Kyzylorda-news.kz. Жосалы кенті Елеу Көшербаев көшесінің бойында орналасқан №3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасының ғимараты алыстан көз тартады. Ғимараттың алдыңғы қапталына тақта отырған хан, аттың үстіндегі жауынгер, ұлттық киім киген балалар суреті салынып, қазақтың ою-өрнегімен безендірілген. Қолында желбіреген көк туы бар ұл мен қыздың бейнесі патриоттық сезімді оятары хақ. Балақайлар мекенінің табалдырығынан аттағаннан-ақ ерекше жайлылық сезімге еніп, балаға деген мейірім мен махаббаттың арта түскенін қалай жасырайық. Бірдей формада киініп, ілтипатпен сәлемдескен қызметкерлерге қарап баланың бабын тапқан, білімнің шамын жаққандар осындай-ақ болсын дейсіз.

Балабақша жайлы әңгіме бастамас бұрын аталған алтын ұяның меңгерушісі Айткүл Әбжалиқызының еңбегіне тоқталып кеткен дұрыс болар. Ұзақ жылдан бері өлшеусіз еңбек етіп, талай маманға тәлімгер болған жанды қармақшылықтарға таныстырудың қажеті аз. Оған осы елдің еңкейген қариясы батасын берсе, еңбектеген баласы құшағын жая жүгіреді.

Қоғамға қай кезде де қолынан іс келетін, алысты болжайтын, сөзі мен ісі қабысып жататын басшылар керек. Ел игілігіне бағытталар кез келген шаруаның ұйытқысы болу, ұжымдағы мамандардың білек сыбана, бірлесе, жұмыла іс атқаруы да осындай басшыларға байланысты. Сонда ғана ұжымның ісі берекелі болмақ. Бөбекжайдың әр мүшесінің қабілет-қарымын тамыршыдай дөп басып, бағамдай білу ортақ істің оңғарылуына себепші. Шеберлік деңгейіне жету жолында балабақша басшысы қаншама тер төкті. Айткүл Әбжалиқызы Амандық, Сайлаукүл, Шолпан есімді көргені көп, түйгені мол апайлардың жанынан бір елі қалмай, қызметтің қыр-сырын меңгерген. Ол 2006 жылдан бастап осы балабақшаға меңгерушілік етіп келеді.

– Аудандағы барлық балабақшамен тығыз қарым қатынаста тәжірибе алмасып, бір-бірімізге көмектесіп жүретінбіз. Сол кездері білім бөліміне басшылық еткен Дастан Нәзікбаев нағыз шығармашыл жан. Рухани дүниеге баса назар аударды. Маманға жұмысқа деген жігер сыйлайтын. Патриот болуға баулитын. Рухани күш беретін түрлі шаралар өтті, – дейді өткенге шегініс жасаған ол. 

Балабақша тарихына көз жүгіртер болсақ, 1998 жылдың 1-наурызда 75 орындық, 3 топ болып ашылған. Кейін 2017 жылы жобалық қуаттылығы 90 орындық 5 топ болып типтік үлгіде, екі қабаттық  жаңа ғимаратқа көшіріледі. Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 16 – педагог, 26-техникалық қызметкер жұмыс жасайды. Педагогтардың – 12-сі жоғары білімді, 4-і арнаулы орта білімді.  Педагог  сарапшы – 1, педагог модератор – 8, ІІ санат бойынша – 2 педагог.   Балбақшада  «Күншуақ» мектепалды тобы, «Ақкөгершін» ересек тобы, «Қызғалдақ» және «Балапан» ортаңғы топтары және «Балбөбек» кіші тобымен 5 топ жұмыс жасайды.  «Күншуақ» тобында –20 бала, «Ақкөгершін» ересек тобында -20 бала, «Қызғалдақ» ортаңғы тобында 20 бала, «Балапан» ортаңғы тобында – 15 бала, «Балбөбек» кіші тобында – 15 бала, барлығы 90 бала  тәрбиеленуде. Сондай – ақ  топтарда Күншуақ тобында «Абай оқулары»,  Ақкөгершін тобында – «Жас суретшілер», Қызғалдақ және Балапан топтарында – «Ертегілер елінде» үйірмелері жүргізіледі. Балаларға тәрбие мен білім беруде әдіскер-психолог,10 тәрбиеші, музыка жетекшісі, хореограф, логопед, дене тәрбие нұсқаушысы мамандар қызмет етеді. Балабақша балалардың  тәрбие білім алып, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін іске асыруға, белсенді дамуына жағдай  туғызатын орта. Балаларға тәрбие мен білім беруде жаңа технологияларды, заманауи әдістерді енгізу, оларды тиімді қолдану, педагогтың күнделікті шығармашылық ізденімпаз жұмысы. Бөбекжай-бақшада «Үздік-педагог» педагогтардың білімін, ізденісін, шығармашылығын дамыту мақсатында жыл сайын балабақша ішілік байқау өткізіліп отырады.

Қызылорда облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен 28 сәуір 2023 жылы оқу орталығының базасында   №3 «Ертөстік» бөбекжай-бақшасында «Күннің екінші жартысында балалармен жүргізілетін инновациялық жұмыс түрлері» тақырыбында облыстық семинар өткізіліп, облыстық мектепке дейінгі мекемелер арасында Қармақшы ауданындағы № 3 «Ертөстік» бөбекжай- бақшасының іс – т әжірибесін насихаттау мақсатында әдістемелік вебинарды оқу орлығының орынбасары Гұлнар Батырбекқызы ашып, вебинардың мақсат- міндетін айтты. Бағдарламаға сәйкес бөбекжай- бақша меңгерушісі Әбжалиқызы Айткүл «Шығармашылық ізденістерге бағытталған нәтиже» тақырыбында дайындалған бейне президентациясын таныстырды.
Бөбекжай-бақша тәрбиешілері Ұшыға Рахатова, Айгүл Корбаева, Нұргүл Ұзақбаева, Ақмарал Тоқтарова, Ботагөз Сыздықова күннің екінші жартысында жүргізілетін инновациялық жұмыс түрлерімен таныстырады. Музыкант Нұризат Жалғасбаеваның жасақтаған ансамблі кішкентайларды ұлттық аспаптарды тануға машықтандырса, хореограф Айгерім Жанғабылова би өнеріне баулып келеді. Ал логопед Айгерім Үсенбаева болса бөбектердің дұрыс сөйлеуіне ден қояды. 

Бөбекжай педагогтары ата-аналармен бірігіп, бүлдіршіндерді Қорқыт ата кешеніне, этнопаркке, музей, жыраулар үйі, балалар кітапханасы, саябақтарға, өрт сөндіру бөлімі, шаштараз, мектеп сынды әсем жерлерге саяхат жасайды.

– Жаңа ғимаратта бар жағдай жасалған. Балалар бұрын ескі әрі тар ғимарат болған соң жазылып ойнай алмайтын. Қазір әр топта оқу зал, жайлы да жарық жатын бөлме, жуынатын орын, ыдыс-аяқ жуатын бөлме бар. Тағамның сапасына назар ерекше қойылады. Мұнда тағам тек сиыр еті, қолдан кесілген кеспелермен да-йындалады. Самса, бәліш, тоқаш сатып алынбайды. Асханадан шыққан дәмді астың иісі танауды жарады. Барлық құрал-сайманы соңғы технологиямен. Компот, шырындар жасайтын, пирог пен кекс пісіретін пеш, блендрге дейін бар. Балалардан «мың алғыс» алып жүрген аспазшы апайлар ерекше дәмді тағамдармен балаларды қуанта бермек, – дейді әдіскер Нұргүл Ұзақбаева.

Дәрігер бөлмесі де талапқа сай. Дәрі-дәрмек сақтайтын және ауырған балаға ем-дом жүргізетін арнайы бөлме бар. Бала ауырғанда көрсетілетін алғашқы көмек, қажетті дәрі-дәрмек толық қамтылған. Медбике Гүлзира Рысбаева тәжірибелі маман. 10 күндік ас мәзірін жасап, бала денсаулығы мен тазалығына жете мән береді. Атап айтарлығы, соңғы бес жылда байқаусызда құлап, жарақаттанған, түрлі жұқпалы аурумен ауырғаны тіркелмеген. Бұл медбикенің тиянақтылығы мен тәрбиешінің қырағылығының арқасы.

Ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндерді қолдау мақсатында  бөбекжай-бақша қызметкерлері мен бүлдіршіндері «Аңсаған» ерекше балаларды қолдау орталығымен бірлесіп, шығармашылық іс-шаралар өткізеді.Жас мамандарды, жас ата- аналарды, сүйемелдеу, іс-шараларға белсене араласуға тарту мақсатында Жастар ресурстық»орталығымен кездесулер мен жиын өткізіліп отырады.Бөбекжай-бақшада үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мақсатында жыл сайын ардагер ұстаздарға сый-құрмет  көрсету дәстүрге айналған. Сондай-ақ туған жер, атамекен деген сөз құлаққа жылы естіліп қуаныш ұялатады, әр бала жер ананың туып өскен жерінің перзенті. Осы орайда бүлдіршіндердің Отанға деген сүйіспеншілігін ояту, қамқор болу, санасына сіңіруді қалыптастыру үшін «Туған өлкеге саяхат» жасалады. Балалардың шығармашылық дағдыларын қалыптастыру мақсатында ән және би үйірмелері жүргізіледі және республикалық, облыстық, аудандық  «Үркер», «Бозторғай», «Патриоттық әндер» тағы басқа түрлі шығармашылық байқауларда бүлдіршіндер өнер көрсетіп, телевидение, баспасөздерде жарияланып, марапатталады.

Балалардың шығармашылығын шыңтау мақсатында аудандық мәдениет үйінде «Жаса, жайна Қазақстаным» атты шығармашылық кеш өткізіліп отырады. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын бойына сіңіру, дәріптеп «Асық ату»үйірмесі өткізіледі. Ертегінің бала өмірінде атқаратын қызметі кең. Ол әрі тәрбиелік, әрі көркем, эстикалық әдеби қазына. Ертегінің барлық жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Бөбекжай-бақшада «Ертегі әлемінде» түрлі театрландырылған үйірмесі жұмыс істейді. 

Бақшада «Игілік» қамқоршылық кеңесі құрылған. Балаларды балабақшаға тарту мақсатында ата-аналарға консультациялық пункт бар. Олар апта сайын бақшаға келіп балалармен түрлі іс- әрекеттерге, сайыстарға, ертеңгіліктерге қатысады. Психолог кабинетінде психологпен түрлі тренингтер жүргізеді. Бақшада жыл сайын «Жылы жүрек» акциясын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демеушілік жасап, қайырымдылық көрсетіледі. 

Әр үйдің үміті болған кішкентай қоғам иелерін жан- жақты ақыл, парасаты мол, ұқыпты, ұстамды, мейірімді, сыпайы, білімді, мәдениетті, өнегелі етіп тәрбиелеу осы балабақшадан бастау алады. Өйткені бала тәрбиесі бір сәттіде қалт  жіберуге болмайтын ұлы да, игі іс. Ал осы орайда «Ертөстік» балабақшасы ұжымының ауызбіршілігі, ұйымдастыру қабілетінің шеберлігі байқалады. 

Балаға бір күн ғана түсіндіріп, ертеңіне нәтиже сұрау артық. Күн сайын үйретіп, айтып, көрсетіп отырғанда ғана дағды қалыптасады. Басшы да тәрбиешілер мен ұжым қызметкерлеріне ішкі ере¬же мен тәртіпті жиі айтып отырудан жалықпайды.

Тағы да оқыңыз: