Kyzylorda-news.kz Жақында әдістемелік кабинеттің жылдық жоспарына сәйкес Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен «Оқылым дағдысы – функционалдық сауаттылықтың негізі» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Семинардың барысында мектеп басшысы Ләззат Ізбасқан мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Жазира Оңғарова жиынға қатысушыларға сәттілік тілеп, құттықтау лебіздерін жеткізді. Мектеп оқушыларының алған білімдерін өмірде қолдану мүмкіндіктері туралы ақпарат беріліп, 7-сынып оқушысы Дамир Айғараның қазақ күйімен жалғасты.
Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтар қоса дәріптеліп, пән мұғалімдері Ажар Есенованың «Қазақ тілі пәнінен функционалдық сауаттылықты арттырудың тиімді тәсілдері» тақырыбында баяндамасы тыңдалды. Ғазиза Орынбетованың 9 «В» сыныбымен «Ғаламтор желісінің жетістіктері», Мақсат бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлем тақырыбында ашық сабағы көрсетіліп, Шакизада Есенова мен Назгүл Ізімқұлдың «Білімдінің ойы ұшқыр, өресі кең» тақырыбында 9-сынып оқушылары арасында зияткерлік сайыс сабағы өткізілді. Одан әрі Қаламқас Телеуова мен Гүлназ Жүнісованың «Оқу сауаттылығының негізі – мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді. Мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер ұйымдастырылды.
Семинар соңында аудандық білім бөлімі әдіскері өткізілген сабақтардың мақсатына жеткендігін саралап, жиында жұмыстарын көрсеткен пән мұғалімдерін білім бөлімінің Алғыс хатымен марапаттады.