Kyzylorda-news.kz Жүз жылдан астам тарихы бар ауыл мектебі Аманкелді ауылында орналасқан. Бір ғасыр бойы ағартушылық қызмет атқарып, ауыл балаларына саналы тәрбие мен білім беріп келе жатқан №42 Қ. Баймағанбетов атындағы  мектеп-лицейі бүгінде ауданның білім саласында өзіндік орнын қалыптастырды. Мектеп-лицей статусын иеленген білім ошағының тарихы мен  оқу жылының жетістіктері туралы айтқан директоры Бағдат Рахменовтың болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Бағдат Батырханұлы, мектеп кез келген адамның өмірінде ерекше орын алады. Бар білімнің бастауы болған киелі шаңырақ, сіз басқарып отырған мектеп-лицейдің тарихы тереңде жатыр. Нақты айтқанда ғасырдан астам уақыт бойы ауыл балаларын біліммен сусындатып отырған, үлкен өмірге жолдама беретін қарашаңырақ. Ауыл мектебінің тарихын айтсаңыз?

– Ауыл мектебінің тарихы 1923 жылы басталады. Осы жылы іргесі қаланып, «Зіңкетер» деп аталған мектепті Абдолла Ағайдарұлы ашқан. Ғани Мұратбаевпен танысып, қайраткер тұлғаның тапсыруымен ауылда мектеп ашуды қолға алған. Білім шаңырағы асармен салынады. Осы игі істі қолдаған бір топ азаматтар Қылышбай Бисенбайұлы, Махамбет Сенбіұлы, Шонжарбайұлы, Ағайдар Шалжанұлы мектеп үйін салуға қол ұшын тигізеді. Білім ошағының сұлбасы қазақ ағартушысы Ы.Алтынсариннің мектеп үлгісімен салынғанға ұқсайды. Ұзындығы 30 метр шамасы, ені 25 метрден астам. Оның тұрқы «Е» әрпіне ұқсас. Көпшіліктің айтуынша, зіңкетерліктер сары кірпішті елді мекенде күйдіріпті. Алғашқыда мектептің төрт бөлмесі салынса керек. Кейіннен қосымша сыныптар қосылған. Мектеп құрылысын Әбубәкір Қалыбаевтың Қызылордадағы Валентин Живков деген досы жүргізіпті.
Бастауыш мектеп ашылғаннан кейін мұнда Киров, Айдарлы, Жас қайрат, Жаңа тұрмыс, Құлшығанақ, Қызылту елді мекендерінен балалар келіп оқыған. Білім ордасында Құлмағанбет Қоңырбаев, ағайынды Шәріп, Ғаріп Мақсұтов, Валентин Живков (комсомолдарға орыс тілінен дәріс берген) ұстаздық етіп, оқушылардың сауатын ашқан. Олар күндіз шәкірттерге сабақ берсе, түнде сауаттандыру мектебінде білім берген.
1924 жылы «Зіңкетер» мектебінде үшінші ауылдық Кеңес бойынша (қазіргі Амангелді ауылы) 17 қыз бала оқуға тартылады. Қаныш Ағайдарқызы, Өтек Құлманов, Яқия Ешімов, Әубәкір Жүсіпов, Дәуренбек Қылышбаев, Төлеген Кішкенбаев, Сүлеймен Әйімбетов, Айша Оспанова, Шерәлі Беркіновтер 1923-27 жылдары мектепте оқыған алғашқы түлек. 

1936 жылы мектеп жетіжылдық болды. Одан соң «Зіңкетер» мектебі Қайырсуатқа көшіріліп, Қызылтудағы онжылдық мектепке айналған.
Қызылту орта мектебінде Т.Базарбаев, Д.Баймаханов директорлық қызметті атқарды. Осы мектеп түлегі Айзонов аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім атанған. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тотай Тұрлығұлов, Сырдария аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болған Күлшара Рахметова және Гүлсара Кішкенбаева, Әуезхан Ысқақовтар білім ошағының алғашқы қарлығаштары болып, түлеп ұшқан.
Қызылту мектебі 1950 жылы Ленин атындағы колхозға көшірілді. Осы жылдан бастап В.И.Ленин атындағы №42 мектеп болып өзгерді. Ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар бірігіп, қам кесектен «Т» әріпіне ұқсас 13 бөлмелі мектеп үйін тұрғызған. Кейін қосымша бөлмелермен толыққан. Білім ордасында Ленин, Калинин, Қызылту, Киров, Айдарлы, қазіргі Жетікөл елді мекендерінен келіп 307 бала оқыған. Оларға 15 мұғалім сабақ берді. Ол кезде мектеп директоры Шәмші Көшекбаев, оқу ісінің меңгерушісі Мұсахан Жұмабеков болған. 1951-52 оқу жылында 370 оқушы білім игерсе, 24 мұғалім жемісті еңбек еткен. Жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беруде Бекежан Омаров, Тыныштықбай Ахметов, Күлзипа, Бибігүл, Зейпін, сондай-ақ, ардагер-ұстаздар Сүлеймен Жаманқұлов, Нұрмағанбет Көлдеев, Ержігіт Сейдахметов, Елғон Қосанов, Әбдікәрім Абдоллаев, Мүкәш Жүсіпова, Қапан Аяшов, Маржан Шақкөзова, Патыма Рахманқұлова, Шолпан Бошаевалардың есімі мектеп тарихымен сабақтас.
– Мектеп тарихында ғарышкер Герман Титовтың келуі туралы айтылған. Осы оқиға қандай жағдаймен байланысты болды?

– 1965 жылы ақпан айында Қызылорда қаласында күрішшілердің облыстық ІІ слеті өткен. Слеттің жұмысына Кеңес Одағының екінші ғарышкері Герман Титов қатысып, Аманкелді атындағы совхоз орталығында мектеп оқушыларымен кездеседі. Содан кейін ғарышкердің ықпалымен 1965 жылы 320 орындық мектеп үйінің іргетасы қаланып, ол 1968 жылы 1 қаңтарда пайдалануға беріледі. Сол оқу жылында оқушылар 600-ге жуықтап, білім алушылар саны артқан. Жалпы, 1948-88 оқу жылдар аралығында аталмыш мектепті 2000-нан астам оқушы бітіріп, ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мамандары шыққан. Бұл білім ошағында ең ұзақ директорлық қызметті абыроймен атқарған «Қазақ ССР-і Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Шәкен Байжанова. Ардагер-ұстаз 1963-1991 жылдар аралығында мектеп ұжымын басқарып, өзінің біліктілігін, ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білген.
Аманкелді атындағы совхоздың еңбеккерлері облыстық кеңестің депутаттығына сайланған Қазақстан компартиясы Қызылорда облыстық партия коммитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековке аманат ретінде жаңа мектеп салу тапсырылған. Сол кісінің көмегімен ауылда қазіргі үлкен мектеп жаңадан бой көтерді. 1986 жылы 1 қыркүйекте 624 орындық жаңа типті мек­тепті колхозаралық құры­лыс мекемесінде Қаз­ақстан компартиясы ХVІ съезінің делегаты Иван Иванович Шаблинскийдің басқаруындағы бригада пайдалануға берді. И.И.Шаблинский мектеп үйінің символикалық кілтін мектеп директоры Ш.Байжановаға тапсырған. Қуанышты мерекеде Қазақстан Компартиясы бірінші секретары Н.Ергешбаев мектеп үйінің алқызыл лентасын қиды. Сол жылдардағы совхоз директоры Нұрман Жұндабеков, оқушылыр комсомол комитетінің секретары Гүлсара Аяшева, мектеп директоры Шәкен Байжанова мектеп үйін мерзімінде іске қосуға атсалысқан мекемелерге алғысын білдірген.
– Қазіргі еңсесі биік білім ошағына да 38 жылдан астам уақыт болыпты...

– Иә, мектеп үйі жаңа типтік жобамен салынған. Екі қабаттық зәулім мектепте жақсы жабдықталған ондаған пән кабинеттері, оқу шеберханалары, спорт залы, кітапхана және акт залы бар. Мектеп үйінің жанында жылыжай пайдалануға беріліп, оқушылар қыста да, жазда да көкөністер мен әсем гүлдер өсіріп отырды.
Жылдар өткен сайын №42 орта мектеп өсіп-өркендеді. Оның киелі қабырғасынан көптеген өрендер білімге сусындап, қанат қақты.
1995 жылы Сыр сүлейі, айтыскер ақын, мектепте ағартушылық қызмет атқарған Қуаныш Баймағанбетовтың 100 жылдығына орай ауыл тұрғындарының және Ленин ауылдық кеңесі ономастикалық комиссия төрағасы ардагер-ұстаз Сүлеймен Жаманқұлов, осы комиссия мүшелері ұйғарымымен мектепке Қуаныш Баймағанбетов есімі берілді.
1991 жылдың оқу жылынан бастап №42 Қ.Баймағанбетов атындағы орта мектептің директорлық қызметіне Асылхан Дүйсебеков тағайындалды. Ол педагогикалық ұжыммен бірге қажырлы еңбегі, шығармашылық жұмыстары нәтижесінде біршама игі жұмыстарды атқарды. Осы жылдар аралығында білім ошағы республикалық деңгейде талай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, 1996 жылы қазан айының 26 жұлдызында Алматыдан қуанышты құттықтау жеткен. Республика бойынша 200 мектеп байқауға қатысып, оның ішінде облыстан 2 мектеп жеңімпаз деп танылыпты. Соның бірі – осы мектеп. Сондай-ақ, 1996 жылы «Жалпы білім беру мазмұнының жаңа моделі» тақырыбындағы республикалық семинар кеңесінің, Халықаралық «Сорос-Қазақстан» қоры байқауының жеңімпазы атанды. 1996-1997 жылы облыстық «Жыл мектебі» атағы берілген. 2000-2001 жылы «Жылдың ең үздік мектебі», «Сорос-Қазақстан» байқауының жеңімпазы және 2001 жылы «Республикалық таңдаулы мектеп» байқауының лауреаты. А.Дүйсебеков 2017 жылға дейін мектепті басқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп директоры лауазымына оқу ісі жөніндегі орынбасар Иса Жақыпұлы Әбдіқалықов тағайындалды. Дегенмен, білікті ұстаз ойда жоқта өмірден озды. Ол кісінің осы мектепке жасаған еңбегі зор еді.

– Мектептің ұстаздар қауымы көптен күткен мектеп-лицей статусын алуы да ерекше тарихи сәт болды емес пе?
– Әрине, тарихы тереңде жатқан мектеп 2016-2017 оқу жылының сәуір айында мектеп-лицей мәртебесіне ие болды. Ауылда білім көкжиегінің өркендеуіне Мырза Жұмабеков, Қайролла Жүсіпбеков, Базарбай Құланбеков, Ләззат Мәлікова, Б.Мырзанова, Д.Сайдова, П.Миянова, Е.Құлымбетов, Ө.Жақашов, К.Ибадуллаева, Р.Әбуова, Ә.Сейітмұратова, Ш.Жансейітова, А.Ермашова, К.Оспанова, Г.Айбытова, Г.Сейдалиева, Г.Иманбердиева, М.Бегайдаровалар жемісті еңбек еткенін айту керек. 

Белгілі ақынның атымен аталатын мектептің тарихында басшылық жасаған білікті ұстаз Зейнұр Жаманқұловтың алатын орна ерекше. Ол 2018-2024 жылдар аралығында басқарды. Осы жылдар ішінде көптеген түлектер жетістікке жетіп, ұстаздарымыз биік белестерге көтерілді. Мектеп- лицей 2021-2022, 2022-2023 оқу жылдарында қатарынан екі мәрте  ауданда «Жылдың үздік білім беру ұйымы» атағын жеңіп алуы үлкен мәртебе.

– Тағы бір оқу жылы аяқталды, өткен оқу жылындағы ұстаздар мен шәкірттеріңіздің жетістіктеріне де қысқаша тоқталсаңыз?

– Оқу жылын сәтті аяқтадық. 2023-2024 оқу жылында «Дарын» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 10 сынып оқушысы Ақнұр Амангелдиева математика бағыты бойынша І орынды, 9 сынып оқушысы Гүлім Қылышбек ІІІ орынды жеңіп алды. «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне екі жұмыс қатысып, нәтижесінде Айару Сейілхан мен Сая Нүркенқызы ІІІ орынға қол жеткізді. Сонымен қатар БӘДТ пәнінің жетекшісі Ж.Құлымбетов нысана атудан І орын алды. Жас ұстазымыз Піржан Төлеген аудандық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсынан І орын, облыстан І орын, республикадан ІІ орынды иеленді. Қымбат Мажит аудандық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» жас педагогтар байқауының І орын алып, облыстық байқауда «Сертификат» иеленді.

 100 жылдан астам тағылымды тарихы бар білім ордасының бүгінгі таңдағы ұстаздар ұжымы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде талабы биік табыстарға жетелейтін жемісті еңбегін жалғастыруда.

– Сұқбатыңызға рақмет, шағырмашылық табыс тілейміз!

Бибісара ЖАНӘЛІ

Тағы да оқыңыз: