Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес, 19 сәуір күні Елеу Көшербаев атындағы №279 мектеп-лицейінде Елеу Көшербаев атындағы дәстүрлі ІІ аудандық ауыл мектептерінің 9-10 сынып оқушылары арасындағы «Ел есінде Елеу аға, Ел-аға» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысы конкурсы болып өтті.
Конкурстың мақсаты – ауыл мектептірінің 9-10 сынып оқушылары арасындағы зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, жоғары жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету.
Конкурсқа қатысушыларды мектептің домбырашылар ансамблі күмбірлеген күйімен , өнерпаздар өлең -жырларымен қарсы алды. Келген қонақтарды мектеп ғимаратындағы мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев атындағы музеймен таныстырылым жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараға Қармақшы аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Ш.Наукебаева, Ақай ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Қыпшақбаев, ардагер ұстаздар Д.Маханбетов, Р.Жандыбаевалар және Елеу Көшербаев атамыздың ұрпағы қатысты.
Ауыл мектептерінің 9-10 сынып оқушылары арасындағы зерттеу жұмысында «Ауылым – алтын бесігім» бағытында туған ауылының тарихын зерттеу, «Ел есінде Елеу аға, Ел – аға» бағытында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың өмір жолынан ізденіс, «Ұлы ерлік – ұрпаққа үлгі!» бағытында ауылындағы соғыс ардагерлерін зерттеу жұмыстары қамтылды.
Ғылыми-зерттеу конкурсының қорытындысы бойынша қатысушылар Қармақшы аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиеваның дипломдарымен марапаттталып, Елеу атаның ұрпақтары конкурсқа қатысқан оқушыларды сыйлықтармен марапаттап, демеушілік жасады.