Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Білім басқармасы (оқу-әдістемелік кабинет) және «Orda» жоғары колледжі бірігуімен «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерді оқыту үшін оқу құралдары мен дидактикалық кешендерді дайындау мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Конференция техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарының педагогикалық кәсіби қарым-қатынас алаңын құруға, инклюзивтік білім беру технологияларын қолдану барысы бойынша тәжірибе алмасуға, кәсіби құзіретті маманның сапасын арттыруға, ерекше білім беруді қажет ететін студенттерге арналған арнайы пән оқулықтарын әзірлеудегі мәселелерге бағытталды.
Конференцияға Германиядан SES (SeniorExperten Service) халықаралық эксперті, Сауда және өнеркәсіп палатасының өкілі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғалар (ақыл-ойы сақталмаған) үшін қайта даярлау бойынша кәсіпкерлер мен технологтарға арналған ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Хайке Гюнтер және Қырғызстан халықаралық универсалды колледжінің директоры Кожомкулова Наргиза Адамкалыевна, Қырғызстан Республикасы, Қырғызстан халықаралық универсалды колледжінің оқытушысы Алиева Наргиза Жумадиловна арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар көршілес Ресей елінен және республикамыздың әр өңірінен баяндамашылар ZOOM платформасы арқылы байланысқа шығып, ерекше білім беруге қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ғылыми-әдістемелік конференция қонақтары "ORDA” жоғары колледжі базасын аралап, «Кәсіптік білім – кәсіпкерлік бастауы» атты өндіріс бұйымдары және «Инклюзивті оқытуды енгізудің шарттары» көрмесімен танысты.
Қорлан САРЫ
Фото: рмц43.рф