Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында талантты, болашағынан үміт күттірер балаларды әнге, биге және түрлі аспаптарда ойнауға мүмкіндік беретін өнер мектебі бар. Ондағы білікті ұстаздар шәкірттерінің өнерін асқақтатып, сахна төріне шығарып, нағыз өнер жұлдыздарын тәрбиелеуде. Осыған орай, қаладағы өнер мектебінің директоры Қайрат Жәлімбетовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Сұхбатымызды өнер мектебінің жұмысынан бастасақ...
– Жетпіс бес жылдық тарихы бар өнер мектебі 1948 жылы құрылған. Сол кезде балалар әуез мектебі музыка мектебі болып құрылып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. 1997 жылы оңтайландыру кезінде қаладағы музыка мектебі қысқарып, осы жалғыз мектеп болып қалды. Ондағы мұғалімдер мен оқушылар бізге қосылды.
Мекеме қазыналық кәсіпорын болғандықтан бұрыннан қалыптасқандай өнер мектебінде оқитын балалар жарнапұл төлейді. Сол жарнапұл балалардың қабілетін шыңдауға, аспаптар алуға жұмсалады. Оған қоса ұстаздардың айлығы бар.
– Жалпы өнер мектебінің балалар алдындағы басты мақсаты қандай?
– Мектептің басты мақсаты – балаларға өнерді таныстыру. Өнер арқылы олардың мінезін, айналасына көзқарасын өзгерту. Жалпы жүрегінде музыкасы, әуені бар адам жаман болмайды. Оның көзқарасы бөлек, жүрегі жұмсақ болып келеді. Өнер мектебі бұл – кәсіби бірінші баспалдақ.
Өнер жолын таңдайтын бала болса, оған ең бірінші кәсіби бағдар беретін, жол көрсететін өнер мектебі. Біздің мектептен бітірген балалар Қазанғап атындағы музыка колледжіне немесе басқа қаладағы колледждерге және жоғары оқу орындарына бірден тапсыра алады. Өйткені біз кішкентайынан нотасын, музыканың қыр-сырын үйретеміз. Сондықтан бұл балалардың музыкаға деген бірінші кәсіби баспалдағы деуге болады.
– Өнер мектебіне қанша жастан бастап қабылдайсыздар?
– Биге алты және жеті жастан бастап аламыз. Себебі сегіз жаста баланың сүйегі қатады. Осы жерде төрт жыл оқып, би өнерінің қыр-сырын үйренеді. Жалпы би сабағынан төрт пән өтеді. Яғни халықтық, классикалық, ұлттық және заманауи төрт бағыт бойынша дәріс алады.
Сурет өнері де осыған ұқсас. Тек икемі бар балалар келеді. Әрине, оған шектеу жоқ. Дегенмен физиологиялық тұрғыда толық дамыған баланың келгені жақсы. Өйткені суретшілердің ой-өрісі бөлек болады. Олар сурет арқылы өз ойын, жан дүниесіндегіні жеткізеді.
– Өнердің қыр-сырын үйренуге келген балалар неше жыл оқиды?
– Қазіргі таңда бізде халық аспаптық бөлім бар. Оның ішінде домбыра, баян мен шертер және күйсандық пен скрипка бар. Жалпы аспаптарды бес жыл, күй сандық пен скрипканы 7 жыл оқыса, би өнерімен сурет салуды төрт жыл оқиды. Әр жылы сыныптан-сыныпқа көшіп, емтихан арқылы осы мектепті тәмамдайды.
– Оқушыларды еңбекке баулып, сахнаға шығуды үйретіп, таланттарды шыңдап жүрген ұстаздардың еңбегін айта кетсеңіз. Қанша мұғалім бар?..
– Әрбір ұстаздың мақсаты – балаларды өнерге баулу, сахнаға шығару. Сондықтан біздегі мұғалімдерді бөліп жармаймын, барлығы жоғары деңгейдегі ұстаздар. Олардың арасында бір орында 35-36 жыл жұмыс істеп келе жатқандар бар. Кейін келіп жатқан жас мұғалімдер осы ұстаздардың ізімен келе жатыр. Барлығы зейнетке шыққанға дейін жүреді. Шамамен бізде қырыққа жуық мұғалім бар. Олар балаларды өнерге баулып, түрлі халықаралық, республикалық және облыстық байқауларға қатысып, жетістікке жетуге үлес қосуда.
Бір қиыны, тек бұл өнер ордасы қаладағы жалғыз мектеп болып қалып тұр. Бірақ жан-жақта өнерге сұраныс көп болғандықтан, аймағымызда осыған ерекше көңіл бөліп жатыр. Мысалы, Тұрмағанбет оркестрі мен камералық оркестр және аймақ басшысының қолдауымен симфониялық оркестр құрылды. Қазіргі сол құрылған оркестрларда ойнайтын өнерпаздардың барлығы да осы музыка әуез мектептері мен өнер мектептерінен бастау алу керек деп ойлаймын. Шындығына келсек, оларды дайындайтын біз. Қазір классикалық жағына да үлкен көңіл бөлініп жатыр. Әрине, мектеп ұлттық тәрбиемен айналысу керек. Әсіресе қазіргі үлкен ұжымдық оркестрлер ашылған тұста, өзіміздің қанмен келген төл аспабымыз домбырамызды әрі қарай дамытуымыз керек.
– Материалдық базаға тоқталсаңыз... Қосымша жаңадан ашылған өнер сыныбы бар ма?
– Қазір материалдық базамыз жақсарып келе жатыр. Облыстық білім басқармасы мен облыстық әкімшілік басшыларының қолдауымен заманауи үлгідегі аспаптар алдық. Мысалы, цифрлы фортопиано, баян мен интерактивті тақта алынды. Сондай-ақ интернет желісін барлық сыныпқа орнаттық. Қосымша бізде компьютерлік сынып ашылды. Бір сыныпқа он екі компьютер берілді. Осылайша «компьютерлік кескіндеу» деген сабақ қостық. Онда балалар сызу мен суретті осы графика арқылы жасайды. Оған арнайы мұғалімде алынды. Одан бөлек осы мектептің базасында қалаға қарасты елді мекендердегі мектептің ішінен бір-екі сыныптан филиал ашу жөнінде ұсыныс бердім.
– Өнер ордасының жетпіс бес жыл жыл тарихы бар екен. Ғимараттыңыз да көне екен, тым ескі емес пе?
– Бұл алғаш 1936 жылы мектеп болып салынған. Кейін 1948 жылы «Өнер мектебі» болып құрылды. Содан бері жетпіс бес жыл бойы балалардың шығармашылық өнерін дамытып, шыңдап келеміз. Жалпы ғимарат ескі болса да оны сол қалпында ұстап тұруға бюджеттен қаражат бөлінеді. Жылда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл ғимаратқа қызығатыным қабырғалары өте қалың. Жазда салқын, қыста жылы.
– Өнер мектебіне балаларын әкелген ата-анаға қандай кеңес бересіз?..
– Көбіне ата-аналар бірінші сыныпқа барған баласын, қосымша үйірмелерге береді. Алайда баланың физиологиялық тұрғыда қалыптасуы керек. Мәселен, домбыраны үйренуге келген баланың саусағы пернеге жетіп, орындыққа отырғанда аяғы жерге тиюі керек. Кейбір балалардың аяғы орындықта отырғанда жерге жетпей, саусағы пернеге жетпей жатады. Осындайда ата-ана домбыраны кішірейтіп жасауға болады ғой дейді. Бірақ олай болмайды ғой.
Қазіргі алға озып бара жатқан заманда балалардың интернет желісі арқылы алар ақпарат көп. Сосын бастауыштың да бағдарламалары күрделі, бұрынғыдай емес. Сондықтан бала мектептің бастауышымен шектелуі керек. Өйткені бала өзі оқып, жазып үйренуі керек. Егер бала мектеп пен үйірме арасында жүрсе, екі жақтағы сабағы да дұрыс болмайды. Себебі бізде әліппе үйреткендей нота үйретеміз. Әр сабақ жеке өтетіндіктен, әр балаға өзіне сай бағдарламалар жасақталады. Яғни өнердің де өзінің әліппесі бар. Жалпы баланың саусағы пернеге жетпейтін болса, онда қолы қисая бастайды, отырысы да дұрыс болмайды. Ата-аналарға балалардың алдымен бастауышты оқып, өзі алып кететін жағдайға жеткеннен кейін өнерге келуін сұраймын.
– Сұхбатыңызға рахмет!