жастары» ұйымы, 2 орынды – Корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, 3 орынды – Татар этномәдени бірлестігінің мүшелері иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байқау барысында қатысушылар мемлекеттік тілге деген құрметін, білім деңгейін және ой ұшқырлығын көрсетті.

Фото: Ассамблея Қызылорда

Тағы да оқыңыз: