Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде итальяндық жазушы, эколог Роберто Болтридің «Ұмытылған қасірет / Забытая трагедия» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Мәдени шараға университеттің профессор-оқытушылары, студенттері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесу барысында университеттің Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнура Бурибаева автордың Арал теңізі мәселелері мен Орталық Азияның тарихи-мәдени тақырыптарын зерттеуге үлес қосып жүрген әлем азаматы екенін атап өтті.

Шара барысында Роберто Болтри кітаптың тарихи маңызына тоқталып, еңбектің басты мақсаты – ХХ ғасырдағы қазақ халқы бастан өткерген нәубет жылдардың шынайы тарихын халықаралық деңгейде таныту екенін жеткізді.

WhatsApp Image 2026-05-26 at 12.39.18.jpeg

Тағылымы терең еңбекте қазақ халқының ең ауыр тарихи кезеңдерінің бірі – ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін оқиғалары архивтік деректер мен куәгерлер естеліктері негізінде баяндалған. Автор кеңестік саясаттың салдары, халықтың жаппай қырылуы мен босуы, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының тағдырын жан-жақты зерттеген.

Сонымен қатар кітаптың қазақ және орыс тілдерінде жарық көруі оның кең аудиторияға қолжетімділігін арттыратыны айтылды.

Кездесу соңында кітаптың ресми тұсауы кесіліп, қатысушылар авторға сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

«Ұмытылған қасірет / Забытая трагедия» – тарихи шындықты зерделеп, оны болашақ ұрпақ санасына жеткізуге бағытталған маңызды еңбек.

Тағы да оқыңыз: