Kyzylorda-news.kz. Қызылорда білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Қармақшы ауданының оқушылар үйі»» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны 1999 жылы 14 қаңтарда Қармақшы ауданы әкімінің №872 шешімімен құрылған. 2016 жылы 13 желтоқсанда қайта жаңғыртылған ғимарат оқушылар үйіне пайдалануға берілген.
Оқушылар үйі қызметінің мақсаты – білім берудің қосымша дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру болып табылады және қосымша білім беру, Оқушылардың жан-жақты дамуына, кәсіптік бағдарын айқындауына, өздерінің шығармашылықтарын шыңдап, қабілеттерін іске асыруына қажетті жағдайларды қамтамасыз етіп балаларды қоғам өміріне бейімдеуде аудандық Оқушылар үйі жұмыс істейді.
Аудандық оқушылар үйіндегі үйірмелер топтарға жинақталып, әрбір топтағы оқушы саны 10-15ке дейін жетеді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 14 бабының 4 тармақшасында көрсетілгендей, үйірмелер білім алушылардың өзін-өзі басқару, шығармашылығын дамыту, олардың қабілеттерін іске асыру, қоғам өміріне бейімделуі, азаматтық сана сезім жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын, қалыптастыру бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауды көздейтін қосымша білім берудің оқу бағдарламалары және Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің «Қармақшы ауданының оқушылар үйі» КМҚК-нің Жарғысындағы 4-бөлімінің 35 тармағында көрсетілгендей қосымша білім берудің бағдарламалары негізінде ата-аналар мен оқушылардың сұранысы мен қызығушылықтарын ескере отырып жұмыс істейді.
Аталған ережеге сәйкес Қармақшы ауданының оқушылар үйінде 8 бағыт бойынша 29 үйірме жұмыс жүргізеді. Көркем-шығармашылық, тарихи- өлкетану, спорттық, музыкалық, гуманитарлық, әлеуметтік-педагогикалық, ғылыми-техникалық, био-экологиялық бағыттағы үйірмелер 94 топқа жинақталып, қосымша біліммен 1092 оқушы қамтылды. Әрбір топтағы оқушы саны – 12. Атап айтар болсақ «Көркемөнер» үйірмесінде – 46, «ART- дизайн» үйірмесінде – 48, «Бейнелеу өнері» үйірмесінде – 46, «Құм анимациясы» үйірмесінде – 46, «Hand Made» үйірмесінде – 24, «Өлкетану» үйірмесінде – 24, «Алтын глобус» үйірмесінде – 36, «Тоғызқұмалақ» үйірмесінде – 46, «Шахмат» үйірмесінде – 24, «Дойбы» үйірмесінде – 36, Хореография» үйірмесінде – 46, «Ағылшын тілі» үйірмесінде – 36, «Орыс тілі» үйірмесінде – 24, «Қазақ тілі» үйірмесінде – 48, «Ақ қауырсын» үйірмесінде – 24, «Prime Time» үйірмесі – 36, «Атамекен» үйірмесінде – 36, «Балбұлақ» үйірмесінде – 24, «Жылдам оқу» үйірмесінде – 46, «Руханият» үйірмесінде – 24, «Тілашар» үйірмесі – 48, «Робототехника» үйірмесі – 48, «3 D принтинг» үйірмесінде – 36, «3 D модельдеу» үйірмесінде – 48, «Математика» үйірмесінде – 24, «Шахмат» үйірмесінде – 24, «Зерде» үйірмесінде – 48, «Жас натуралист» үйірмесі – 48, «Фитодизайн» үйірмесінде – 48 оқушы жан-жақты білім алуда.
Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары қызметінің тәртібіне орай, яғни Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 31 тамыз, 2022 жылғы №385 «Балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары түрлері қызметінің үлгілік қағидаларының» 2-тарау 34-тармағына сәйкес «Руханият» үйірмесінің 4 тобын ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылармен жұмыс жасауға, топтарға жинақтау балалардың ерікті түрдегі таңдауына негізделеді. Оқыту барысында топтың құрамы 6 білім алушыны құрайды.
Осы бағыттар бойынша жұмыс жасайтын үйірмелерге жалпы 1092 оқушы қамтылған. Бұл кент орталығындағы мектептерден қамтылған оқушылардың 12,9 пайызын құрайды. Мекемеде 21,89 штаттық бірлікте үйірме жетекшілері және 5 штаттық бірлікте әкімшілік және 13 шаруашылық қызметкерлері жұмыс жасайды.Қармақшы ауданының оқушылар үйінде оқушы контингентіне орай оқу кабинеттерінің жетіспеушілігінен аудандық балалар кітапханасында – 24 оқушы, қалалық кітапханада – 24 оқушы, Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебінің интернат базасында – 24 оқушы, кент кітапханасында – 12 оқушы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде – 24 оқушы, «Дәметкен Ана» сауықтыру орталығында 12 оқушы қосымша біліммен қамтылуда.
Аталған үйірмелерге 27 жоғары білімді, 2 арнаулы орта білімді қосымша білім беру педагогтері жетекшілік етеді. Үйірме жетекшілерінің сапалық құрамы бойынша педагог-зерттеуші – 4 педагог, педагог-сарапшы – 6 педагог, педагог-модератор- 10 педагог, І санатты – 2 педагог, ІІ санатты – 1 педагог, разрядты – 9 педагог білім беруде. Лауазымы бойынша «педагог-сарапшы» психолог, «педагог-сарапшы» әдіскер, үшінші санатты басшының орынбасары, «басшы-ұйымдастырушы» біліктілік санаттары бар. Сапалық құрам – 37,9%. Ағымдағы оқу жылы бойынша аттестаттауға өтініш білдірген 3 педагог аттестаттау ережесінің талаптарына сай құжаттарын өткізіп, екінші кезеңінде шекті балдан өтті. 2022 жылы 5 педагог біліктілік арттыру курстарынан өтсе, 2023 жылдың перспективті жоспар бойынша 8 педагог біліктілік арттыру курстарынан өтеді деп жоспарлануда. Біліктілік арттыру курстарынан өткен педагогтер саны 86,2 %-ын құрайды.
Соңғы үш жылда барлық педагогтер білім жетілдіру курстарынын толық өтіп, жаңа технологияларды игеруде, нәтижесінде үйірмелерде «STEAM технологияларды» кеңінен қолдана отырып сабақ өтуде. Біліктілігін арттыру курсынан өткен педагогтер «Курстан кейінгі қолдауды жүзеге асыру» мақсатында курстан алған кәсіби құзіреттерін жұмыс барысында қолданылуы туралы өткен республикалық вебинарларға қатысып өз тәжірибелерімен бөлісті, сертификаттар иеленді.
2022-2023 оқу жылында оқу орталығының жоспарына сәйкес түрлі шараларға оқушылар үйінің педагогикалық ұжымы белсене қатысып, шығармашылықпен жұмыс жасаса, білім бөлімінің жоспары аясында түрлі шараларды ұйымдастырып, нәтижесінде педагогтеріміз аудандық – 14, облыстық – 15, республикалық – 28, халықаралық – 6 байқаудың жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, үйірме мүшелері аудандық – 8 байқауға, облыстық 13 байқауға, республикалық 47 байқауға, халықаралық 5 байқауға қатысып жүлделі орындармен марапатталды.
Қазір дамыған заман. Цифрлық сауаттылықты арттырып, технологияның ізінен ілесіп келеміз. ХХІ ғасырда білім мен ғылымды инновациялық технология бағытында дамыту маңызды. Яки, өнеркәсіптік революция: автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект дамытуда жаңа міндеттер бар. Осы ретте, аудандық оқушылар үйінде «Робототехника» үйір¬месі жұмыс істейді. Мұнда 40 оқушы дәріс алады. Технологияға қызыққан жасөспірімдер уақытпен санас¬пай, өздерінің идеяларын жүзеге асырып жүр. Мәселен, бөлшектер арқылы жеңіл көліктер, ракета, ауыл шаруашылығы бағытындағы техникаларды жасап шығуда үйірме оқушылары дес бермейді.
«Балалардың қызығушылығы жақсы. Әрине, техника құрастыру оңай дүние емес. Оған уақыт, білім, күш-жігер қажет», – дейді үйірме жетекшісі Нұрлыбек Малаев.
Оның сөзінше, бұл сабақ алдымен балалардың ойлау қабілетін арттырады, одан соң ғылымға бет бұруға мүмкіндік береді. Сондықтан озық елдерде технологиялық үрдіске оқушылардың назарын ерте жастан аударады екен. Қармақшылық кішкентай өнертапқыштар түрлі деңгейдегі байқауларда биіктен көрініп жүр. Оның ішінде, Нұрай мен Нұрдәулет Қалдыбек, Ерсұлтан Жетпісбаев, Әлихан Жанболат, Мирас Есетов, Нұрислам Маратбек, Ғибрат Сағатбек, Аружан Байменова, Айжан Бөгетова, Гүлім Төлепбергенова, Нұрасыл Темірбековтерді атап өтуге болады.
«Робот құрастырушы құрылғылардың ішінде «arduino» деген бөлшектер бар. Оның ерекшелігі робот моторына енгізілетін ішкі бағдарламаларды балалар өздері ойлап табуы тиіс. Ол үшін математика мен физиканы терең меңгеруі керек. Яғни, көлікті қалай басқару керек, тепе-теңдікті сақтау және тағы басқасын жан-жақты зерттейді. Кабинет жабдықталған. Қазір оқушыларымыз түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Олар тиісті бағдарламаны әзірлеп, құрылғыны жинайды. Жинау жеңіл болғанымен, оған бағдарлама орнату өте қиын. Жақын арада оқушыларымыз еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатысып, өз жұмыстарын көпшілікке таныстырады деп үміттенемін», – дейді тәлімгер.
Міне, осылайша біздің оқушылар кәсіби инженер-робототехник болу арманына мектеп қабырғасынан қол соза бастаған.Көктем келсе, жердің тоңы жібіп, көк көктеп, гүлдер құлпырады. Есік алдына отырғызылған гүлдер бүршік жарып, көз қуантады. Ал бөлме гүлдері бізге жыл бойына осындай қуаныш сыйлай алады. Тек оларды дұрыс баптап, күте білсек болғаны. Сондай-ақ қазір «фитодизайн» деген терминді жиі кездестіреміз. Бұл – өсімдіктерді көркемдеп әшекейлеу. Оны жасау үшін өзіндік орындалу тәртібін де білу қажет. Бүгінде бұл қолданысқа жаңадан еніп келе жатқан сала болғандықтан, нағыз мамандар мен шеберлер аз. Ал талғампаз дүниеге қызығушылық танытушылардың қатары артуда.
Фитодизайнда кез келген композицияны құрастыру үшін өсімдік түрлері, құты, ұстатқыштар, арнайы құрал-саймандар қажет. Оған бөлме өсімдіктері, кесіп алынған өсімдіктер, жасанды өсімдік түрлері қолданылады. Дизайнның бұл бағыты – түрлі гүл мен өсімдіктің үйлесімділігіне бағытталған. Бөлме гүлдері сән үшін де, бөлменің ауасын тазарту үшін де қажет-ақ. Жасыл түстің өзі адамға тыныш, әрі жайлы атмосфера тудырады. Мұндай саланы балаңызға үйреткіңіз келсе, аудандық оқушылар үйінде «Фитодизайн» үйірмесі жұмыс істейді. Өсімдікке қамқорлық жасауға құмартқан оқушылар үйірмеге үздіксіз келеді. Әрбір топта 12 оқушыдан құралған, 4 топ үйірменің тұрақты қатысушылары. Ал үйірме жетекшісі Майра Зұлпыхарова оқушыларының жасылға құмар екенін алға тартады.
«Өркениетті ел болашағы – білікті, білімді, шығармашыл, бәсекеге қабілетті жас ұрпаққа тиесілі. Міне, осы орайда барлық қосымша білім беру ұйымдарынан түлеп ұшқан көптеген өнерлі жастар бүгінде өнер мен білім ордаларында өздерінің кәсіби деңгейлерін шыңдап, ел игілігі үшін қызмет етуде. Озық білімге құштар, ынталы, іскер балаларымен жұмыс істеуде «Фитодизайн» үйірмесінің алатын орны ерекше. Үйірменің алға қойған мақсаты – табиғи шеберханаларды пайдаланып, оқушылардың өсімдіктер туралы түсініктерін кеңейту, дамыту, алған білімін іс-жүзінде өздігінен қолдана білуге, түрлі өсімдік пен тұрмыстық заттардан гүлдерді әсемдеу, заман талабына сай сәнді интерьер құрастыру мен орналастыруды, флорариумдар мен композициялар жасауды, үйлесімді фитодизайн қалыптастыруды үйрету. Жер шарында қанша құрлық болса, сол құрлықта тіршілік ететін, сол климатқа сәйкес жасыл өсімдіктер де әртүрлі болады. Сондай-ақ біздің елімізде тіршілік ететін небір бағалы, емдік, сәндік өсімдіктерді қорғау әрбір адамның парызы. Олардың қоршаған ортаның ластанған ауасын тазартып адамзатқа өмір сыйлайтын, оттекті бөліп, құлазыған көңілін жадырататын қасиеттерін естен шығармауымыз керек», – дейді Майра Зұлпыхарова.
Үйірме мүшелері бөлме өсімдіктерінің әртүрінен жасалатын сәнді флорариумдар туралы ақпарат алады. Кез келген бөлменің, кеңсенің, сынып ішінің сәнді интерьерін жасауға арналған фитодизайнның бір саласы вертикалды көгалдандыру және флорариумды яғни, шыныға гүлдерді өсіріп, дұрыс орналастыру, әдемі композицияны өз қолымен жасаудың сырын үйрену, олардың дұрыс өсу үшін қажетті күтім жасаудың маңыздылығын түсінеді.
«Біздің қазір көп қолданатын затымыз – мүк. Бұл арнайы тұрақтандырылған, кепкен бұғы мүгі. Табиғи шөп. Оны Алматыдан алдырамыз. Негізі Қазақстанға Ресей, Скандинавия елдерінен келеді. Мұндай орманда өсетін шөптер біздің солтүстік өңірде де өседі. Бірақ көлемі аз болғандықтан жұлуға тыйым салынған. Мүктің пайдасы да жетерлік. Пан¬демия кезінде шетелде осы мүк көп сұранысқа ие болған. Себебі ол бөлмені сәндеп қана қоймай, түсінің өзі қарағанда адамның шаршағанын басып, шөптің ерекше жағымды исі арқылы ауадағы вирус пен бактерияларды жойып жібереді. Өзіне шаң жинамайды. Күтімі де оңай. Бөлмені ылғалдап, таза ауа кіргізіп тұрса жеткілікті. Ал сақталу мерзімі 20-25 жылға дейін жетеді. Өзінің өңін құртпай, ұзақ уақыт тұра береді», – дейді үйірме жетекшісі.
«Фитодизайн» үйірмесі арқылы балалар қандай өсімдіктердің сирек кездесетінін, Қызыл кітапқа енгенін және оларды қолдануға болмайтынын біледі. Осылайша балалар біртіндеп табиғатты сүюге және құрметтеуге үйренеді, әр өсімдікке көркем образ ретінде назар аударып, қамқорлық жасайды. Мұның бәрі адамға ерекше креативті, заманауи және табиғатқа жанашыр болуға үндейді. Ал мұны меңгерген жанға үлкен шығармашылық өмірге жол ашылмақ. Әзірге нарық бос. Бұл саланы терең меңгеріп, өсімдікке өмір, табиғатқа қамқорлық сыйлаймын десеңіз мүмкіндік мол.
Бұл мекемеде жыл көлемінде жоспарға сәйкес түрлі деңгейде іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Атап айтар болсақ, оқушылардың санасына «еңбекқорлық» құндылықтары туралы түсініктерін кеңейтіп, өз еңбегімен мол жетістікке жетуге үйрету мақсатында,сонымен қатар, оқушыларға эссе жаздыру арқылы еңбекпен адал өмір сүруге насихаттауға арналған «Prime time» үйірмесінің оқушылары арасында «Еңбекке жастан,өнерге бастан» тақырыбында эссе байқауы болып өтті. Байқау барысында үйірме жетекшісі оқушыларға жазба жұмысының орындалу мерзімін, оған қойылатын талаптарды, бағалау өлшемін түсіндірді. Байқауға барлығы 10 оқушы қатысып, эссе жазды. Әр жазба жұмысы мазмұнының өзектілігі, тақырыптың толық ашылуы, жазылуының шығармашылдығы, сауаттылығы ескеріле отырып бағаланды. Нәтижесінде І орынды 6-сыныптың оқушысы Cерік Жанерке, ІІ орынды 6 сыныптың оқушысы Тиыштыбай Мерей және ІІІ орынды 6 сыныптың оқушысы Нұрланұлы Нұрсұлтан иеленді.
«Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік-елдікке жеткізер» тақырыбындағы барлық білім беру ұйымдарында өтетін танымдық апталығы аясында «Еңбек еткен-мұратқа жеткен» тақырыбында «қолөнер» туындыларынан сыйлықтар жасау, жәрмеңке ұйымдастыру бойынша көрме ұйымдастырылды. Көрмеге оқушылар үйінің ұстаздарымен қоса үйірме мүшелері қатысты. Көрмеге ұстаздар мен оқушылардың бірлесе отырып ағаштан, қағаздан, матадан, ермексаздан, сүйектен, мүйізден жасалған түрлі бұйымдары оқушыларға таныстырылды. Аталған шараға оқушылар үйінен 11 оқушы қатысты. Сондай-ақ осы апталық аясында «Еңбегінен ел таныр» тақырыбындағы білім беру ұйымдарындағы еңбек ардагерлері мен Қармақшы ауданының оқушылар үйінің жас ұстаздарының қатысуымен сыр-сұхбат болып өтті.
Оқушыларды еңбек ету туралы ғибратты әңгімелер арқылы берекелі өмірге баулу мақсатында «Еңбек түбі береке» тақырыбында оқушылар арасында ғибратты әңгімелерден видео челендж түсіріліп әлеуметтік желіге жарияланды. «Математика» үйірмесінің мүшесі Көптілеуова Айару жеңгесімен еңбек, еңбексүйгіштік, еңбекқорлық тақырыптарында сұрақ жауап түрінде видео түсірді. «Атамекен» үйірмесінің мүшесі Мұхамметқали Райда мен «Робототехника» үйірмесінің мүшесі Шайман Еркеназ еңбек туралы ұлы ойшылдардың пікірлерін әңгімеледі. Ал «Орыс тілі» үйірмесінің мүшесі Жетпісбаев Ерсұлтан еңбек тақырыбында орыс тілінде ғибратты әңгіме айтып басқа да достарына челендж ретінде жолдады. Және де келесі сілтеме бойынша Қармақшы ауданының оқушылар үйінің әлеуметтік желілеріне жарияланды.
Оқу жылында «Үздік тәлімгер – 2022» аудандық байқауы болып өтті. Байқауға аудан мектептерінен алты тәлімгер қатысты. «Шеберлік қолтаңбасы» кезеңінде тәлімгерлер ұйымын бейнеролик арқылы таныстырып шықты. Келесі кезең «Тәлімгерлік тосын сый» деп аталды. Бұл кезеңде қатысушылар тәлімгердің жаңаша бір күнін ұйымдастырып, тың жобаларымен бөлісті. Үшінші кезең «Тәлімді тәлімгер» тәлімгер күнделігінен 5 минуттық бейнесюжет жасау. Бұл кезеңде тәлімгерлер «Жас ұланның» жұлдызды жылы жылдық акциясындағы балалар жылына орай өткізілген іс-шараларын видеосюжет арқылы көрсетті. «Шығармашылық шыңы» кезеңінде тәлімгерлердің шығармашылық қоржыны сыналды. Байқау нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен І орынды №275 мектептің тәлімгері Құдайбергенова Нұршат, ІІ орынды №30 мектептің тәлімгері Мұратбекова Перизат, ІІІ орынды № 183 мектептің тәлімгері Жеңісбекова Жазира иеленді. Қармақшы ауданының оқушылар үйіндегі «Робототехника» үйірмесінде «Моторлар мен датчиктер» тақырыбындағы ашық сабақ болып өтті. Ашық сабаққа үйірмеден 13 оқушы қатысты. Оқушыларды робот киіпкерлер суретін құрастыру бойынша екі топқа бөліп сабақты ұйымдастырды. Үй тапсырмасына берілген робот туралы оқушылар өз ойын айтып өтті. Жаңа сабақ барысында оқушыларға ең алдымен моторлар мен датчиктердің ЕВ3 роботы үшін маңыздылығы мен атқаратын жұмысы туралы ақпарат берілді. Сарамандық жұмыста ЕВ3-ке моторлар мен датчиктерді байланыстырып, іске қосым, бағдарлама құрып роботқа жүктеп, моторлар мен датчиктерді іске қосым, атқаратын қызметін көрді. Сабақ барысында оқушыларға сергіту ойындары ойнатылып, сабақты қорытындылау барысы сұрақ-жауап әдісі арқылы өтті. Оқушыларды бағалау «BLOB көпірі» парағы таратылып, өз-өздерін бағалады. Үй тапсырмасына моторлар мен датчиктерді кірістіре отырып кроссворд құрастырып келу тапсырылды. Ашық сабаққа оқушылар үйі әдіскерінің міндетін атқарушы А.Әділов, оқушылар үйі психологы К.Кулбаракова, «Бейнелеу өнер» үйірмесі жетекшісі Е.Жұмабеков қатысып, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, «өте жақсы» деп бағаланды.«Қазақ тілі» үйірмесінің ұйымдастыруымен Алдашбай ахун ауылындағы №111 орта мектеп базасында кітапханасында ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармаларын насихаттау, визуалды құралдар арқылы кітаптарға көңіл аудартып, жарнама жасау және кітап оқуға қызығушылығын арттыру, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, оқушылар мен кітапхананың байланысын нығайту, еркін пікірлесу алаңын қалыптастыру мақсатында «100 жаңа оқулық» тақырыбында BOOKDATING кітапқұмарлар алаңы өтті. Аталмыш шараға мектеп кітапханашысы Ерманова Дана Қабдуллақызы және «Қазақ тілі» үйірмесінің мүшелері қатысты. Озық ойлы оқушылар «100 жаңа оқулық» бұрышында ұйымдастырылған кітаптармен танысты. Шара барысында «100 жаңа оқулық» атты шағын бейнеролик көрсетіліп, гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі таңдамалы оқулықтарды қазақ тіліне аударып, жастарға жаңашыл бағытта білім берудің қыр-сыры туралы кеңінен түсіндірілді.
1 мамыр күні орталық алаңда Қармақшы ауданының оқушылар үйіндегі «Бейнелеу өнері», «Көркемөнер», «Құм анимациясы» үйірмелерінің ұйымдастыруымен «Ынтымақ, бірлік татулық» тақырыбындағы оқушылардың шығармашылық сурет көрмесі өтті. Көрмеге «Бейнелеу өнері» үйірмесінен Қалайбай Айару, Несіпбек Раяна, Алмасбек Нұрайым, Ерғабылова Айару, Берікболқызы Фатима «Көркемөнер» үйірмесінен Серік Кәусар, Жазықбаев Асқат, Қойшыбай Іңкәр, Ерболатқызы Балауса, Серік Ақниет, «Құм анимациясы» үйірмесінен Әнуарбекова Ақниет, Асылжан Назым, Шаухатбекова Дана, Ерманова Інжу, Ералиева Зухраның шығармашылық жұмыстары қойылды. Көрмені орталық алаңға жиналған барлық халық тамашалап, оң бағасын берді. Қармақшы аудандық оқушылар үйінде жақсылыққа ұмтылғыш, тазалықты сүйетін бала бойында тұнып жатқан қабілетті аша отырып, келешегі кемел, болашағы зор елдің ұл-қыздарын тәрбиелеуде атқаратын игі істер әлі де алда.