Kyzylorda-news.kz.  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, осы ұжымдағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қазыбай Құдайбергенұлына «Парасат» орденін табыстады.

Министр бәсекеге қабілетті кадр даярлау мақсатында Қазыбай Құдайбергенұлының жарты ғасырдан астам елеулі еңбек еткен ұлағатты ұстаз екенін атап өтті. Ғылым саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, жоғары оқу орнының өркендеуіне әлі күнге дейін үлес қосып келе жатқан ғалым екеніне тоқталды.  

Қазыбай Құдайбергенұлы – Мәскеудегі Педагогикалық білім беру халықаралық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Ол 200-ден аса ғылыми-проблемалық мақаланың, бірнеше монография мен оқу құралдарының авторы. Сондай-ақ, көптеген халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми практикалық конференцияларда баяндамалар жасады. 

Қазыбай Құдайбергенұлы ҚР Президентінің, ҚР кәсіподақтарының, облыстық және қалалық мәслихаттың, облыс әкімінің, университет ректорының алғыс хаттарымен, ҚР Конституциясының 10 жылдық мерекелік және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.

Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор, университет ректорының кеңесшісі қызметтерін атқарды. Он жылға жуық университет жанындағы Тарих, филология және өнер ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ғалым-ұстаздың ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 2022 жылы университет  ғылыми Кеңесінің шешімімен Қазыбай Құдайбергенұлы атындағы дәрісхана ашылды.

 

 

 

Тағы да оқыңыз: