Kyzylorda-news.kz. Жақында Төретам кентіндегі Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясында ертеңгі ел болашағы болып саналатын мектеп оқушыларының математика пәніне деген қызығушылықтарын ояту, өз заманында математика ғылымының майталманы, ұлағатты ұстаз, өз ұжымының кемеңгер басшысы бола білген тұлға Қуандық Игенбаевты еске алу мақсатында 7-сыныптарға арналған Қ.Игенбаев атындағы ХІІ облыстық олимпиада өткізілді.

Оған облыс бойынша әр ауданнан 42 оқушы қатысты. Білім бәйгесінде бақ сынаған оқушыларымыздың білімін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессорлары мен қаладағы білім инновациялық лицейінің ұстаздары саралап, әділ шешім шығарды. Облыс көлеміндегі іс-шараға «Дарын» қосымша білім беру орталығының басшысы Айжан Тұрғанбекқызы, 80 мектеп-гимназияның ардагер ұстаздары Мейіткүл Аралбаева, Сәуле Серікбаева, Керейтбай Дүйсенов, Әбжали Жорықбаев, ата-аналар комитетінің төрағасы Абдимуталап Ниязбаев, ағайдың балалары Серік, Ержан Игенбаевтар қатысты. 

Кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін мағыналы із қалдырған біртуар азаматтың мәртебесін асқақтатып, киелі шаңырақтың төрінде Қуандық Игенбаевтың құрметіне қойылған ескерткіштің салтанатты түрде ашылуына барша жұрт куә болды. Ескерткішті салтанатты түрде ашу құрметі бірге жұмыс жасаған әріптестері, ардагер ұстаздар Керейтбай Дүйсенов пен Әбжали Жорықбаев және мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Абдимуталап Ниязбаевтарға ұсынылды. 

Дәстүрлі математикалық олимпиадаға қатысушы оқушыларға, қадірменді қонақтарға олимпиаданың арнайы төсбелгісі тағылды. Білім сайысы аясында Қуандық ағайдың ұрпақтарының демеушілігімен қайта жабдықталып, жаңа деректермен толыққан мектебіміздегі мұражай оқушылардың таныстырылымын білім ұясының шәкірттері жасады. Талай ұрпақтың жадында мәңгілікке жазылып қалған ұстаздар, абзал жүректі ұлағат иелері аз емес. Осындай ұлағатты жан Қуандық Игенбаевты еске алып, еңбегін дәріптеу мақсатында Индира Ахметова «Тұғыры биік нар тұлға!» атты ғылыми-танымдық конференция өткізді. Оған ұлағатты ұстаздың отбасы, ардагер ұстаздар, білім нәрімен сусындатқан шәкірттері, өмірдің ызғары мен ыстығын бірге сезінген қызметтес достары және 11-сынып оқушылары қатысты. Іс-шарада ағайдың өнегелі өмірі, бойындағы ерекше қасиеттері, бітім-болмысы, бала тәрбиесіндегі басты ұстанымы туралы келген қонақтар кеңінен тоқталды. Ауылдастары мен шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген азаматтың айтқан әзіл әңгімелері қызметтес әріптестері Райхан Байшораева, Оразкүл Досанова, Пазыл Төлемісов және Қазалы ауданынан келген шәкірті, өзі де осы олимпиадаға шәкіртін үкілеп қатыстырып отырған Жібек Досжановалар сағынышпен еске алды. Сондай-ақ, 11-сынып оқушылары Руслан Нұрашев пен Жұлдыз Жұмабекова  олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, келген қонақтарға өздерінің ыстық  лебіздерін білдірді.

Халқымыздың келешегін жарқын етер, үкілеген үміт иелері – жас жеткіншектердің басын бір арнаға тоғыстырып, қыз-қыз қайнаған білім бәсекесінде тереңнен шыңдай түскен математика олимпиадасында дарабоз дарындыларды марапаттау «Дарын» қосымша білім беру орталығының басшысы Айжан Тұрғанбекқызына тапсырылды. Шашасына шаң жұқтырмай оза шапқан дарындарға бағалы сыйлықтармен қатар мақтау қағаздары табысталды. Аталған олимпиадада Т.Жүргенов атындағы №80 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Дильназ Отарбай қанжығасына І орынды байлап, жеңімпаз атанды.

Тағы да оқыңыз: