Kyzylorda-news.kz. Жақында Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы еліміздің білім беру саласында табысты еңбек еткен ардагер-ұстаздардың есімін білімді жастардың жадында қалдыру мақсатында «КСРО Білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз Сәден  Нұртаев атындағы цифрлық форматтағы дәстүрлі республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

Тәуелсіз Қазақстанның салт-дәстүрі мен мәдениетін, тереңге бойлаған тарихын түгендеп, өзі туып-өскен жерінің тарихын зерттеп, оны ұрпақ  санасында жаңғыртуда ауданда алғашқылардың бірі болған Сәден Нұртаевтың еңбегі ерен. Ұлағаты ұстаз аудан орталығынан шалғай, Қызылдың қиясында орналасқан КСРО Батыры Тәйімбет Көмекбаев ауылындағы №185 орта мектепте шәкірттерге тарих пәнінен дәріс беріп жүріп, сол елді мекен маңындағы ескі қала орындарынан табылған құнды жәдігерлерді  тарих сабағына көрнекі құрал ретінде қолданып, әрбір шәкірттің таным-түсінігін кеңейтті. Әрине, сол еңбегі үшін де аудандық, облыстық, республикалық  марапаттарға ие болды. КСРО Білім министрлігінің де құрметіне бөленді. Одақтық «Наука и жизнь» журналына мақаласы да жарияланды. 

Міне, осындай ұлағатты ұстаздың құрметіне арнап 2018 жылдан бері ұстаздың ұрпақтарыының демеушілігімен оқушылардың» Қазақстан тарихы» пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілетін дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру  мақсатында 9-10 сынып оқушылары арасында цифрлық форматтағы республикалық олимпиаданы өткізіп келеді.

Биыл сол білім бәсекесі 6 рет өткізілді. Оған Сыр бойы дарынды оқушыларымен бірге көршілес облыстардың білім беру ұйымдарының үздік оқушылары қатысып, білімдерін ортаға салды. Нәтижесінде 3 тур бойынша өткізілген білім бәсекесінде 9 сыныптар арасында бас жүлдені Шиелі ауданының жас білімгері Алихан Зұлқарнайұлы  жеңіп алса, қалған орындарға Әсем Перузхан (Қызылорда), Нұрай Ерболқызы (Жалағаш), Ерғали Қосан (Арал), Гүлмира Тоқтақұлова (Түркістан облысы) көтерілді. Ал, 10 сынып оқушылары арасында өткен білім бәсекесінде бас жүлдені жалағаштық Мұхаммед Әбдірахман жеңіп алса, І орынды  №277 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аружан Жансейітова, ІІ орынды қазалылық Айнұр Әйекешова, ІІІ орынды Түркістан облысының білімгері Алтынай Қадір иеленді. 

Сонымен қатар, жерлестеріміз арасында өзінің білімділігімен танылған №28 орта мектептің оқушылпры Зухра Қанағат, Асылзат Сәбитова Алғыс хатқа, номинацияға ие болса, №29 орта мектептің енді бір шәкірттері Саят Айтжанов, Дарын Төребеков, №105 мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Сейітбекқызы арнайы сертификатпен марапатталды.

Тағы да оқыңыз: