Kyzylorda-news.kz. Кеше ел болып Ұстаздар мерекесін алғаш рет 5 қазанда атап өттік. Осындай айтулы мерекеде оқушыларын білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты жандар жайында қанша айтсаң да, жазсаң да аз болар. Бала тәрбиесінде ер адамның да орны ерек. Мектепте сабақ беретін ұстаздардың арасында ер азаматтардың бары рас. Сондай азаматтың бірі  – Бекболат Жекенов.

Ол Жалағаш ауданы, Бұхарбай батыр аулында дүниеге келген. №33 орта мектепті  тәмамдаған соң Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетіне “Жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен бұйымдарының технологиясы” мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2010 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Сол Университетке “Қаржы” мамандығы бойынша қайта оқуға түсіп, оны 2012 жылы тәмамдайды. 2011 жылы қаңтар айында Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне жұмысқа тұрады. Одан соң Қызылорда қаласындағы Болашақ Университетіне «Алғашқы әскери дайындық» мамандығы бойынша білімін шыңдайды. 2014 жылы Қызылорда қаласындағы Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. 2018 жылы мамыр айында осы мектепте Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы қызметіне ауысқан. Содан бері осы қызмет бойынша жұмыс атқарып келеді.

«Мұғалім – мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. Шәкірт тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерекше, еңбегі елеулі. Барша мамандық иелерін кәсіби мерекесімен құттықтаймын» дейді ол.

Тағы да оқыңыз: