Kyzylorda-news.kz ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенді (ОӘК) дайындауға, сараптауға және мониторингтеуге байланысты нормативтік базаны жаңарту және негізгі процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілді, – деп хабарлайды Қазақпарат.

Ведомство дерегіне сәйкес, өткен жылдың ақпан айында орта білім беруді дамытуға және сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігіне Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторингтеу және басып шығару қағидаларына өзгерістер енгізу тапсырылды.

Өзгерістерде:

  • уәкілетті органның жекелеген баспаларға сұрау салмай тақырыптық жоспарды бекітуі; 
  • тақырыптық жоспарды міндетті түрде жариялау;
  • авторлық ұжымға тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі бар кемінде үш білікті маман қосу туралы талапты енгізу;
  • оқулықтарға сараптамалық бағалау жүргізудің нақты өлшемшарттарын белгілеу;
  • оқулықтарды жаңартудың 5 жылдық мерзімін сақтау үшін оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу тәсілдерін жаңарту көзделуге тиіс болды.

— Нәтижесінде аталған өзгерістер ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілді. Жаңартылған нормалар тақырыптық жоспарды қалыптастыру тәртібін, авторлық ұжым құрамына қойылатын талаптарды, сараптамалық бағалау өлшемшарттарын регламенттейді, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу рәсімдерін нақтылайды. Тақырыптық жоспар енді автоматты түрде жасалады: баспалар мен әзірлеушілер Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz интернет-ресурсы арқылы өтінім береді. Оқулықтар мен электрондық оқулықтарды дайындауды құрамында тиісті оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтер бар авторлық ұжымнан тұратын әзірлеушілер немесе баспалар жүзеге асыратыны бекітілген, — делінген хабарламада.

Бұған қоса министрлікке мектептердің кітапхана қорларын есепке алу және бақылау процестерін, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК-ні сараптамаға қабылдауды автоматтандыру тапсырылды. Негізгі процестерді автоматтандыруды және нормативтік базаны айтарлықтай пысықтауды қамтитын қабылданған шаралар оқулықтар мен ілеспе материалдардың сапасын арттыруға, субъективтілік пен қателікке жол беру тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ олардың уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: