Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік) және Қазалы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ халқының мақтанышы, тұңғыш академик, тау-кен ғылымының негізін қалаған ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Сәтбаевтың ұлылығы» тақырыбында облыстық вебинар өтті.

Академик Қ.И.Сәтбаев – энциклопедиялық білімі бар ХХ ғасырдың көрнекті ғалымы. Ол өз заманының сан алуан салалар мен тарауларға бөлініп, жоғары дамыған ғылымының бәрінен хабардар болды. Әр ғылым саласының заңдары мен байлығын ашып, халық игілігіне пайдалануға қалтқысыз еңбек етті. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик.

Вебинарға облыстың география пәні мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты. Ұстаздар қазақ халқының біртуар азаматы, академик, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мұрасын насихаттау, жаңа буынның көшбасшылық, интеллектуалдық әлеуетін дамыту турасында тәжірибе алмасты. 

Атап айтсақ, «Ұлтының ұлы перзенті» тақырыбында 17 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Бекжанова Жақсыгүл, «Қаныш Сәтбаев» тақырыбында №95 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Сәдуақасова Назира, «Қасиет қонған Қ.Сәтбаев салған жол – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында №216 орта мектептің мектеп директорының м.а Бектов Бектас, "Жезқазған мыс кенді аймағы және оның минералды ресурстары" тақырыбында №16 мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Өтепбергенов Рахымжан, «Қазақтың Қанышы» тақырыбында №91 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Мусаева Гаухар баяндама жасады. «Қаныш Сәтбаев – ғалым, азамат, патриот» атауымен Жакей Фарида №170 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі сахналық қойылым жасап, «Қара алтынның қаламгері-Қанекем» тақырыбында №276 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Аймішова Гүлшахар мәнерлеп өлең оқыды. «Найзағай ғұмыр» тақырыбында №78 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Шертай Ерхан арнау өлең оқыды.

Жиын соңында педагогтер тың ақпаратпен бөліскен пән мұғалімдеріне,  вебинарды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. 

 

Қорлан САРЫ
Фото:akademik-satpaev.madsteed.ru

Тағы да оқыңыз: