Kyzylorda-news.kz  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы оқытушыларының ұйымдастыруымен «А.С.Пушкиннің шығармаларын оқуда цифрлық білім беру ресурсын қолдану» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. 

Семинардың мақсаты — А.С.Пушкин шығармашылығын зерттеуде цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланудың тиімділігін талқылау және анықтау болды.

Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, ф.ғ.к Майнұр Бөрібаева кіріспе сөзін сөйлеп, іс-шараны бастап берді.

Одан әрі семинарда қызықты да танымдық баяндамалар жасалды. Олардың қатарында ф.ғ.д, мемлекеттік орыс тілі институтының бас ғылыми қызметкері, А.С.Пушкин жобаларының жетекшісі Эльмира Афанасьева (Ресей Федерациясы), ф.ғ.д., А.С. Пушкин атындағы Брест мемлекеттік университетінің орыс әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті Татьяна Сенкевич (Беларусь Республикасы), ф.ғ.к, Кония Селжук университетінің орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы Зейне Оразбекова және аталмыш кафедра студенті Лейлим Ағаханоглу (Түркия Республикасы), Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының аға оқытушылары Гүлнар Жалелова, Талғат Телеубаев болды. 

Сондай-ақ семинар барысында РЯЛ-21-2 тобының студенттері А.С.Пушкиннің шығармаларын оқу барысында «Rudall-E» нейрондық желісін және «Plickers» қосымшасын қолдануды көрсетті. «Славянь» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова семинарға қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі. Семинар тақырыбы барлық қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

 

Қорлан САРЫ

Фото:aqmeshit-zhastary.kz

Тағы да оқыңыз: