Kyzylorda-news.kz Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс. «Бала – басты байлығымыз, ал ең асылымыз оның тәрбиесі» деп Осы Жүсіп Баласағұн айтқандай, бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі, сөз жоқ, қоршаған ортаға, әсіресе ата-аналар мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Ендеше ұрпақ тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы.

Халқымыздың ұлттық тәрбиесі жүйелі. Өйткені, тәрбие әке-шеше, отбасынан бастап, ағайын туысы, көрші қолаңның бәрі араласып,бәрі де халықтың баласына ортақ қамқорлық жасаған. «Балаңа басқұр қалдырғанша, тозбас дәстүр қалдыр» деген қазақ халқы оөық жұрттардың санатыда болашақ қамын қатты ойластырған. Сол себепті ұлтымыз: «Балаң өзіңе тартса-жұбан, қоғамға тартса – қуан»  деп бекер айтпаған.

Осы ретте балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу барысында Қармақшы ауданында Қызылорда облысының әкімі, облыс прокуроры мен полиция департаменті бастығымен «Білім беру ұйымдарының заңдылықты сақтауы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі» үш жақты «ЖОЛ КАРТАСЫ» және «2024-2025 жылдарға арналған құқықбұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейб темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған профилактикалық бірлескен іс-шаралардың  қадамдық жұмыс жоспары» басшылыққа алынып жұмыс жүргізілуде.

Ауданға қарасты білім беру ұйымдарында оқушылар арасында қылмыстылықтың және тәртіпсіздіктің алдын алу, олардың құқықтарының сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ету бағытында бірлескен тәртіпте атқарылатын ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жасалынуда.

Аталған жұмыс жоспарына сәйкес,  мүдделі органдармен, прокуратура қызметкерлерімен «құқықтық сағаттар», кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі  комиссиямен бірлесе жоғары сынып оқушыларымен кездесу,  есепте тұратын, тәртібі қиын балалармен  «Құқықтық кеңес» пен ашық есік іс-шаралары полиция органдары мен бірлесе отырып ұйымдастырылды. Одан бөлек, оқушылар  арасында «Жасөспірім және Заң» құқықтық сауаттылықты қалыптастыру мақсатында дебат қозғалысы, «Менің бауырым» жобасы бойынша  психолог сағаттар мен семинар-тренингтер өткізілді.

Жыл басынан бері түнгі рейдтерге жауапты органдармен қатар, ата-аналар тартылып, құқық бұзушылықтың алдын алу  рейдтік шаралары ұйымдастырылып келеді. Түнгі рейдтер барысында мектепішілік ішкі есепте тұрған оқушылардың үйлері араланып, ата-аналарымен сұхбаттасу барысында оқушылардың тұрмыстық жағдайларымен танысу арқылы мекен-жайлық әлеуметтік психологиялық көмектер беріліп отыр. Балалар бойында туған жерге, Отанға деген құрметті арттыру, ұлы мақсатттарға жету жолында жақсы білім алып,адал еңбекпен армандаған жетістіктерге жетуге болатындығын және бала бойындағы жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру, құқықтық сананы жетілдіру мақсатында «Армандар орындалады» жобасы жүзеге асырылуда.

Осы ретте аудан әкімі Жандос Еркінбекұлымен, Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің басшысы Сағатбек Сүлейменовпен,аудан прокуроры Мейрамбек Махамбетжановпен және аудан ардагерлер кеңесі мүшелерінің қатысуымен болған келелі кездесулер мен жарқын жүздесулер бала болашағына нәтижелі көрсеткіштер беретініне сенімдемін, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева.

Сонымен бірге аудандық білім бөлімі жанындағы қамқорлық және қорғаншылық кеңес мүшелерімен Байқоңыр қаласы бойынша орналасқан білім беру ұйымдарында бала қауіпсіздігі мен олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қатысты ата-аналармен  кездесулер және жеке қабылдаулар өткізілген. Осы ретте ата-аналар өздері басқа жұмыспен айналысып,  бала тәрбиесін заңды өкілі болып табылмайтын туысқандары мен ата-әжесіне тапсырып кеткен жайттар да кездесті. Мысалға, №277 мектеп-лицейінде әлеуметтік талдау жұмыстары нәтижесінде 5 отбасының  8 баласы заңды өкілдерінсіз туысқандарының үйінде тұрып жатқандығы анықталды. Осы тұрғыда ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заңға сәйкес тиісті шешімдер шығарылды.

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған негізгі жұмыстардың бір – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Атап айтқанда спорттық, патриоттық және салауатты өмір салтына баулу мақсатында қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелерге және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі спорттық секцияларға балалар қамтылған. Бұдан бөлек «Интернет желісінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы білім беру мекемелерінде жұмыс тобы құрылып, ата-аналармен оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Қоғамда кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау қатары көбеюіне және келеңсіз жайттардың орын алуына кибербуллинг, буллинг «Тик-ток» платформасындағы жағымсыз бейнероликтер бала психологиясына кері әсерін тигізуде. Өкініштісі биылғы жылы орын алған ауданға қарасты №108 орта мектебіндегі оқиға орны толмас қайғыға әкеліп соқтырды.

Қазіргі таңда оқушыларымыздың психологиялық күйзеліс пен жанұядағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларға тап болмауы үшін ата-аналармен тығыз байланыс орната отырып, балалардың ұялы телефонға қызығушылығын тудыратын, әрі жиі ойнайтын ойындарына бақылауды күшейту мақсатында жұмыстар ұйымдастырылды.

     Мысалы, 2024 жылдың сәуір айында білім беру ұйымдарының 9,11 сынып оқушыларынан діни ұстанымы мен көзқарасын, шетелде діни білім алу туралы ойын анықтау мақсатында сауалнама жұмыстары алынған болатын. Сауалнама қорытындысына сәйкес, оқушылардың діни ақпараттарды ата-анасының, ересек адамдардың нұсқауынсыз, өз бетінше интернет кеңістігінен алып, таныса беретіндігі байқалады. Бұл – интернеттегі кез келген ақпаратқа, ресурстарға қолжетімділіктің бірден-бір көрінісі. Осы орайда, білім беру ұйымдарының басшыларына төмендегідей тапсырмаларды үйлестіру тапсырылып, нәтижесінде жоғары сынып оқушыларының ата-аналарының қатысуымен діни экстремизм және терроризмнің алдын алу, жас ұрпақтың бойында жат ағымдарға қарсы иммунитетті қалыптастыру, интернеттен діни ақпараттар алудың қауіптілігі т.б. тақырыптарда теолог-психолог мамандардың түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, отандық және шетелдік діни оқу орындарында білім алу, шетелде діни білім алудың қауіптілігі, интернет кеңістігінен (әлеуметтік желілерден) діни мазмұндағы ақпараттың қауіптілігі туралы арнайы сынып сағаттары өткізілген.

         Осы орайда аудандық білім бөлімінің басшысы ата-аналар мен  ұстаздарға жасөспірімдердің бос уақытында түрлі сайттарға, әлеуметтік желілерден қандай мәлімет алатындығы, қандай әлеуметтік желілерге тіркелгендігін қатаң бақылауға ұстауға шақырды.

Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың статистикалық мәліметтеріне тоқталатын болсам, жыл басынан бері есепке алынған 32 бала, оның ішінде, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан 6, мектепішілік бақылауда 25, полиция органдарының есебінде 1 бала бар. Бөлім тарапынан барлық құзырлы органдармен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізілгенімен, кейбір ата-аналардың балаларын қадағаламауынан, кешкі мезгілде жасөспімдердің көшеде жүруі жасырын емес. Нақты айтар болсам, 2024 жылдың 4 ай қорытындысымен әкімшілік құқық бұзушылықпен тіркелген жасөспірімдер саны – 61. Оның ішінде мектепте оқитыны 29 оқушы.

Осы ретте, Оқу ағарту министрлігінің 2024 жылғы наурыз айындағы №61 бұйрығына сәйкес қазіргі таңда мектепішілік ішкі есепке алынған оқушыларға қоғамдық жетекшілер бекітіліп, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін және құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты жоспарлы түсіндірме жұмыстары атқарылып келеді. Атап айтқанда мектепішілік есепте тұратын балалармен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог- психологтар және әлеуметтік педагогтар бірлескен жұмыс жоспары бойынша отбасы жағдайына талдау жасап, есепте тұрған балалармен жеке сұхбаттар жүргізіп,ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы.

Баланы ортаға бейімдеу, бойындағы жеке қасиеттерін дамыту, ашық, әрі жақсы дағдыларын қалыптастыру – білім беру ұйымдарындағы тәрбие бағытының негізгі міндеті екені жасырын емес. 2023-2024 оқу жылынан бастап оқушыларға біліммен қатар, тәрбие бағытын күшейту мақсатында Оқу-ағарту министрлігімен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Жоспарда білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Бағдарлама аясында «Асық – үлкен халықтық тәрбие» (№26), «Біртұтас тәрбие – жалпыадамзаттық, ұлттық  құндылықтар негізі» (№277), «Ұлттық өнер – ұлылығымыздың діңгегі» (№272), «Құқық бұзушылықтың алдын алу-баршаға ортақ міндет» (№279), «Жаңа Қазақстан – болашаққа жаңа қадам» (№284) тақырыптарында облыстық семинар өтіліп, жоғары бағаланды. «Облыс әкімінің кубогі» үшін жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында "Жаңа Қазақстан – болашаққа жаңа қадам" тақырыбындағы пікірсайыс турнирінде «Қорқыт елі» фракциясы (№121,№279) облыс әкімінің кубогын иеленді. Бос уақытты тиімді ұйымдастыру, балалардың интеллектісін дамыту мақсатында жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 сынып оқушылары арасында «Жаңа күн – жаңа Қазақстан»  тақырыбындағы аудандық әкім кубогы өткізіліп, №121 «Фаворит» фракциясы жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, білім алушылардың, құқық бұзушылыққа бейім, девиантты мінез-құлықты, мектепішілік есептегі оқушыларды қамти отырып 7-10 сыныптың оқушыларымен еркін форматта «Тәрбие талқы» сұхбаттасу алаңында кездесулер өткізілді.

Осы оқу жылында білім беру ұйымдарында тәрбие процесін жетілдіру, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға сусындату және тәрбие берудегі оқу-әдістемілік көмек көрсету мақсатында 15 облыстық, 45 аудандық семинарлар өткізілді.

Оқушылар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан көлемінде спорттың 12 түрінен «Ұлттық мектеп лигасы» мектепаралық сайысы ұйымдастырылуда. Аталған сайыс түрлеріне аудан бойынша 8 560 мыңға жуық оқушы тартылуда.

Бала тәрбиесі жайында сөз қозғалса, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдымен ойға оралады.

Білім беру объектілерін қорғауды ұйымдастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 7 ақпандағы № 26 бұйрығына сәйкес «Қазақстан Республикасының Білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» 2022 жылғы 30 наурыздағы № 117 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Осыған орай, жоғарыда айтылған нұсқаулықтағы өзгерістерге байланысты наурыз айында барлық білім беру ұйымдарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нұсқаулық талаптарын орындау жөнінде тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын талапқа сәйкестендіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Өткен жылы жылы облыстық бюджеттен 21,600 мың. тг қаржы қаралып, 3 мектепке (№107, 113, 199) бейнебақылау камералары (32 данадан) орнатылды.    Биылғы жылы облыстық бюджеттен 72 млн. тг қаржы қаралып, 10 мектепке жаңа бейнебақылау камералары орнатылып, 5 мектепке (№79, 111, 183, 186, 269) кент мектептерінің бейнебақылау камералары ауыстырылып, орнатылатын болады. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізулде. Аяқталу нысаны ағымдағы жылдың шілде айы.  Сонымен қатар, биылғы жылы Алдашбай ахун ауылы №111 орта мектебіне үнемделген қаржы есебінен дабыл түймесі орнатылды. Қалған 7 орта білім беру ұйымдарына   (№79, 106, 113, 185, 186, 199, 284) ағымдағы жылдың сәуір айында дабыл түймесін орнату үшін 4, 035 млн тг қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, биылғы 2023-2024 оқу жылын сапалы аяқтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында  аудан әкімінің орынбасыры С.Смағұловтың қатысуымен мектеп директорларына, 11-сынып бітіруші түлектер мен ата-аналарына мәжілістер ұйымдастырылды. Мәжіліс барысында оқу жылын аяқтауға байланысты ата-аналардан, педагогтардан ақша жинамау, үйлер, кафе, ресторандарда, басқа да ойын-сауық орындарында мектеп бітіру кештерін өткізбеу, бітірушілердің автокөліктермен кортежге шығуына жол бермеу, 25 мамыр, 14 маусым күндері тәулік бойы патрульдік полициямен бірлескен күшейтілген кезекшіліктер ұйымдастыру, өзен, көлдерге, шағын су алаптарына суға түсуіне қатаң тыйым салу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева.

         Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз да басты тұлға да – ата-ана. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер – отбасында балаға сөзбен, теориямен дамымайды. Ол үлкендер үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, ана да балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Әрине, жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі мектепке артылатыны түсінікті. Дегенмен, бала тәрбиесі баршамызға ортақ іс. Мектеп, ата-ана, қоғам болып жарқын болашағымызды бірге қалауымыз қажет.

Тағы да оқыңыз: