Kyzylorda-news.kz Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері Исатай Әбдікәрімовтің туғанына 101 жыл толуына орай, қаламыздың орталығында, колледж алдында орналасқан И.Әбдікәрімов ескерткішіне тағзым жасалып, гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Исатай Әбдікәрімов – ұзақ жылдар, бәлкім барлық өмірін өзі туып өскен Қызылорда өңірінінде әр түрлі басшы қызметте өткізген, аяулы азамат. Қасиетті Қаратау қойнауында туып, Ұлы Отан соғысының отты жолдарынан өткен Исатай Әбдікәрімов майданнан кейін ел тұрмысын түзеуге атсалысты. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандық партия комитеттерінде қызмет етіп шаруашылықтың сан саласында жүріп шыңдалды. 1962 жылдың соңында Жалағаш пен Қармақшы аудандары қосылып, оны Исатай Әбдікәрімов басқарды. Мұнан соң облыстық партия комитетін, кейін Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болып тағайындалды. Қай қызметте болмасын қоғам қайраткері жемісті еңбек етті.
Жүрегі таза, жақсылық үшін жаратылған текті жандар – шамға ұқсайды. Өйткені шамның жарығы айналасындағыларға тегіс жарық шашады. Сондай-ақ жақсы адамдар – жеміс ағаш сияқты. Басқалар оның тәтті жемісіне таласып, ырзығын пайдаланады. Исатай Әбдікәрімов осылай айналасын жан шуағымен жылытқан, аты аймақ тарихына алтын әріптермен жазылған кемеңгер тұлға еді. Парасат пайым биік, тау тұлғаның жарқын бейнесі, оның адамгершілікке толы бекзат болмысы ешқашанда ұмытылмайды, елімен бірге мәңгі жасай береді. Қысқа ғана ғұмырында жамандық пен жауыздықтан жиреніп, жақсылықпен, адамгершіліктің жолымен жүріп өмір кешті. Халқы сенді, сыйлады.
Жетпіс жылдан астам уақытқа созылған Кеңес дәуірінде Қызылорда облысын 20-ға тарта басшы басқарған. Солардың ішінде облыс тізгінін ұзақ ұстап, ел алдында сіңірген еңбегі үшін облыс жұртшылығының ерекше сүйіспеншілігіне ие болған тұлғалардың бірегейі – Исатай Әбдікәрімов еді. Исатай Әбдікәрімов Мәскеуге дейін беделін салып Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын, бұрынғы күріш тәжірибе станциясының базасындағы Жақаев атындағы Қазақтың Күріш ғылыми зерттеу институтын ашқызды.
Ел экономикасының қалыптасуына, халықтың мәдени-рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңіріп, артында із қалдырған тұлғаға Қызылорда қаласында кеңестік дәуірден мамандар ұстаханасы атанған оқу орындарының бірі – аграрлық-техникалық колледжіне Исатай Әбдікәрімов есімі берілсе, Социалистік Еңбек Ері, белгілі қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімовтің 90 жылдығына орай 2014 жылы 7 маусымда туған жері Жаңакорған ауданы Қожакент ауылындағы орта мектепке оның есімі беріліп, кеудемүсіні ашылды.
Игілікті іс-шарада сөз алған колледж директоры Абдикаримов Б.Ж.: «Ұлтқа, елге деген адал еңбегінің арқасында БАБАМЫЗ құрмет пен даңқтың сәулелі биігіне көтеріліп, ел жүрегінен мәңгі тұрақ тапты. Біз қашанда келер ұрпақ алдыңда Исатай Әбдікәрімовтің есімін әрқашан мақтанышпен айтамыз» - деді.
Іс-шара барысында колледж ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Б.Бекманов И.Әбдікәрімов – қазақ халқы мен Сыр елі тарихындағы текті тұлға, артына өшпес із қалдырған ел азаматы екенін атап өтті. Шара барысында И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжіннің студенттері Құдайберген Тұрсынбай, Әлиәкім Нұрбек «Жақсының аты өлмейді» дегендей өз шығармашылығынан арнау өлеңдерін оқыды.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін колледждің мұражайында Исатай Әбдікәрімовке арналған бұрышпен колледж студенттері танысып, Исатай Әбдікәрімовті еске алуға арналған колледжішілік студенттер арасында дәстүрлі ХI баскетбол турнирі өткізілді.
Қорлан САРЫ
Фото: aqmeshit-zhastary.kz