Kyzylorda-news.kz  Сырдария аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Баланың бас ұстазы-ата-ана» тақырыбында кеңейтілген аудандық ата-аналар жиналысы өтті.

      Жас ұрпақты парасатты, ақылды, мейірімді, жан-жақты азамат ретінде тәрбиелеуде ата-ананың рөлі жоғары. Оқушылардың жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана беретін тәрбиенің әдіс-тәсілдерін жетілдіру және қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бала тәрбиесінде ата-аналарға оқытудағы жаналықтар туралы мәлімет беру, ата-аналардың мектеппен тығыз байланысын орнатуы бүгінгі күннің басты назарында. Әркез ата-аналарды балаларға жауапкершілікпен қарауға шақыру керек. Себебі баланың бүгінгі істеген қадамы ертеңгі тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететіні белгілі.

      Баланың бас ұстазы – ата-ана. Бұл халқымыздың қанатты қағидасы. Бірақ қазіргі ата-анаға да, тіпті ұстазға да ұстаз қажет. Бүгінде кім кімді тәрбиелеп, кім кімге білім беріп жатқанын білмей қалдық, бағамдай алмайтын халге жеткендейміз. Ұрпақ тәрбиесі қараусыз қалғандай. Жаңашылдыққа ұмтылған жаһандану кезеңінің жастары ұстаздан да, ата-анадан да тайсалмайтын болды. Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде іс-шара барысында талқыланып, қарастырылған болатын.

      Ата-аналармен өткен іс-шараға аудан прокурорының орынбасары Ғалымжан Манасұлы, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының директоры Шәкизат Қаратайұлы және Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.

     Аудан әкімінің орынбасары Байдушев Димаш Серікбайұлы қатысушыларға форум қонақтарын таныстырып, шараның мән-мазмұнын жеткізді.

      Білім саласының ардагері, ардақты ұстаз Алтын Нұртайқызы және №210 орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Серіккүл Тұрсынбекқызы бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланыс жайында хабарлама жасады.

      Іс-шара барысында мектеп жанындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алып жатқан келеңсіз оқиғалардың алдын алу, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық және ата-анасының бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігі, құқықбұзушылықтың алдын-алу, жасөспірімдерді зиянды заттардан қорғау (электрондық темекі, т.б) мәселелері қаралып, ата-аналар тарапынан ой-пікірлер мен сұрақтар қойылды.

      Өз кезегінде «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы бірлестіктің мақсаты мен атқарып жатқан жұмыстары жайлы ақпараттар беріп, бірлестіктің миссиясы қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру екенін атап өтті. Аталмыш іс-шара барысында ата-аналармен еркін пікір алмасып, сауалдарына ұтымды жауап берді.

       Ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамай, бірлесе атсалысуға шақырамыз.

Тағы да оқыңыз: