Kyzylorda-news.kz  Бүгінде екінің бірі заңгер немесе банкир боламын деп кеуде қағады. Десе де, маман жетіспейтін салаларды да ескеру қажет. Өзінің сүйікті ісімен айналысқан адам ғана өмірде бақытты бола алады. Жақында осы мақсатта Қармақшы аудандық аграрлы-техникалық колледжде «Мамандығым – мақтанышым» атты студенттер арасында сайыс өтті. Жастар үшін маңызы зор бұл сайысты аудандық «АMANAT» партиясы, аудандық жастар ресурстық орталығы және колледж ұжымы ұйымдастырды. Ондағы мақсат – колледждегі жұмысшы мамандықтарда білім алып жатқан жастарға қолдау көрсету, жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, болашаққа бағыт-бағдар беру. Білім беру ұйымында ерекше дарынды және кәсіби қабілетті білім алушыларды және өз ісінің шеберін анықтау, оқытумен қатар кәсіби шеберлігі бағытында практикалық жұмыстардың жүргізілуін жетілдіру.

Студенттер арасындағы бұл сынды партияның аудандық филиалының төрағасы Әділ Қошалақов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

– Мамандық таңдау да өмірлік жар секілді маңызды қадам. Себебі ол сенімен өмір бойы бірге жүреді, табыс та әкеледі. Егер өз ісіңнің шебері атансаң, табысың молаяды және абырой-бедел де әкеледі. Сіздер білім алып отырған аграрлы-техникалық колледж жастарға үлкен өмірге қадам жасайтын алғашқы орын. Мұнда адам өміріне ең қажетті деген мамандықтар бар. Мектепте білім мен тәрбиені меңгертсе, колледж білім-тәрбиемен қатар белгілі бір мамандыққа да баулиды. Бұл мамандықты меңгерген соң, әрі қарай жоғары оқу орныy оқуға да немесе алған білімдеріңіз бойынша жұмысқа орналасуға да болады. «АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында да жастарды қолдауға басымдық берілген. Соның ішінде жас мамандарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарлама қарастырылған. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Болашақта білікті маман иесі болып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосар ел азаматы болатындарыңызға сенім білдіремін, – деді Әділ Үсенұлы.

Сондай-ақ аталған іс-шараға арнайы Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, партия ардагері Гүлжауһар Раева қатысып, студенттерге жылы лебізін білдірді. 

Сайыста колледждің «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету жөндеу және пайдалану», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Электр жабдықтары» (түрлері салалары бойынша) мамандықтары бойынша студенттер тәжірибе алаңында бақ сынасты. Колледж ұстаздарынан құралған сарапшы топ қатысушылардың жұмысына баға беріп, сайыс нәтижесін шығарды. Қорытынды бойынша, Нұрдәулет Алтыруов, Бағдәулет Әбутәліпұлы, Гүлбейне Тұрғанбайқызы, Гүлістан Алтынбекқызы, Бекзат Алпысбаевтар өз саласының үздіктері атанды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. 
 

Тағы да оқыңыз: