Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңдағы мәселе – «білімді азаматтарды қалай даярлап жатырмыз? Қазақстан Республикасының экологиялық білім беру тұжырымдамасы қазіргі таңдағы әлемдік, аймақтық, жергілікті экологиялық проблемалар және оларды шешудің маңызды мәселелерімен туындайтын оқушы – жастарға экологиялық тәрбие берудің жаңа, тиімді жүйесін ұсынады. Отандық экологиялық білім жүйесі білімдердің қажетті кешенімен қатар, мақсатқа сай шешімдерді қабылдай алатын заңнамасының бекітілген табиғатты қорғау мөлшерлері мен қалыптарына сәйкес әрекет ету іскерліктерін игерген адамдардың мінез – құлық таптаурын (стереотиптерін) қалыптастыру, дамыту және пысықтауға арналған.
Оқушы – жастарға экологиялық білім мен тәрбие берудің жаңа тұжырымдамалық міндеттерін іске асыруда жаңа типтегі экологиялық білім беру жүйесі қызмет ететін нақтылы әлеуметтік, жергілікті жағдайларды ескеру өте маңызды. Әсіресе, ауылдық аумақтарда оқушыларға экологиялық тәрбие берудің бірқатар өзіне тән жақтары, осыған байланысты оңтайлы мүмкіндіктері, сонымен бірге қиындықтарын алдын ала көре білу бұл бағыттағы тәрбиелік жұмысты ұйымдастыру мен жүзеге асырудың тиімділіктің шарты болып табылады. Атап айтқанда, негізінен оқушыларға экологиялық білім мен тәрбие берудің мазмұны, формалары мен әдіс – тәсілдері оның нәтижелеріне қойылатын талаптардың жалпы бірдей болғанымен этноаймақтық ерекшеліктерді ескеру принципіне сәйкес қала мен ауыл мектептерінде балалар бойына экологиялық сана – сезім және мінездерді сіңіруді өзіндік айырмашылықтар болуын есепке алу керек. Басқаша айтқанда, ауыл мектептерінде экологиялық білім мен тәрбие беру міндеттерін іс-жүзіне асырудың өзіне тәндігін айқындап алу мәселесі алға қойылады.
Халқымыздың түп-тамыры ауылдан басталады. Әсіресе, ұлттық мәдениетіміздің бесігі де ауыл. Шынайы мағынадағы табиғатқа үйлесімді тәрбие де ауылдан бастау алатындығы, ал, халық педагогикасының асыл мұралары да, ауылдық өмірде сақталып келгендігіне ешқандай күмән жоқ.
Дана халқымыз: "Адам бір жылдығын ойласа, дән себеді, жүз жылдығын ойласа, ағаш отырғызады, ал мың жылдық ұзақ ғұмырын ойласа ұрпақ тәрбиелейді" деп келетін терең мағыналы сөзі бар. Осыдан-ақ, ата-бабаларымыздың жас ұрпақ тәрбиесіне, білімі мен өнер үйренуге деген көзқарасының қаншалықты жоғары болғандығын айқын аңғаруға болады. Бабалар жолын жалғап, бала жүрегіне ұлттық құндылықтар арқылы жол табу әрбір ұстаздың абыройлы міндеті болуы тиіс деп есептеймін. Біз сонда ғана, саналы ұлттың төріне еніп, болашақта іргесі берік, ұлттық рухы мықты ел боламыз. Осы орайда, Қазалы ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылындағы №78 орта мектеп директоры Гүлдәурен Рахатдинқызы жеті жыл басшылық еткен білім ордасы жайлы баяндап берді.
Оның мәлімдеуінше, Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Сарыбұлақ ауылындағы №78 орта мектебі ғимараты – 2015 жылы 100 орындық болып балалар игілігіне берілді. Мектепте – 30 педагог, 25 техникалық қызметкер жұмыс жасайды.
– Жаңа мектепті ақ қабырға күйінде әріптесімнен қабылдап алдым. Бұл басшылықты 2017 жылдың тамыз айынан бастап тізгіндедім. Бұған дейін мектеп директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары қызметінде – 10 жыл еңбек еттім. Жалпы, еңбек жолымды осы мектептен бастағанмын. 1993 жылдан бері балаларға білім - тәрбие жолында жұмыс жасадым, – дейді Сарыбұлақ ауылындағы №78 орта мектеп директоры Гүлдәурен Рахатдинқызы.
Ұстаз жолы - оңай емес әрине. Бала бағбаны бола білу - мұғалімнің басты міндеті саналады. Оларда осы еңбек жолында талай қиыншылықтар да болды. Ең қиыны - ауылдың шалғайлығы. Ауданнан – 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Одан әрі жоқтан бар жасау деген осы уақытқа дейін белең алып келеді.
– Жағдайы бар мектепте жұмыс жасаған сірә да, оңай болар деймін. Дегенмен, бар қиындықты еңсердік десем де болады. Қазіргі таңда мұғалімдер мен оқушылардың ізденіп, қызығушылығын арттыруға барынша жағдайлар жасалынды. Сылтауға айтуға жол жоқ. Мен өзім қашанда адалдық , шыншылдықты ту етемін. Осы адалдықты жаныма жалау еткеннен болар, ұжымда қашанда болмасын өзіндік орнымның болғаны деп ойлаймын. Үнемі қай орта да болсын осы бір сөзді жиі айтамын . " Қандай жағдайда да болмасын , адамның жақсы жағын көре біл" деуден жалыққан емеспін.
Қазір адамдар барынша білімге ұмтылады. Әрине, бұл ретте адамға рухани қолдау керек. Ал, енді, бүгінгі сөз еткен басшылықта жасаған тәжірибем, әдіс - тәсілдерім арқылы жеткен жетістіктеріме қалай қол жеткіздім деген сауалдан бұрын, ең алдымен, мектеп басшысы болмастан бұрын, "Егер мен мектеп директоры болсам " деп , өз - өзіме алдымен, мақсат қойып , біршама жобаларды алдымен жоспарлап , одан басшы мандатын алған соң тағы бір өзіме сауал қойдым. Құлазып тұрған жұмыстарды реттеу үшін маған қанша уақыт керек? Бір жыл... жо жоқ! Үш жыл уақыт керек. Міне , сол мақсатымды басшылық тізгінін қолға алған күннен бастап іске асырдым. Әрине , ең алдымен, ұжымды бірлікке үндей отырып , тәлімді тәрбие орталығына айналдырдым, – дейді Гүлдәурен Рахатдинқызы.
Оның ойынша, талап бар жерде - тәртіп бар деп әрі қарай өзі іштей жоспарлаған мақсатын іске асыратын уақытты құр жұмсамаған. Сол мақсаттарын іске асыру үшін әр пән мұғалімдерін бейініне , жұмыс атауларына қарай топтастыра білген.
– Әрбір азаматтың парызы өз туған өлкесінің тарихын, әдебиетін, мәдениетін білуге, оны дәріптеуге міндетті. Айтар болсам, туған жеріміздің айналасы тұнған тарих. Киелі жер-су мекендері. Міне, осыдан барып мектеп жұмысын ұлттық құндылыққа негіздедім. Яғни, басшылық қызметімнің басты мақсатын ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мектеп қоғамында салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды төл мәдениетімізді насихаттаумен байланыстыра отырып, алты бағытқа негіздеп, жұмыс жоспарын жасап, жүзеге асырдық. Әрине, ауызбіршілік, ынтымақтың арқасында деп білемін, – деп өз жан-дүниесімен бөлісті мектеп директоры.
Бүгінгі таңда мектебіміздің жарқын жұмыстары бірізді жолға қойылған. Әр бағыт бойынша арнайы кабинеттер жасақталған. Кабинеттер өз дәрежесінде үнемі жұмыс жасайды. Мұғалімдердің жайлы жұмыс жасауына барынша жағдайлар жасалынды десек артық айтқандық емес. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту және олардың зерттеушілік бейімін жетілдіру мақсатында өлке тарихын ұғындыра отырып, туған жерге сүйіспеншілікті оқушы бойына сіңіру мақсатында құрылған.
"Жас жиһангез" жас өлкетанушылар клубы, туған өлке айналысындағы тарихи ескерткіштер мен киелі жер - су мекендерімен таныс болу мақсатта өскелең ұрпакты тәрбиелеу арқылы саяхат сабақтар ұйымдастырылады. Мектеп жанынан өлкетану мұражайы 2020 жылы ашылды. Мұражайда ата - бабалардан қалған көне жәдігерлер, тарихи ескерткіштер маңынан табылған көне бұйымдар орналастырылған. Өлкетану бағыты бойынша "Жасыл мектеп" жобасы аясында гидропоника кабинеті жұмыс жасайды. Су және топырақ арқылы өнімдер егіледі. Қазалы ауданында гидропоника кабинетінің жұмыстары таныстырылды. Одан әрі "Руханият" әдеби танымдық клубы. Басты мақсат – ұлттық педагогика жаухарларының еңбегін ұрпақ бойына сіңірту болып табылады. 5-11сыныптар аралығында танымдық сабақ ретінде жүргізіледі.
5-сынып - Ыбырайтану, 6-сынып - Абайтану, 7-сынып - Шоқантану, 8-сынып - Ахметтану, 9-сынып - Міржақыптану, 10-сынып Мағжантану, 11-сынып - Жүсіпбектану.
Әзірге танымдық сабақтың жоспарларын сынып жетекшілеріне ықшамдап, жоспарлы түрде берілді .
Ұлттық педагогикамызға негізделген танымдық сабақтың жоспарын авторлық негізде қарастырылып, әлде де, толықтырылуда. Ұлттық спорт түрлері аркылы салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін "Жамбы" ұлттық спорт клубы бар. Бұл арқылы балаларды ұлттық ойындар арқылы салауттылыққа баулиды.
Ал, "ұлттық салт-дәстүр" деген ұғымды іздесең, тек ауылдан табылатыны сөзсіз. Біз ұлттық құндылығымызды күнделікті өмірмен байланыстырмасақ, ұлттық дәстүрімізді дәріптемесек, бұл бізге - үлкен сын. Сондықтан, оқушыларды өздігінен ізденіп, ұмыт болып бара жатқан өнерді қайта жандандырып, оның шығу тарихын, қалай пайда болғанын түсініп ғана қоймай, оларды өз қолдарымен жасап, сәндік – қолданбалы өнерді қайта жаңартуға, оған жаңа мазмұн беруге баулу мақсатында "Асыл мұра" клубында "Тұмар" әкелер және "Ісмер" аналар мектебі, " Даналық мектебі " шәкірттердің рухани дүниесін байыта отырып, қазақ халқының өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, мәдениетімізді құрметтеуге үйрету барысында үйірме жұмыстар арқылы өз дәрежесінде жұмыс жасауда. Өрмек тоқу , ши тоқу тағы басқа қолөнер түрлері қамтылған. Келесі жұмыстар оқушылардың әртістік шеберліктерін дамыту мақсатында "Тағылым" мектеп театры жобалары жүзеге асқан болатын. Жүйелі жұмыс қашан да, өз жемісін береді. Аз ғана жылдың ішінде мектеп ұжымы жақсы нәтижелерге қол жеткізе алды. Ең үздік қойылым Шерхан Мұртазаның "Домалақ ана" қойылымы аудандық деңгейде аудан орталығындағы мәдениет үйінде сахналанып, " Көрермен көзайымына " айналды.
Келесі бағыт "Өркениет" жас ғалымдар мектебі. Бұл мектептің жұмысы ғылыми жобалар байқауы бойынша аудандық, облыстық кезеңдерінің жеңімпазы атанып, соңғы бес жылдықтағы тұрақты қатысушысына айналды.
"Сарыбұлақ боры" атауымен дала шпаты шикі өнімдерінен мектеп құралының бірі - бор өнімі бірнеше рет облыстық, аудандық деңгейде қорғалды. "Сарыбұлақ ауылы аймағындағы топономикалық атаулар" жобасымен облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі болса, "Тұздыкөл құпиясы" жобасымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университетінің оқуға 50 процент жеңілдік грантын жеңіп алды. Ал, Ащыбұлақ суының емдік қасиетінің пайдасы тіптен ерекше болды. Жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен айналысуға жақсы жағдай қарастырылып, осы бағытта "Өркениет" жас ғалымдар мектебі пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, ауылдық клубпен меморондумға сәйкес, оқушыларға мектептен арнайы домбыра үйірмесі ашылып, жұмыс жасауда. Әр бағыт бойынша жауапты жетекшілер мен мүшелері бекітілген. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, кейінге тарату арқылы бабалар өсиетін, аталар аманатын, ағалар ақылын бойтұмар қылатын намысты ұл мен әженің өнегесі мен ананың тәлімі дарыған текті қыз тәрбиелей аламыз. Біз әрқашан өз дәстүріміз бен ата жолынан жаңылмай жалғайтын болсақ, келер ұрпақ өмір сүріп жатқан кездерден де, жарқын болашақта өмір сүре алатынына сенім мол.